Сауықпаса санасы – тойымсызға тыйым жоқ

Сауықпаса санасы – тойымсызға тыйым жоқ

Сауықпаса санасы – тойымсызға тыйым жоқ
ашық дереккөзі
 Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде еліміздің жарқын болашағы жолында істелер істердің маңызын айта келіп, ел дамуына зор пайдасы тиетін он бағыт туралы айтқан болатын. Соның екінші бағыты – жемқорлықты жоюды көздейді. «Бірінші қыркүйекке дейін  жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады. Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз», – деген мемлекет басшысының сөзі, шын мәнінде, Қазақстанның дамуы үшін аса маңызды үндеу болатын. Себебі бүгінде жемқорлықтың кесірінен талай игі бастамалар жанбай жатып, сөніп жатыр. Қайсы елдің болса да дамуына кедергі келтіріп, ілгері басқан аяғын кері кетіретін індеттің бастысы – жемқорлық. Әсіресе, қолында билік тұтқасы барлар біреудің заңды құқын аяққа таптап, өзіне тиесілі нәрсеге қол жеткізуге пара дәметіп, жолына кедергі болса – одан өткен сорақы нәрсе жоқ. Бірақ пара алуды баюдың төте жолы деп білетіндер адамшылыққа жат, заңға қайшы осы бір әрекеттен бас тартпай келеді. Пара алу кеше, бүгін пайда болған нәрсе емес, ол адамзат қоғамымен бірге жасап келе жатқан өлермен қылмыс. Десек те дамыған қоғамда бұл қылмыс мүлде аз, тіпті болмауы керек. Әлемде көптеген елдер жемқорлықты ауыздықтау арқылы ғана дамудың даңғыл жолына түскен. Ал бізде ше? Өкінішке қарай, Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналған жиырма сегіз жылдың ішінде жемқорлық індетін түбегейлі жеңе алмай келеді... Қылышынан қан тамған кеңестік дәуірде де парақорлықтың тамырына қанша балта шабылса да, ол қайта көктеп, өркен жаюын қойған жоқ. Осыны естен шығармай және алдағы кезде болмай қоймайтын осы бір індеттің алдын алу үшін ерте қамданған Қазақстан 1995 жылы «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заң қабылдаған еді. Одан беріде де мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар қабылданды. Парақорлықпен пәрменді күрес жүргізу үшін «Nur Otan» партиясы 2008 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа тегеурінді 10 соққы» деген бағдарламасын жарияласа, 2014 жылы жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын жариялап, жемқорлықпен күресті күшейте түсетінін мәлімдеген еді. Әрине, билік партиясының аталған бағдарламалар негізінде жүргізген жұмыстары нәтижесін бермей жатқан жоқ, бірақ парақорлық әлі тыйылар емес. Қайта жемқорлық бел алып, оның «дәрежесі» өсіп жатқан сияқты. («Дәрежесі» дегенде, осы іспен қылмыстық жауапқа тартылып жатқандардың арасында лауазымды адамдардың да көзге жиі түсіп жатқаны айтылып отырғанын түсінерсіздер деп ойлаймын). Егер соңғы ширек ғасырда пара алып қолға түскендердің аттарын атап, түстерін түстей берсек, кісі шошитын мәліметтерге кездесетініңіз анық. Оның талайы халыққа белгілі де. Басқасы басқа, елдің ішкі мәселесін былай қойып, сыртқы мәселесіне қатысты салаларда ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекет етуі төбе шашыңды тік тұрғызады. Мәселен өткен жылдың басында еліміздің оңтүстігіндегі үш облыс пен Алматы қаласында жүргізілген ауқымды операция кезінде отыз бес адам ұсталып, соның он алтысы қамауға алынды. Олардың арасында кеден, шекара қызметінің лауазымды тұлғалары, брокерлер, делдалдар, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері болған. Ұсталғандардың он үші – қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасындағы «Сарыағаш», «Қазығұрт», «Атамекен», «Қапланбек» шекара бекеттерінің қызметкерлері екен. Солайша сегіз ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз іс-әрекеттеріне тосқауыл қойған арнайы операция – экономикалық контрабанда, ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым мен трансұлттық ұйымдасқан топ құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу және парақорлық фактілерінің анықталуына әсер еткен-ді. Жалпы жемқорлық мәселесінде ірі не майда қылмыс болмайды. Әсіресе, шегаралық бекеттерде қаталдық керек.  Күні кеше ғана БҚО-дағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті «Сырым» шекаралық бекеті арқылы тауарлы-көліктік құжатын тексеру кезінде кәсіпкерлерден пара алып, оларды кедергісіз өткізіп отырған үш лауазымды тұлғаның үстінен сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған. Қазір жұртты қай салада жемқорлық көп деуден гөрі, қай салада жемқорлық жоқ деген сауал қызықтыратын секілді. Жоғын қайдам, барын айтсақ, кейінгі кезде жемқорлық мәселесінде денсаулық сақтау және білім салалары жиі ауызға түсетін болды. Бүгінде халықты, бар-жоғы төрт айдай ғана ҚР білім және ғылым министрі болып істеген Күләш Шамшидинованың отставкаға кетуі әрі-сәрі күйде қалдырғандай. Себебі Шәмшидиновадан бұрын үш жыл он бес күн осы министрлікке басшылық жасаған Ерлан Сағадиевтің ретті-ретсіз реформаларынан шаршаған халық бұл орынға Күләш Ноғатайқызы келгенде жүйесі шатқаяқтап кеткен білім саласында жаңалық болатынына, елімізде ұрпақ тәрбиесінің дұрыс жолға қойылатынына үміттеніп еді, сеніп еді. Бірақ амал не, қоғамға кесел болып жабысқан жемқорлық өзі басқарып отырған министрлікте қайта-қайта шаң беріп, лауазымды қызметтен кетуіне жеткізді. Атап айтқанда, осы жылы мамырдың соңында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық тестілеу орталығы» Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының бірнеше басшысы жемқорлық қылмысы үшін ұсталғаны жөнінде хабар тарады.  Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин Нұр-Сұлтандағы баспасөз-конференциясында мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Ұлттық тестілеу орталығының бас директоры (орталықты 2016 жылы басқарған) кейбір компаниялардың мүддесі үшін жұмыс істеп, сол үшін бағасы 9 миллионнан астам теңге тұратын маркасы «Тойота-Камри» жаңа автокөлігі түріндегі пара алуда күдікті деп танылған. Сонымен бірге 2017-2019 жылдарда Ұлттық тестілеу орталығының бас директоры болған тұлға да аса ірі көлемдерде пара алған. Сондай-ақ 2016- 2019 жылдарда еліміздің білім саласында мемлекетке 1,5 млрд теңге көлемінде залал келтірген 620 сыбайлас жемқорлық дерегі анықталып, 364 тұлғаның заңсыз іс-әрекеті әшкереленген. Олардың 57-сі мектеп директоры, 10-ы колледж директоры болса, 22-сі балабақша меңгерушісі екен. Білім саласының бұлайша былыққа батуы, әрине, бір жылдың жемісі емес екені анық. Бұл Күләш Шәмшидинова министр болмастан бұрын-ақ тамыр жайып, жапырағы жайқалған жемқорлық дарағы ғой. Бірақ жаңа басшы бұған қарсы шара қолданам дегенше, тағы бір қылмыстың шаңы бұрқ етті. Бұл жолғысы енді дәл министрдің кеңсесінің ішінен шықты: Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева екі айға қамауға алынды. 2017 жылы отандық БАҚ-та Суханбердиеваның «Болашақ» стипендиясына иеленгені хабарланған еді. Кейін оның стипендияны заңсыз иеленгені, тізімде оның есімі жоқ екені жазылды. Бірақ «Халықаралық бағдарламалар орталығының» басшысы Жанболат Мелдешов «байқаудың алғашқы екі кезеңінен өткендердің тізімінде вице-министрдің есімі болмауы, оның тестілеуден өз қаражатына өткендігі себепті» деп түсіндірген болатын. Кейін бұл мәселе назарға ілініп, Ұлттық бюро білім және ғылым министрінің орынбасарына қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған-ды. Ізінше Э.Суханбердиеваның екі айға тұтқындалғаны хабарланды. Міне, осының бәрі айналып келгенде Күләш Шәмшидинованың орнынан кетуіне жеткізді. Енді жаңадан тағайындалған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл саладағы жемқорлықпен қалай күресер екен? Министр орынтағына жайғасқан А.Аймағамбетовтің әуелгі сөзі де жемқорлыққа қатысты болды. «Жемқорлықпен күрес – алдымызда тұрған ең маңызды мәселенің бірі. Біз қазіргі уақытта тиісті жобалық кеңсені ашу бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сонда жемқорлықты жою бағытындағы нақты шараларды қабылдаймыз. Осы кеңседе мониторинг жасайтын топтарды құрайық деген жоспар бар. Осы топтардың мүшелігіне БАҚ өкілдерін, азаматтық қоғам мүшелерін тартамыз», – деді ол Үкіметтің баспасөз орталығында. Оның қандай жеміс берерін уақыт көрсетер, бірақ салада жемқорлық асқынып, оның құрығына басшы шенеуніктерге дейін ілінген тұста басшылыққа келген адамға індеттің ініне су құю оңай болмаса керек. Шынын айту керек, жемқорлық туралы жаза бастасаң алдыңнан андыздаған статистика мәліметтері қаптап, жемқорлықпен ұсталған қатардағы, тіпті, лауазымды қызметкерлер жайында деректер көзіңе сыймай, қапелімде қай сала туралы жазарыңды да білмей қаласың. Ұсталған, тергелген, анықталған, қылмысы дәлелденген, айыппұл төлеген, сотталған, т.б. фактілердің ұшы-қиырына жетудің өзі бір мұң. Бұл жайында біз мәлімет бермесек те, көзі қарақты жұрт оған қанық секілді. Сондықтан мұның себебі не, оның алдын-алу шаралары қалай болып жатыр дегенге тоқталсақ дейміз. Кеңестік кезеңде парақорлық мәселесімен істі болғандардың жазасы қатал болатын. Тіпті, ұзақ жылдарға сотталып, кейбір қылмыскерлерге ату жазасына дейін шара қолданылатын. Соның себебінен жемқорлық бүгінгіге қарағанда, біршама азырақ болғаны белгілі. Ал бүгінде жемқорлық неге өршіп барады? Оның басты себебі, бүгінгі нарықтық экономикада ақша табу басты мәселе болғандықтан кез келген адам өз қызметін не құзіретін пайдаланып, оңай жерден пайда табуға дайын тұрады. Мәселен, дәрігерлерге бірдеңе берсең ауру адамға дұрыс қарайды, мұғалімге сыйлық берсең баланы жақсырақ оқытады деген сияқты. Оны күнделікті көріп жүрген халық алысудан шаршап, көнбістікке еті үйреніп барады. Барлық жерде парақор деген аттан қашады, бірақ реті келсе ешқайсысы бас тарта қоймайды. Бұл қоғам өміріндегі құбылысқа айналып бара жатқан нәрсе. Ал мәселеге екінші қырынан келсек, жемқорлыққа қатысты біздегі заң әлі де жұмсақтау сияқты. Сондықтан қылмыс істегендерге салынатын айыппұл мөлшері де, бас бостандығынан айыру мөлшері де жемқорлыққа тоқтау сала алмай жатқан секілді. Жемқорлықты тоқтату үшін түрлі шаралар қолданылатыны белгілі. Біздің елде бұл мәселеде, негізінен, екі бағытта жұмыс жүргізіледі. Біріншісі, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, екіншісі жазалау. Жазалау туралы жоғарыда айтып кеттік, ал үгіт-насихат жұмыстары қай деңгейде? Ресми мәлімет бойынша, өткен жылдың бірінші жартысында «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағыты» бойынша 48 мыңға жуық ұйымға (жиыны 2 миллионнан аса адамға) дәріс оқылған. Олардың арасында 580 шетелдік компания, 7256 білім беру мекемесі және 870 мыңға жуық оқушылар мен студенттер бар екен. Шараға, әсіресе, мектеп оқушылары белсене қатысқан көрінеді. Мәселен, «Адал ұрпақ» деп аталатын клуб 23 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырған көрінеді. 2018-2019 оқу жылында 1837 театр қойылымдары ұйымдастырылып, көрермендерінің саны 140 мыңдай адамға жеткен. Сондай-ақ, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасына жиырма жыл» тақырыбындағы эссе жазу конкурсына 1043 студент қатысыпты. Өткен жылдың әуелгі алты айында жемқорлыққа қарсы іс-қимылға арналған 137 баспасөз жиыны өткізілген. БАҚ-та 3320 материал жарияланып, жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбы бойынша 901 мақала басылған. Сайттарда 15642 материал беріліп, теледидарда 1921 телесюжет көрсетіліп, радио 347 бағдарлама арнаған. Сонымен бірге бұл акцияға діни ұйымдар да атсалысып, олар тарапынан түрлі келелі кеңестер ұйымдастырылған. Ал республика көлемінде алғаш рет өткізілген «Адал жол» марафонында жарты жылда 96 ауданда 1103 іс-шара өткізіліп, оған 275473 адам қамтылған екен. Міне, азғантай уақыт аралығында осыншама шара ұйымдастырылып, жемқорлыққа қарсы кең көлемде пәрменді жұмыс жүргізілгеніне қарамастан пара беру не алу әдетінен тыйылғандар көп болмай тұр. Дегенмен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2018 жылы жемқорлыққа қатысты қылмыстар бұрынғы жылдарға қарағанда едәуір азайды деп отыр. Нақтылап айтқанда, 2018 жылдың соңындағы зерттеулерде «2017 жылы 2016 жылмен салыстырғанда 17,7 пайызға төмен сыбайлас жемқорлық тіркелген. Ағымдағы жылдың 11 айында сыбайлас жемқорлық қылмыстар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 пайыз төмендеді. Кейбір өңірлерде сыбайлас жемқорлық, мысалы, Жамбыл облысында 45 пайызға, Қарағанды облысында 30 пайызға азайған» деп көрсетілген. Мұның бәрі, қалайда мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі. Алайда бүгінде жұртты статистика деректеріне сендіру оңай емес сияқты. Ел арасында бопсалауға ұшырағандардың, жемқорлық мәселелерімен бетпе-бет келсе де, оны дәлелдей алмайтын жағдайға ұшырағанын айтатындар көп. Демек, құқық қорғау орындары елдің сөзіне құлақ асып, одан нақты дәлел талап етіп, дәлелденбеген жағдайда өздерінің істі болатынын ескерте бергеннен гөрі, елмен бірігіп жұмыс істеп, жемқорлық деректерін анықтауға күш салғаны дұрыс болар еді. Жемқорлық барлық елде қудаланып, жазаланып жатса да тоқтамауына не себеп? Шынымен оны тоқтату мүмкін емес пе? Сауықпаған сана тойымсыздығын қоя ала ма? Біздіңше оның жолы халыққа жоғарыдан өнеге көрсетілумен шешілетін тәрізді. Егер қатардағы мемлекеттік қызметкерлерден лауазымды қыз­меткерлерге дейін пара алғаны үшін қатаң жазаланып жатса, төмендегілер ойланар еді. Әйтпесе, жемқорлықты жерлеп –күніге қырық шара өткізсең де, әсері болмайтыны анық.

Ахмет ӨМІРЗАҚ

«Turkistan»