Бірлесе атқарған іс баянды болмақ

Бірлесе атқарған іс баянды болмақ

Бірлесе атқарған іс баянды болмақ
ашық дереккөзі

Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың елімізде жүргізіліп отырған барша реформаларды халыққа түсіндіру туралы тапсырмасын орындау мақсатында Төрағаның Бірінші орынбасары бастаған партияның үгіт-насихат топтары өңірлерге шықты.

Осыған орай 20 қарашада Асқар Мырзахметов Павлодар облысында партия белсенділерімен жүздесіп, алдағы атқарылатын ауқымды шаралармен таныстырды.

Павлодар мұнай-химия зауытындағы бастауыш партия ұйымы өкілдерімен және «Еркін пікір» сұхбат алаңы шеңберінде Павлодар облысының жастар ұйым­дарының көшбасшыларымен кездесті. Ақсу ферроқорытпа зауыты жұмысшы­ларымен кездесіп, еңбек қарым-қатынас­тарын реттеудегі партия бастамалары жөнінде әңгімеледі.

Сондай-ақ сапар барысында партия Төрағасының Бірінші орынбасары облыстық мәслихаттағы партия депутаттық фракциясының көшпелі отырысына қатысып, «Нұрлы жол» бағдарламасына Ұлттық қордан бөлінетін қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қадағалау мәселелерін талқылады.

Павлодарлық нұротандықтармен кездесу барысында Елбасы, партия Төрағасы тарапынан  Бес институттық реформа мен  «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға байланысты партияға мемлекеттік реформаларға қатысты барша түсіндіру жұмыстарын жүргізу жүктелгендігі айтылды.

– Мемлекет басшысы Бес реформаны және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында атқарылып жатқан шаралар туралы халыққа ақпарат тарату бойынша партияға артылар жауапкершілік жүгі салмақты екенін атап өтті. Осы орайда партияның барлық аймақтық бөлімдерін ауқымды жұмыс күтіп тұр. Аталған тапсырма бойынша партиялық топтар өңірлерге шығып, жер-жерде түсіндіру жұмыстарына кірісіп кетті, – деді ол.

Төрағаның Бірінші орынбасары Ұлт жоспарын халыққа түсіндіру жұмыста­рының тетіктері жайлы айта келе, осыған орай партияда жалпыұлттық жобаларды халыққа насихаттаудың нақты іс-шаралар тізбегінен құралған арнайы жоспар бекітілгенін жеткізді.

Осы құжатқа сәйкес, қазірдің өзінде Орталық аппараттың 40-қа жуық жауапты қызметкерлерінен құралған 8 арнайы топ еліміздің барлық өңірлерінде қабылданған мемлекеттік бағдарламалар және партия Доктринасында көзделген міндеттерді іске асыру жөніндегі талаптарды түсіндіру туралы көшпелі семинарлар өткізуде.

Оған қоса, ҚР Парламент депутаттары, Орталық мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялардың, Ұлттық Банктің, «Атамекен» ҰКП өкілдері, партия Саяси кеңесінің мүшелері, сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, ғылыми, шығармашылық интеллигенция, Қазақстан халқы ассамблеясы, жастар ұйымдары өкілдерінен құралған республикалық спикерлер пулы жасақталмақ.

Сонымен бірге, Ұлт жоспарын кеңінен түсіндіру, насихаттау үшін арнайы Медиа-жоспар қабылданды. Оның негізінде партиялық БАҚ-та, радиостанциялары мен интернет порталдарда, әлеуметтік желілерде арнайы айдарлар ашылуда. «Нұр Отанның» Орталық аппаратында құрылған Баспасөз орталығында аптасына екі рет партияның жауапты қызметкерлері, әріптестері, сарапшылар «100 нақты қадам» жоспарын орындауы бойынша халыққа мәлімет бере бастады.

Төрағаның Бірінші орынбасары Елбасы реформаларының басты мақсаты – елдің әлемдік бәсекелестікке бейімделген әлеуметтік-экономикалық қатынастың жаңа моделін қалыптастыру болып табылатынын айрықша атап өтті.

Бес институттық реформаны жүзеге асырудың заңнамалық негізін қалып­тастыру бойынша, партияның Парламент Мәжілісіндегі фракциясы ауқымды жұмыс жүргізген. Депутаттар 59 заңды қабылдап, олардың 37-сін Елбасы бекітті. Атап айтқанда, «Міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру туралы», «Жер кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы», «ҚР Мемлекеттік қызметі туралы», «Ақпараттың қолжетімдігі туралы», «Қоғамдық кеңестер туралы», «Өзін-өзі реттеу туралы», «Ауыл шаруа­шы­лық кооперативтері туралы», кәсіпкерлік қызметті реттейтін бірқатар заңдар.

Жиын барысында, сондай-ақ пар­тиялық қызметті жүйелендіруге, күшейтуге бағытталған 21 регламенттік құжат бекітіл­гені айтылды.

«Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айзада Құрманова партия филиалының атқарылған жұмыстарына тоқталды. Атап айтқанда, «Нұрлы жол» бағдарламасына енген жобалардың жүрісін бақылап, бөлінген қаржының қайда, қалай жұмсалып жатқанын анықтап, жұмыс­шыларға арналған әлеуметтік міндеттеме­лердің уақытылы төленуін қамтамасыз ету мақсатында арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді.

– Жыл басынан бері партияның аймақтағы құрылымдары өз мүшелерінің сапалық құрамын жақсартуға көп көңіл бөлді. Есептік кезеңде «нұротандықтардың» қатары 3515 адамға толықты. Сонымен қатар «Жас Отан» жастар қанатының жұмысына да жоғары баға беруге болады. «Сәтті қадам» партиялық жобасы табысты жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында 20 ірі компаниямен меморандум жасалды. Қол қойылған құжаттың арқасында 60-тан астам жас ірі кәсіпорындарда үш айлық тәжірибеден өтуге мүмкіндік алды, – деді ол. Жиында халық қалаулылары да сөз алды. Облыстық мәслихат депутаты Александр Терентьев партиялық бақылау әрі қарай да күшейіп, қоғамның өзекті мәселелерін шешуде аянып қалмайтынын жеткізді.

Бастауыш партия ұйымдары қойған сұрақтарға жауап бере келе, Төрағаның Бірінші орынбасары Кадрлық резервтің жай-жапсарына тоқталды. Оның құрамы бастауыш ұйымдардың белсенділері мен партия белсенділерінен, «Жас Отан» Жастар қанаты және белсенді жастар мен партия аппаратының қызметкерлерінен жасақталатыны айтылды. «Электронды партия» жобасы аясында мемлекеттік органдардың және партияның электрондық құжат айналым жүйелері ұштастырылып, партиялық жарналарды интернет арқылы төлеудің онлайн жүйесін енгізу бойынша жұмыстар атқарылуда. Оған қоса, қарапайым қазақстандықтардың мәселелерін жедел анықтап, оны уақытылы шешу үшін ахуалдық орталық құру жоспарланған.

A26J7017RE

Партияның қоғамдық қабылдауларына биылғы жылдың он айында 73 мыңнан астам өтініш тіркелген. Осы орайда жұмыстың нәтижелілігін арттыру мақ­са­тында қажетті шешім қабылдауға құзыреті бола тұра мәселені шешпегендер анықта­лып, оларға шара қолдану жүйесі енгізілген. Оған қоса халықтың проблемалары, бағдарламалардың іске асырылуы, сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылықтар бойынша «Жедел желі» және «WhatsAPP» мессенджері іске қосылмақ. Жиында өңірлердегі жұмысты жүйелі әрі сапалы атқару үшін партия филиал­дарының институтты нығайтылғаны, олардың  кадрлық әлеуетінің арттырылғаны көрсетіліп, ендігі жерде талаптың да артатыны айтылды.

Сапар барысында Төрағаның Бірінші орынбасары «Еркін пікір» сұхбат алаңында облыс жастарымен кездесіп, «Жас Отан» жұмысын нақты бағытқа ауыстыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде пікір алмасты. Атап айтқанда, жастар саясаты саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына бақылау орнату қолға алынғандығы мәлім­денді. Осы орайда мемлекеттік жастар саясатының тиімділігін бағалау және интернет пен әлеуметтік желілерде жастар­дың әлеуметтік көңіл күйіне тұрақты мониторинг жүргізудің жаңа ережесіне сәйкес, қазақстандық патриотизмді нығайту, жастар құқықтарын қорғау, «таза сессия» акциясын іске асыру үшін ірі жоғары оқу орындарында партиялық топтар құрылатыны жайлы сөз болды.

Жұмыс сапары барысында бастауыш партия ұйымдары өкілдерімен кездесулер өткізген Төрағаның Бірінші орынбасары БПҰ-ның материалдық-техникалық және әдістемелік базасын нығайту жұмыстары қолға алынғандығы және бұл мәселе 2016 жылы түпкілікті шешімін табатынын жеткізді. Сондай-ақ партия мүшелерінің сапалық құрамын экономика саласындағы қызмет етіп жүргендер, яғни ірі кәсіп­орындар мен шағын және орта бизнес өкілдері және агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлерінің есебінен кеңейту керектігі айтылды.