«Smart qalamger» жобасы іске қосылды

«Smart qalamger» жобасы іске қосылды

«Smart qalamger» жобасы іске қосылды
ашық дереккөзі
ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы мен «Ақпараттық-технологиялық орталығы» қоғамдық қоры «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалары аясында және Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының негізінде ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Мырзатай Жолдасбеков атындағы залында «Smart qalamger» атты жобасымен таныстырды. ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алып отырған бұл жоба «Ақпараттық-технологиялық орталығы» қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асырылуда.  Жобаның мақсаты – Қазақстан Жазушылар одағы­ның мүшесі болып табылатын әрбір қаламгерлердің тегін веб-сайттарын жасап беру және оларға техникалық қолдау  көрсету, қалам­герлердің шығармаларын бір жерге жинақтап, олардың біртекті  элек­трон­ды базасын құру. ҚР Ұлттық мем­­лекеттік Кітап палатасының баспасөз мұрағатын пайдалана отырып, қаламгерлердің толық библио­гра­фиялық анықтамалығын жасау, олар­дың оқырманмен, шет елдік жазушылармен байланысын дамыту. Тұсаукесерде алғашқы болып сөз алған Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдеш өз сөзінде бұл жобаның маңыздылығын ерекше атап өтті. «Бұл жазушылардың өз шығармаларын қалың оқырманға қолжетімді етуіне үлкен септігін тигізеді. Елбасымыз айтқандай, жаһандану дәуірінде еліміз бәсекеге қабілетті, дамыған елдер қатарында болуы үшін «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының маңызы өте зор. «Кітап оқу қалып барады» деп дабыл қаққан зиялы қауымның да өз шығармаларын замана талабына сай ұсына білгені жөн. Уақыттың көшіне ілесе білсек, оқырман да табылады. Бұл жоба – қолына смартфон ұстаған қазіргі оқырман қауымның кітап оқуына, руханият дүниесінен алшақтап кетпеуіне қосылған үлес болады деп сенеміз», – деген пікірін білдірді. Қоғам қайраткері, ғалым, Мырзатай Жолдасбеков өз кезегінде жобаның болашағына  сенім білдіре отырып, кезінде өзінің жеке сайтын миллионнан астам ақшаға жасатқанын айтып, тегін жасалған сайттарды иеленген қаламгерлерге қызығып қалғанын әзіл араластыра жеткізді. Академик Сейіт Қасқабасов «Smart qalamger» жобасына жарқын болашақ тілеп, батасын берді. Тұсаукесер рәсімінде ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов  жазушыларға арнап жасалған веб-сайттармен жиналған қауымды таныстырып, әрі қарай жүргізу үшін сайт иелеріне сертификаттар тапсырды. Ал «Ақпараттық-технологиялық орталығы» қоғамдық қорының президенті Қанат Таңатаров жазушы қауымының жоба туралы сұрақтарына жауап берді. Осы орайда ескерте кететін бір мәселе – «Smart qalamger» жобасы мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Кітап палатасының электронды базасын жасауда серіктесіп жұмыс істеу үшін дайындалған әлеуметтік жоба арқылы енді әр жазушы өз жеке сайтын өз контентімен толтырып, өз шығармашылығын ғаламторда қалың оқырманға ұсына алады. Жаһандану дәуірінде еліміз бәсекеге қабілетті, дамыған елдер қатарында болуы үшін «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының маңызы зор. Жазушыларға жаңа заманның, уақыттың талабына сай болуға мүмкіндік беретін «Smart qalamger» жобасы жазушылар тарапынан үлкен қолдауға ие болуда.   Гауһар Тұрсынқожа