Жаңалықтар

«Журналист болуды армандаған екен»

ашық дереккөзі

«Журналист болуды армандаған екен»

Әзіл мен қалжыңның қара шаңырағы саналатын «Тамаша» тарландарының бірі де бірегейі – Тоқсын Құлыбековтің бала кезіндегі арманы – журналист болу екен. Төл мерекеміздің қарсаңында талантты әртістің шаңырағына ат басын тіреген едік.  Еліміздің танымал тұлғаларының тізімінде өзінің лайықты орнын алған әртіс жайлы жары Қарлығаш Оңалова ханым бір жылап, бір күліп отырып осылай еске алды. – Тоқсынның балалық шағы өзінің туған жері Талдықорған облысының Кербұлақ ауданына қарасты Қоянкөз ауылында өткен. Ата-енем діндар кісілер болған. Көзінің қарашығындай жалғызы болғандықтан, оның білімді де саналы болып өскенін қаласа керек, бастауыш сыныпта оқып жүріп-ақ «Мың бір түнді» оқып, жатқа білген. Оның үстіне атамыз өте сауатты, әңгімешіл-шежіре кісі болған екен. Өкінішке қарай, ол кісілердің көзін көрмедім, келін болып қызмет ете алмадым. Енем қайтыс болып кеткен соң некеленген екінші анамызды туған енемнен кем көрмедік. Қазақтың ертегі әлеміне ертерек кіріп кеткен Тоқсын әдебиетке құмар болып өседі. Аңыз-әңгімелер, дастандарды оқи жүріп, өзі де сол салаға бейімделе бастайды. Жазуға да икемі сол тұстан басталса керек. Онжылдықты бітірген соң, журналист мамандығын таңдап, Алматыға келеді де жолы болмай елге қайтады. Ауылындағы ескі клубта жұмыс істейді де, келесі жылы филология фаультетіне құжат тапсырып, тағы да жолы болмайды. Бірақ қа­ламен байланысты үзе алмайды. Жиі келеді. Сондағысы – театр. Көрген спек­такльдерін жаттап, оны өзінше ауыл клубында қойып жүріп, өнерге махаббаты оянады.