Жаңалықтар

Лаңкестер Ақ үйді жарамыз деп сес көрсетуде

ашық дереккөзі

Лаңкестер Ақ үйді жарамыз деп сес көрсетуде

ИГИЛ лаңкестік тобының содырлары өздерінің кезекті шабуылы туралы ескерту жасалған тағы бір видео таратты. Fox News телеарнасының хабарлауынша, бұл жолы лаңкестер АҚШ-тың Ақ үйін жарып жібереміз деп қоқан-лоқы көрсетіп отыр. Видеода екі ер адам АҚШ-қа қоқан-лоқы көрсетіп, "Франция бірінші болды, келесі кезек – Вашингтонта", – деген мәлімдеме жасады. Fox News телеарнасы сол видеоның кейбір фрагменттерін көрсетті. Бұл кадрлардан қолында автоматы бар сақалды ер адамды анық көруге болады. Ол АҚШ-қа үндеу тастап, Ақ үйді жаратындарын ескертті. Телеарнаның мәліметінше, мәтінді Таяу Шығыс бойынша америкалық мамандар ағылшын тіліне аударған. Мамандар видеоның түпнұсқалылығының тексеруде. Париждегі терактілерден кейін үрей буған әлем ИГИЛ содырларының ештеңеден қаймықпайтынына көз жеткізді. Франция астанасындағы 6 террорлық шабуыл кезінде 129 адам қаза тауып, 300 адам жарақаттанғаны белгілі. Шабуылға қатысы бар жеті лаңкестің көзі жойылғанымен, қылмысты ұйымдастырушылар мен өзге де дем берушілер бостандықта. Сондықтан олардың әр қимылы, әр сөзін қалт жібермей бақылап отыруға тура келеді.