Жаңалықтар

Түркі әлемін біріктірген жиын

ашық дереккөзі

Түркі әлемін біріктірген жиын

Апта басында Нұр-Сұлтан қаласында Халықаралық Түркі академиясының ұйытқы болуымен «Ұлы Дала» ІV Гуманитарлық ғылымдар форумы өтті. Әлемнің бірнеше мемлекетінен келген ғалымдар мен мемлекет, қоғам қайраткерлерінің басын қосқан кезекті шара «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» деп аталды. ІV Гуманитарлық ғылымдар форумы «Түркі мемлекеттігінің қалыптасуы мен даму тарихы», «Ұлы дала өркениеті және әлемдік мәдениетке қосқан үлесі», «Түркі әлемінің әдебиеті мен фольклортануындағы өзекті мәселелер», «Түркі әлемінің этномәдени ерекшеліктері», «Қазіргі түр­кітану: жаңа көзқарастар мен тәсілдер» және Еуразиядағы интеграциялық үрдістер: кеңістік пен уақыттың көкжиектері» атты 6 тақырыптық секция бойынша өтті. Бұл секциялар Түркі дәуірінен бастап қазіргі интеграциялық үрдістерге дейінгі аралықты қамтиды. Әлемдік танымал мамандар арасындағы ғылыми байланыстарды нығайту, ой-пікір алмасу, жаһандық мәселелерді шешетін кеңестерді ортаға салу халықаралық форумның негізгі міндеті болып белгіленді. Форумға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Моңғолияның тұңғыш президенті Пунсалмаагийн Очирбат, Әзірбайжан Республикасының тұңғыш премьер-министрі Гасан Гасанов, Қырғыз Республикасы президентінің көмекшісі Султан Раев, Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің тұңғыш төр­ағасы Медеткан Шеримкулов және бірқатар ғалымдар мен мемлекет, қоғам қайраткерлері қатысты. Халықаралық маңызы бар шарада алғашқылардың бірі болып сөз алған Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі форумның маңыздылығына тоқталды. «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Түркі әлемінің генезисі, түркі өркениеті, Еуразия кеңістігіндегі ұлы даладағы түркі халықтарының адамзат өркениетіне қосқан үлесі, алғаш рет жылқыны қолға үйретіп, темірді игергені жайлы жазылған болатын. Арнайы жиын өткізу жөнінде тапсырма болған. Сондықтан, біз биылғы форумды осы тақырыпты талқылауға арнап, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» деп атап отырмыз. Бұл форум Алтын Орданың 750 жылдығы, Моғолстан мен Тараз құрылтайының 750 жылдығы, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінің» 950 жылдығы, шайыр Нәсимидің 650 жылдығы сияқты мерекелермен тұспа-тұс келіп отырғандықтан, біздің жиындарымыз осы­ған арналмақ», – деді Дархан Қыдырәлі. Ал форумға арнайы келген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҚР Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді. «Ұлы дала – Еуразия кеңістігін мыңдаған жылдар бойы мекендеген халықтардың тарихи шежіресінің куәсі. Батыс пен Шығыс өркениеттерін тоғыстыратын үндестік пен үйлесімнің бесігі. Ұлы дала кеңістігінде өркениеттің гүлі ерте бүршік жарып, заманалар бедеріне, күллі жаһанның игілігіне айналған құндылықтар толассыз жаңғырып отырған. Сондықтан, бү­гін­гі форумда талқыланатын тақырыптардың ауқымы кең, мағынасы терең, болашақ ұрпақ үшін тағылымы боларына кәміл сенемін. Ашық пікір алмасулар мен салиқалы сараптамалар түркітану ғылымына зор үлес қосады деп сенемін. Форум жұмысына сәттілік тілеймін», – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында. Форумның ашылу салтанатында түр­кі әлемінің дамуына үлес қосқан саяси қайраткерлер мен ғалымдарға Халық­аралық Түркі академиясының арнайы алтын төсбелгілері табысталды. Төсбелгіге ие болғандар қатарында Моңғолияның тұңғыш президенті, Әзірбайжан Республикасының тұңғыш премьер-министрі, Қырғыз Жоғарғы Кеңесінің тұңғыш төрағасы сияқты тұлғалар да бар. Сонымен қатар, форумға келген көп­ші­лік­ке жаңадан жарық көрген бірнеше жи­нақтар таныстырылды.

Әсел ӘНУАРБЕК