Жаңалықтар

Медицина саласында мейірімділер істейді

ашық дереккөзі

Медицина саласында мейірімділер істейді

Түркістан облысында Кентау атты қала бар. Шағын қала. Қазір гүлденіп келеді. Таудың қойнауында орналасқан шағын қаланың өз тіршілігі бар. Таза. Қазір халық саны күрт артып келеді. Сервистік қызмет те жоғары. Жарық дүниеге келген сәбилер көз қуанышқа айналып келеді. Тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы артқан. Ана мен бала өлімі қарағанда азайған. Мұның себебі неде? Ең алдымен халықтың сауалуатты өмір салтын қалыптастыру бағытында қомақты жұмыстар істелінуде. Әрине бұл орайда ақ халатты абзал жандардың еңбегі ұшан теңіз екендігі сөзсіз. –Біздің басты міндетіміз – тұрғындардың денсаулығын нығайту. Қазақстан денсаулық сақтау саласында ЭЫДҰ елдерінің стандарттарын біртіндеп енгізуді көздейтін денсаулық сақтау жүйесін дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаның басты мақсаты — 2020 жылға қарай Қазақстан халқының өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін ұзарту,–дейді бізбен әңгімесінде Кентау орталық қалалық ауруханасының бас дәрігері Гүлбану Жұмағалиқызы Сыздықова. Расында да қазіргі уақытта Кентау қаласындағы емхана заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Атап айтар болсақ, Кентау орталық қалалық ауруханасының базасынан инсульт орталығынын ашылуы тұрғындардың алысқа сабылмай, осында қаралуына мүмкіндік берді. Орталық анығын айтқанда, бас миының компьютерлік томографиясы инсульттың және бас ми жарақатына нақты диагноз қоюға мүмкіндік береді. Осыған байланысты бүгінгі таңда Кентау орталық қалалық ауруханасында инсультпен сырқаттанған науқастар ем қабылдай алады. Ал бұған дейін сырқаттар Түркістан қаласы инсульт орталығына барып толыққанды диагнозын алып келген. Енді олар алысқа сабылмайды. Optima 540 компьютерлік томографиясы жергілікті бюджеттің қаржыландырумен 2018 жылдың шілде айында сатып алынып орнатылды. Бұл жергілікті халыққа да жақсы болды. Компьютерлік томография сырқаттанудың ерте кезеңін анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы ісіктер, басқа да қабыну процестері, сүйек құрылымындағы аурулары. Қиын жағдайларда контрастпен ағзаны тексеруге мүмкіндіктері бар, ол үшін қосымша инжектор құралы орнатылған. Әрине, мұның барлығы Елбасы тапсырмасына орай жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Қазір қалалық аурухананың ауқымы кеңейіп, шаһар айналасындағы халыққа да қызмет көрсетуде. 2019 жылдан бастап Кентау орталық қалалық ауруханасының базасында Кентау қаласы мен оған қарасты ауыл тұрғындарына орталықтандырылған зертхана қызмет көрсетуде. Атап айтқанда биохимиялық, сералогиялық, клиникалық, гемотология, когулограмма, ИФА, БАК, циталогиялық зертхана талдаулары автоматтандырылған медициналық зертханалық құрал-жабдықтармен талдама қорытындылары беріледі. Әрине жыл сайын халықтың демографиялық өсімі артып келеді. Мұндай жағдайда денсаулығына ем іздеген халыққа шипа беру – денсаулық саласы мамандарының ісі. Бұл орайда Кентау орталық қалалық ауруханасы 200 000 халыққа қызмет көрсетуде. Ауруханада бүгінгі таңда 50 күндізгі, 10 ақылы және 322 стациоонарлы төсек бар. Мұндағы ақ халатты абзал жандардың қызметі сапалы. Пациенттердің оларға ризашылығы шексіз. Елбасы, еліміздің Тұңғыш президенті Назарбаев өзінің Жолдауында да цифрлы технологиялар арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажеттігін атап көрсеткені біелгілі. –Бұл орайда Кентау қаласында бүгінгі таңда стационарда жататын науқастардың электронды тіркелімі, емдеуге жатқызу порталы және емханаға бекітілетін халықтың тіркелімін және басқаларды әзірлеу жұмыстары жолға қойылған. Цифрландыру бағдарламасы денсаулық сақтау жүйесін, үйге жедел жәрдем мен дәрігерді шақырудан бастап бүкіл профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтерді толық қамтуы тиіс. Бұл ретте Елбасы тапсырғандай, біз денсаулық сақтау саласын цифрландыру арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, халық үшін қолайлы медицина жасауға тиіспіз, – дейді Кентау орталық қалалық ауруханасының бас дәрігері Гүлбану Жұмағалиқызы. Расында да, 2019 жылдың қаңтар айынан бастап Кентау орталық қалалық ауруханасы және оған қарасты бөлімдерінде науқастар тарихы тегіс электронды тіркеуге өткен. Аурухананың қабылдау бөлімі цифрлық SOS «Комек» бағдарламасымен жабдықталған. Аурухана бөлімдері 100 пайыз компьютерлік техникамен жабдықталған. Дәрігірлердің біліктілігін арттыру жұмыстары да жүргізілуде. Қазіргі уақытта хирургиялық, гинекологиялық, потологиялық оталар лапараскопиялық әдіспен жасалуда. Сондай-ақ 2019 жылдың басынан бастап ауруханада 20 төсекті инсульт орталығы қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңға дейін 50 науқасты емдеп шығарғанын айта кеткен жөн. – Дәрігердің негізгі міндеті – науқасты сырқатынан айықтыру, оның хал-жағдайын жақсарту, аурудың алдын алу. Міне, осы міндеттерді орындау барысында дәрігер мен сырқат жанның арасында күрделі қарым-қатынас туады. Осы қарым-қатынас дұрыс болуы үшін дәрігердің бойында көптеген жақсы қасиеттер болуы шарт. Мұның бәрін бір сөзбен сипаттасақ, жақсы дәрігерде «медициналық» мінез қалыптасуы керек. Әрине, мамандық иесінің білімін жетілдіру қай салада болсын керекті жайт. Бірақ дәрігерлік қызметте оның маңызы ерекше. Өйткені біріншіден біздің мамандық адам-ның денсаулығы және өмірімен тікелей байланысты, ал бұл өмірде адам денсаулығынан артық байлық жоқ. Екіншіден, медицина саласында өзгерістер мен жаңалықтар жиі болып жатыр. Сондықтан өз қызметінің жоғары шыңына жетемін деген әрбір дәрігер өз саласында болып жатқан емдеу немесе диагностика жаңалықтарын күнделікті тәжірибесінде кеңінен қолданып отыруы керек, – дейді бас дәрігер Гүлбану Жұмағалиқызы. Денсаулық сақтау саласында 30 жылдан астам істеген Гүлбану Жұмағалиқызы шындығында да іскер басшы. Ана мен балаға бақыт сыйлаған дәрігер денсаулық саласының үздігі. Ендеше медицина саласында мейірімге бөленген жанның қызметіне сәттілік тілейміз.

Мира МЫРЗАҒАЛИҚЫЗЫ