5 Шілде, 11:18 523 0 Қоғам Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Ортақ идеология болмаса... адами құндылық бағалануы екіталай 

Мемлекеттің даму болашағы – оның әу бастағы идеологиялық ұстанымының беріктігіне  байланысты. Идеология – кәдімгі екпе сияқты. Адам бойына әп-сәтте тараған екпе кез келген дертке қарсы тұра алады. Тіпті, мұны иммунитет десек те артық емес. Иммунитеті жоғары адамның тұла бойын ешбір дерт те, жат ой  да дендей алмайды. Яғни, бұл белгілі бір бағытқа қарай бет алу және сол жолдағы түрлі бұлтарыс-қалтарыстарды еңсеріп, тура мақсатқа жету.

Шыны керек, кеңестік кезеңде өмір сүрген жұрттың дені сол дәуірдегі идеологияның мықты болғанын аузының суы құрып айтады. Бақсақ, расында солай екен. Сол дәуірдің адамдары бір партияның мүддесі үшін еңбек етіп, бір ұранның астында қызмет атқарыпты. Ол ол ма, ортақ идеологияға бас ұрғаны соншалық, дәм-тұзы таусылған шақта өзімен бірге партия билетін де бірге көмуін өсиет етіп қалдырғандардың да болғанын естіген едік. Сонда бұл қандай құдыретті идеология?

 

Идеология қандай құрал?

 

Жалпы, идеология дегеніміз не? Идеология  қандай құрал? Идеология – мемлекеттің идеясы төңірегіне топтасқан әлеуметтік қатынастарды реттейтін белгілі бір құндылық. «Идеология» ұғымын ғылыми айналымға француз философы А.Дестют де Траси өзінің «Идеология элементтері» атты еңбегі арқылы енгізген. Оның пікірінше, идеолог – таптың немесе қоғамдық топтастықтың ойын білдіруші, идеялық мүддесін қорғаушы деген түсінік. Бірақ «идеология» деген сөздің кең тарауына себепкер болған адам – Наполеон Бонопарт. Ол қоғамның күнделікті өмірінен, алдында тұрған көкейтесті мәселелерден және мемлекеттің шынайы саясатына алшақ идеяларды қоштап таратушы адамдарды «идеологтар» деп атады.

Ал қазіргі заманның идеологтары кімдер? Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ұлттық идеология жөнінде көп айтылып, жиі жазылып жүр. Бірақ ұлттық идеология қандай болуы керек? Оны қалай жүзеге асыра аламыз? Осы тұрғыда нақты жүйеленген бағдарлама бар ма?

Қоғам да тірі организм. Егер байыпты ойлап қарасақ, қоғамның құрылымы адамның дене құрылысына ұқсайды. Адамның организмі тіршілік жасауы үшін дененің әрбір мүшесі бір-бірімен тығыз байланыста болып және әрқайсысы өзінің жеке функциясын атқарса, қоғам да сол сияқты, оның әрбір саласы бір-бірімен тығыз байланыста болып және әрқайсысы өзінің тиісті міндетін атқаруы керек.

Саясат – қоғамдағы билікті басқарудың әдіс-тәсілдерін іске асырудың құралы болса, имандылық – сол қоғамдағы өмір сүретін адамдардың рухани қасиетін тәрбиелеудің дұрыс жолы, ал экономика қо­ғамдағы әлеуметтік өмір тіршілігінің басты тірегі. Олай болса, осы үш сала ұлттық идеологиямыздың негізгі арқауы болуға тиіс. Сондықтан қоғамымыз дұрыс дамуы үшін, оның әуелі идеясы, осы идеяның дұрыс-бұрыстығын тексеретін оның ғылыми теориясы, сонымен қатар, оны іске асырудың тәсілдерін көрсететін стратегиясы мен тактикасы болуға тиіс. Осы айтылғандардың бәрін қосқанда ол біздің ұлттық идеологиямыз болып шығады. Алайда, бізде қайсы идеология алдыға аттандап кетті, қайсысы кешеуілдеп жатыр?

Ұлттық идеология аяқ астынан кездейсоқ пайда болмайды. Ол қоғамның сұранысы мен қажеттілігіне қарай құралады және жеке адамдардың абстрактілі ойлау қабілеті арқылы саналы түрде пайда болады. Бүгінгі күні біздің қоғамға осындай ұлттық идеология қажеттілігі туып отыр. Идеология қоғамның даму барысын зерттеп, ондағы субъектілердің мүддесі мен мақсатын анықтап, оның ішінде пайда болған қайшылықтарды дер кезінде бейбіт жолмен шешіп отыруға көмектеседі. Сондықтан идеологияның теориясы адамдарға түсінікті болып, олардың жүрегіне әсер ете білуі тиіс және логикалық жағынан дәлелді болғаны абзал.

Біздің қазіргі жастардың көпшілігінде өз Отанына, ұлтына деген патриоттық сезімнің жетіспеуінің себебі – біз олардың бойына бала кезінен бастап, ұлттық құндылықтарды сіңіру үшін дұрыс ұлттық тәрбие бере алмадық. Олардың өскен ортасы, күнделікті өмір салты батыстың немесе орыстың мәдениетіне жақын болды, сондықтан олардың психологиясы мен менталитеті соларға бейім болып өсті. Сол себепті олар туған халқының тіліне, рухани мәдениетіне, тарихына немқұрайлы қарайды. Себебі олардың ішкі жан дүниесіне, санасына ұлттық құндылықтар ешқандай әсер ете алмайды. Оған, әрине, бірінші кезекте қазіргі қоғам мен өскен ортасы және ата-анасы кінәлі.

Идеология дегеніміз – ой. Ол өздігінен ештеңе істей алмайды. Оның күші – адамдардың санасына әсер ету арқылы алға қойған мақсатына қол жеткізу үшін, оларды соған ұйымдастыра білуінде. Егер идеология адамдардың сана-сезімі мен көңіл-күйіне әсер етіп, оларды айналасында болып жатқан оқиғаларға бейжай қарап, немқұрайдылық танытуға жол бермесе, ол адамда рух сезіміне әсер ететін күшті идеология болғаны.

Бізге ұлттық идеология не үшін қажет дейтін болсақ, біз қазір өтпелі кезеңді басымыздан өткеріп жатырмыз. Қазақ халқының алдында болашақта ұлттық тәуелсіздігімізді, болмысымызды, мүддемізді, құндылықтарымызды, тілімізді қалай сақтап қаламыз деген сауал тұр. Ұлттық идеология осы сұрақтарға теория жүзінде негізделген, ғылыми дәлелденген объективті жауап беруі керек. Егер де қоғамдық-саяси жағынан алып қарайтын болсақ, қазақ халқы бірнеше ғасыр бойы Ресейдің боданы болып, бастарында билігі болмады, сондықтан да бұл жағдай ұлттық сананың қалыптасуына кедергі келтірді. Соның кесірінен осы кезге дейін «ұлттық болмыс», «ұлттық мүдде», «ұлттық құндылықтар» деген ұғымдар қазіргі қазақтардың санасына жетпей жатыр. Сол себепті бүгінге дейін ұлттық идеологиямызды бір жүйеге келтіріп, алдымызға ортақ ұлттық мақсат қоя алмай келеміз. Әрине, егер біз тек қана қарын тойдырудың қамында жүрген тобыр ғана болсақ, ұлттық идеологиясыз да күн кеше беруіміз мүмкін. Ал егер өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді сақтауға деген құштарлығымыз арқылы әлемдік өркениет көшіне енуге ынталы халық болсақ, онда рухани құжат бірінші кезекте біздің санамыз үшін қажет. Сана сілкінбейінше, санадағы ескіні өшіріп тастамайынша бәрі бос әңгіме.

 

«Рухани жаңғыру» – идеология ұстыны болды ма?

 

Осыдан 2 жыл бұрын еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланды. Бұл мақала еліміздің руханият саласына жаңа серпіліс әкеліп, тың жобалардың туындауына жол ашқаны белгілі.

Елбасы мақаласының әлқиссасында «Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес» екенін айтты. Дегенмен, «әуелі экономика, содан кейін саясат» бағытын ұстанған еліміз үшін руханият үшінші-төртінші орынның деңгейіне түсіп кетпесе де, экономика мен саясаттан кейін қалғаны мәлім еді. Сондықтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы әсіресе, «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген тұсы руханиятқа сусап жүрген, балакөңіл халықтың көкірегіндегі ұлттық шерін қозғап, жанына жылу сыйлады. Сонымен, бағдарлама неге мүмкіндік берді?

Біріншіден, Елбасы мұнда қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауға пәрмен берді. 2025 жылға дейін толық ауысып болуды көздеген жоба 2017 жылы 27 қазан күні Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілді. Қазақ тілінің латын әліпбиі нақтыланды.

Екіншіден, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынды. Бүгінге дейін бұл жоба бойынша 30-ға жуық кітап аударылды. Алғашқы жылдың өзінде-ақ алғашқы 18 кітап аударылып, республиканың барлық оқу орындарына таратылды.

«Үшіншіден, әр қазақ «Туған жерге туыңды тік» деген сөздің мәнін ұғына түсті. «Туған жер» бағдарламасы арқылы әр азамат өзінің кіндік қаны тамған жеріне оралып, өз ауылына жан-жақты көмектесуді үрдіске айналдыра бастады.

Төртіншіден, халықтың санасына қасиетті орындар ұғымы сіңірілді. Оған «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы көмекке келді. Еліміздің негізгі рухани құндылықтарын ерекше түлеткен, халықтың тарихи жадын дүр сілкіндірген жоба осы – «Қасиетті Қазақстан картасы» бағдарламасы болды. Аталған жоба бойынша жалпыұлттық деңгейдегі 100 нысан толық жасалып шықты. Бұл жекелей алғанда 185 объектіні құрайды. Оларды 3D нұсқамен картаға енгізгенде, әрқайсысы жеке-жеке жасалды. Сол сияқты «100 жаңа есім» иелері танылып, көпке үлгі бола білді.

Бір айта кетерлігі, екі жыл бойы әкімдіктер, жоғары оқу орны, тіпті мектептер де «Рухани жаңғыру» бағдарламасын желеу етіп, шара өткізуден қолы тимеді. Әрине, мұның кейінгі ұрпақ тәрбиесіне тигізер ықпалы болса, бек қуанар едік. Бірақ кейде асыра сілтеп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының логотипін жабыстырып, мән-мазмұны жоқ басқосулар өткізгенді де көз көрді. «Бұл бөлінген ақшаны игеру ме, әлде қалай?» деген сауал да көкейде тұрғаны рас.  Осыған орай қазіргі Президентіміз, сол кездегі ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «рухани жаңғыруды» науқаншылдыққа айналдырып, кез келген жерге тели берудің артық екенін айтқан болатын.

 

Біздегі идеолог: Әкім орынбасары ма, әлде...

 

Аймақтарда мемлекеттік қызметте бұл салаға көбінесе әкім орынбасары мен Ішкі саясат басшысы жауапты. Мәдениет, руханият, білім және денсаулық саласы, қысқасы әлеуметтік мәселелердің тетігін уысында ұстайды.  Бір өкі­ніштісі, бізде әкім орнықты болғанмен, оның орынбасарлары жиі ауысады. Былайша айтқанда, жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді немесе бастаған ісін соңына жеткізбейді. Әрине, бұдан кейін қолға алған жоба өз нәтижесін бермейді.

Әкім орынбасары дегенде, бүгінде Алматы қаласының әкімінің орынбасары Арман Қырықбай, Атырау облысы әкімі­нің орынбасары болған Шыңғыс Мұқан, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Мақсат Сқақовтар ойға оралады. Мәселен, кезінде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметінде болған Арман Қырықбай ақын Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойын өткізгеннен кейін көпшіліктің алғысына бөленген еді. Әкімдік ең алдымен алты Алаштың ардағы, аты аңызға айналған ақиық ақынның еңселі ескерткішін қоюды қолға алды. Себебі, «Уа, дариға – алтын бесік, туған жер» деп Отанға, туған жерге деген зор сүйіспеншілігін, ыстық сезімін өлеңмен өрнектеп кеткен асыл перзентінің туған жерінде ескерткішінің болмауы көпшілікті көптен ойлантып жүрген жағдай болатын. Бұдан бөлек «Қасым» әдеби-мәдени журналы жарық көріп, Қасымға байланысты бірнеше кітап басылып шықты. «Жыр жазамын жүрегімнен» атты ақын өлеңдеріне жазылған әндердің СD дискісі шығарылды. Осындай игі жаңалықтардың қатарында ақын туралы деректі фильм мен бейнефильмнің түсірілуін, ақын шығармашылығына арналған арнайы ғылыми-танымдық сайт тұсауын кесті. Осының бәрі болашақта жастарды отансүйгіштікке, өнерді сүюге, арыстарымызды бағалауға тәрбиелейтін рухани құрал болары сөзсіз. Мұны идеология демей көріңіз!

Алматы қаласы әкімдігі жыл сайын өтетін «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» ха­лықаралық этнофестивалінің ұйымдастырылуына мұрындық болуда. Осындай ұлттық салт-дәстүр, ұлттық әдет-ғұрып насихатталатын шаралардан  әкім де, әкім орынбасары да тыс қалмайды. Ұлы даламыздың көшпенділер мәдениетін халықпен бірге тамашалайды, халықпен бірге қол соғады.

Ал 27 жасында Атырау облысы әкі­мінің орынбасары болған Шыңғыс Мұқанның негізгі мамандығы – журналист. «Болашақ» бағдарламасы арқылы Америкадағы Гарвард университеті Кеннеди басқару мектебін тәмамдаған ол өңірдің идеологиясына қатысты дүниелердің іске асуына шама-шарқынша үлес қосты. Әсіресе, аймақтағы кейбір отбасы мүшелерінің жат ағымның жетегінде кетпеуіне барынша күш салған әкімдік талай шаруа тындырды. Шыңғыс Мұқан баспасөзге берген бір сұхбатында: «Діннің мәселесімен тек діндарлар ғана емес, қоғамның барлық өкілдері айналысуы тиіс. Махамбет театры «Хақ жолы» спектаклін қойды. Бұл тақырып театр тарихында тұңғыш рет көтерілді. Үкілеп баптап өсірген ұлын Араб еліне оқуға жіберген отбасы жөнінде. Дұрыс емес, бұрыс ілімді оқып келген жігіт ортаны бұзады, әке-шешесіне қарсы шығады, ең соңында жа­рылыс жасап, темір торға қамалады. Түрмеде жатқанда қайғыдан қан жұтқан анасы бақилық болады. Жас жігітке өмірдің мәнін түсіну үшін барынан айырылу қажет пе еді?.. «Өмірзая» көркем фильмі де дәстүрлі дін жолындағы және деструктивтік ағым жетегінде жүрген екі жігітті бейнелейді. Барлық облыстық телеарналардан көрсетілді. Бұл тақырып та ұлттық кинематография тарихында алғаш рет көтерілді…» деген еді. Осы мақсатта бір жылда 182 мыңнан астам тұрғынның қатысуымен 1300-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, теріс ағымдар адами қасиеттерден айырған осындай жастардың санасын ояту үшін 80 мың дана ақпараттық материал таратылған. Бұл да ұлттық идеологияны сақтап қалуға жұмылдырылған күш. Бүгінде Шыңғыс Мұқан «Мазмұндама» қоғамдық қорының жетекшісі.

Сондай-ақ, Маңғыстау облысы әкімі­нің орынбасары қызметін атқарған Мақсат Сқақов та «Болашақтың» түлегі. Осы бағдарламаның  мерейтойында көсіле сөйлеген Сқақовқа Елбасы Н.Назарбаев та сүйсіне қол соққаны есімізде. 41 жастағы лауазымды тұлға еңбек жолын 2000 жылы ҚР Ішкі істер органынан бастап, ҚР Президентінің күзет қызметінде, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде, ҚР Мәдениет, Білім және ғылым министрліктерінде, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі, ҚР Мәдениет және ақпарат  министрлігінің тіл комитетінің төрағасы қызметін атқарған. 2017-2019 жылдар аралығында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болған ол үндемей жүріп талай іс бітіруге болатынын айтады.

Соңғы жаңалықтар