Жаңалықтар

Он бағыт – оң нәтижеге жетелейді

ашық дереккөзі

Он бағыт – оң нәтижеге жетелейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімі кезінде ел көлемінде алдағы уақытта атқарылуға тиісті жұмыстың басты 10 бағытын атап өтті. Президент негізінен қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге назар аударды. Бұған соңғы кезде елімізде қордаланып қалған түйткілдер себеп. Мәселен, Президент бірінші бағытында халықтың табысын арттырып, экономикалық өсімді қамтамасыз етуге басымдық беріп, «Азаматта­рымыз өз елінде алаңсыз өмір сү­ріп, мақтан тұту үшін экономикалық өсім болуы керек» деді. Ал  екінші бағытында сыбайлас жемқорлықты жоюға шақырды. 1 қыркүйекке дейін сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша реформалар топтамасы дайындалатынын ескертті. Үшінші бағыты сот және құқық қорғау жүйесін реформалауға арналса,  төртінші бағыт жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамтамасыз етуді қамтыды. «Ұлттық табысты әділ бөлу – стратегиялық маңызды міндет»,  – деп атап өтті Президент. Бесіншісі – күн тәртібіндегі күйіп тұрған баспана мәселесін шешуге бағытталмақ. Бұдан былай халықты сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі басты назарда болады. Алтыншы бағыт – әділетті әлеуметтік саясат. Бұл бойынша адами құндылықтарды дамыту бағыты жалғасады. Жетінші бағытта өңірлерді дамытудың жаңа бағдары сөз болды. Бұған дейін де айтылғандай, «Қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан» бағыты жалғасады. Жергілікті өзін өзі басқару жүйесі нығайтылмақ. Сегізінші, рухани жаңғыру үрдісі жалғасады. Тарихқа құрмет, Отанға адал болу – асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер Қазақстан халқының жасампаздығын нығайтады. Тоғызыншы, сыртқы саясатта Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы беделі айқындала түспек. Қазір еліміздің сенімді серіктес ретінде танылып, беделі бекіп үлгерді. Оныншы, жастарға үлкен сенім артылады. Елімізде «Жастар – ел тірегі» арнайы жобасы мен «Жас кәсіпкер» бағдарламасы одан әрі жалғасады. Жастарды мемлекеттік қызметке көптеп жұмылдыру үшін президенттік кадр резерві құрылады.

Динара Мыңжасарқызы

«Turkystan»

  Атамұрат Шаменов, экономист: Ұстаздар қауымы тұрғын үй  дегенде елең ете қалдық – Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет дамуының 10 бағытын атап өтті. Экономикалық өсім, жемқорлықпен жүйелі күрес, әділ сот, жаңа жұмыс орындарын ашу, әртүрлі санаттағы қызметкерлерді баспанамен қамту мәселесі, ұстаз бен дәрігердің беделін көтеру, көпвекторлы Қазақстанның дамуы, тағы басқа түйткілдер сөз болды. Әсіресе, біз, ұстаз қауымы тұрғын үймен қамтамасыз ету дегенде елең ете қалдық. Біз қаншама ұрпақ тәрбиелеп келеміз. Әлеуметтік тұрмысы сын көтермейтін маманның кәсіби тұрғыдан өсуіне кедергі көп. Онсыз да жалақысы аз ұстаз қауымын баспанамен қамту үлкен мүмкіндік. Сол сияқты біз көпбалалы отбасының да дер кезінде өз баспанасына қол жеткізуіне мүдделіміз. Себебі небір дарынды, талантты балалар осындай отбасынан шығады. Олардың жан-жақты дамуы үшін әуелгі кезекте баспана керек.