Жаңалықтар

80 тонна гуманитарлық көмек Арысқа жол тартты

ашық дереккөзі

80 тонна гуманитарлық көмек Арысқа жол тартты

«Нұр-Сұлтан қаласы Арыспен бірге» деген жазуы бар 20  тонналық 4 жүк көлігі Арысқа қарай жолға шықты.  Кәсіпкерлер мен жастар ұйымдарының, әкімдік өкілдерінің күш салуымен елорда халқынан жиналған гуманитарлық көмектің екінші легі Арысқа жөнелтілді. «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы, Асхат Налшыбектің айтуынша, астаналық тұрғындар Арыстағы ағайынға барынша белсенді көмек жинап жатыр. "Елорда халқы Арыстағы апатты күйзеле қабылдағанын көмектесуге ниетті адамдардың молдығынан байқауға болады. Өзім де Арыстың тумасымын. Осында оқуға түсіп, жұмысқа орналастым. Қиын кезде зардап шеккен жұртқа көмек қолын созып жатқан нұрсұлтандықтарға Арыстың тумасы ретінде алғыс айтамын. Өз замандастарымыз қаржылай көмек жинау үшін бірлесіп барып қан да тапсырды. Соның ақшасын корпоративтік қорға аударды», –  дейді белсенді жас.   Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Каналимов Арыс қаласындағы үйлерді қалпына келтіруге 19 құрылыс жасағы қатысатынын айтады.  «Алғашқы екі күнде мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар Арысқа көмек ретінде бір күндік еңбекақы есебінен 200 млн теңге аударды. Кеше 3 жүк көлігі шыққан, бүгін төртеуін аттандырып отырмыз. Ал ертең тағы 3  жүк көлігін жібереміз.  Қала әкімінің тағы бір орынбасары құрылыс мамандарымен Арыста жүр. Біздің ұсынысымызды елорданың құрылыс компаниялары қолдап, 19 құрылыс жасағы құрылды.Әр жасақта кемінде 10 маман бар. Құрылыс материалдарын да өзіміз алып барамыз. Бірінші үй иелерімен бірге әр үйдің ақау актісі жасалады. Сол бойынша 9-сектордағы 500 үйдің қайсысын жөндеу керектігі белгілі болады. 19 жасақ палата қалашығында жатып, бір айдың ішінде үйлерді қалпына келтіреді. 50 ерікті жас барып, тұрғындардың көшуіне көмектеседі. Қазірдің өзінде 50 ерікті студент медициналық көмек көрсетіп жүр», – дейді Нұр-Сұлтан Ерлан Каналимов.