Жаңалықтар

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУДІҢ ЗАМАНАУИ БАҒЫТТАРЫ

ашық дереккөзі

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУДІҢ ЗАМАНАУИ БАҒЫТТАРЫ

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті еліміздегі мұғалім кадрларын даярлайтын жоғары оқу орындарының базалық орталығы болғандықтан, жаңа ғасырдың жаңа педагогтарын даярлау жөніндегі тың ойлар мен бастамалар осы университеттен бастау алатыны бекер емес. Бұл жаңашылдық өзінен-өзі келмейтіні ақиқат. Ол педагог кадрларын жаңаша дайындауға бағытталған тың ізденістерден, зерделі зерттеулерден, озат тәжірибелерден, шетелдік жоғары оқу орындарында өмірге келген инновацияларды енгізуден туындайтын құндылықтар. Осыған байланысты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Такир Оспанұлы Балықбаевтың бастамасымен оқу орнында екі жылдан бері заманауи талаптарға сәйкес келетін жаңа мұғалімдер даярлаудың жолдары мен әдістерін іздестіруге батыл қадамдар жасалып отыр. Өткен мамыр айында Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін Ресей, Беларуссия, Армения, Қазақстан және Қырғызстан, ТМД құрамындағы басқа да мемлекеттердің педагогикалық жоғары оқу орындарында жас педагогтар даярлаудың жайына арналған халықаралық жиын өткізілсе, ал енді маусым айында Абай университетінде «Педагогикалық білім берудің қазіргі заман үдерістері» тақырыбында өткен халықаралық форумда да бұл өзекті мәселе түбегейлі талқыланды. Кембридж (Ұлыбритания), Магдебург (Германия), Окаяма университеттері (Жапония), Чжэ-цзян политехникалық университеті (ҚХР), Шяуляй университеті (Литва), Ювяскюл университеті (Филяндия), Түркияның Ускудар, Гази, Ахи-Евран университеттері, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (Ресей), Назарбаев университеті мен көптеген халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқан бұл жиын Алматыдағы «Рахат палас» қонақ үйінің мәжіліс залында өтті. Форумды ашқан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Т.Балықбаев күн тәртібіне қойылып отырған мәселенің өзектілігіне тоқталды.