Жаңалықтар

Уақыттың көшімен – Қайырғали Байғалиев

ашық дереккөзі

Уақыттың көшімен – Қайырғали Байғалиев

Қазақстанның сыртқы саясат ведомствасының тізгінін түрлі салада талант-дарынымен танылған, ерекше қабілттерімен айқындалған жаңдардың ұстағанын бірі білсе, бірі біле қоймас. Солардың бірі Қазақстанның алғашқы мәдениет министрі болған Қайырғали Байғалиев. 1944-1946 жылы Мәскеудегі жоғары партия мектебінде білім алған Қ.Байғалиев 1946-1950 жылдары Көкшетау облысы партия комитетін басқарады. Ал 1950 жылдан бастап Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы мәдени-ағарту мекемелері жөніндегі комитет төрағасы,1951 жылы Қазақ Коммунистік партиясы Орталық комитетінің көркем әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі атанады. Заманның алға жылжуымен 1952 жылы жаңа құрылған республиканың Мәдениет министірлігінің басшысы лауазымына тағайындлады. Негізі сол тұстан бастап 1954 жылға дейін Қазақ КСР сыртқы істер министрі қызметін қоса атқарған. Қ.Байғалиевтің жақын досы, ақын Х.Ерғалиев өз естеліктерінде былай деп жазады: «1938 жылы Жамбыл шығармашылығының 75 жылдығына қатысқалы Атыраудан Алматыға келдім. Сол жиынға келген оралдық досым Қайырғали Байғалиев екеуміз астанадағы бір кешті филармония қорасындағы тоқал тамда тұратын атақты күйші Уахап Қабиғожиннiң үйінде өткіздік». Қ.Байғалиев бірнеше рет Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып бірнеше рет тағайындалған, Қазақстанның Коммунстік партиясы Орталық комитетінің мүшесі болып сайланған. Кеңес билігі Қ.Байғалиевтің еңбегін жоғары бағалап,»Құрмет белгісі» ордені және медальдармен марапаттаған. Қайырғали Байғалиев өмірінің соңғы жылдары мәдениет саласынан алшақтап кетпей, «Қазақфильм» киностудиясына басшылық жасады. 1962 жылы Алматыда өмірден озды. Ерекше дарындылығымен, жоғары біліктілігімен сыртқы саясатта да, мәдениет саласында да есте қалған Қайырғали Байғалиевке 1997 жылы Алматыда өзі тұрған үйінің (Достық даңғылы мен Қабанбай батыр к-нің қиылысы) қабырғасына ескерткіш-тақта орнатылды. Қайырғали Байғалиев қазақ дипломатиясында бірегей бедер қалдырған білікті әрі бекзат болмысты дипломат. Белгілі ақын, Қазақстанның халық жазушысы Хамит Ерғалиев досы туралы ой толғағанда оның ақындық өнерді өзінен кем меңгермегенін мойындап, онға жуық музыкалық аспапта ойнағандығын да жазады. Мұрағат деректеріндегі материалдарға сүйенсек, Қайырғали Байғалиұлы Орал өңірінде жауапты қызметтер атқарғанда, музыкалық оркестр құрып, дирижерлік те еткен екен. Бұл – өмірін өзгеге арнаған тұлға болмысының бір парасы ғана. Қайырғали Байғалиев ой-өрісі кең және ерекше қабілеттерге ие, қайырымды тұлға болған еді. Осы қасиеттеріне орай ол дос-жарандардың арасында үлкен құрметіне және сүйіспеншілікке ие болды деп жазады замандастары.

Олжас БЕРКІНБАЕВ, журналист,

"Дарын" Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты