18 Маусым, 13:23 442 0 Өнер TURKYSTAN.KZ

"Ойыншықтар хикаясы" қазақ тілінде

Орталық коммуникациялар қызметінде «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақ тіліне дубляждалған «Ойыншықтар хикаясы-4» фильмінің тұсаукесеріне арналған баспасөз конференциясы өтті.

«Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісованың айтуынша, «Ойыншықтар хикаясы-4» туындысын дубляждау үшін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 50-ден астам актер кастигтен өткен. Ал фильм барысында ойналатын саундтректердің барлығын әнші Данияр Өтеген орындап шыққан.

«Біз бұл істі қолға алғалы 8 жыл болыпты. Сол уақытта демеушілер тарапынан 3,5 млн доллар тартылып, 30 голливудтық фильм қазақшаланды. Оның 14-і Walt Disney Pictures, Pixar студияларының анимациялық туындылары болса, қалған 16-сы Sony Pictures, Disney, Lucasfilm, Marvel Studios сияқты танымал компаниялардың отбасылық фильмдері», - дейді Динара Шайжүнісова.

«Ойыншықтар хикаясы-4» туындысын қазақша саундтрекпен әрлеген Данияр Өтеген Walt Disney Pictures студиясының дауыс базасына 100-ден астам қазақстандық актер енгенін айтты.

«Бұл отандық актерлердің мүмкіндігін кеңейтеді. Дауыстар базасында біздің актерлердің болуы фильмдерді дубляждау жұмысын жеделдететін болады. Сондықтан бұл істі болашақтың қамына жасалған шаруа деп айтуға болады», дейді әнші.

20 маусымнан бастап көрерменге жол тартатын «Ойыншықтар хикаясы-4» фильмін дубляждау шығындарын BI Group құрылыс компаниясы көтерген.

«Осыған дейін 8 кинолентаны дубляждауға демеу жасағанбыз. Өткен жылы жалпы бұл жобаға 150 млн теңге бөлсек, биыл 300 млн теңге бөлуді жоспарлап отырмыз. Ал 2020 жылы бұл сома 350 млн теңгеге жетуі тиіс. Киноны қазақша сөйлету арқылы үй-ішімізді қазақ тілінде сөйлете алатынымызды түсінетін уақыт жетті. Үйде қазақша сөйлесек те, балалардың тілі орысша шығып жатады. Себебі, көретін мультфильмдері орын тілінде. Қазақстандағы бизнес өкілдеріне үндеу жолдағым келіп отыр. Бұл іске баршамыз қолдау көрсетейік», - деді BI Group компаниясының  құрылыс индустриясын цифрландыру жөніндегі директоры Асхан Тұрғынбекұлы.

Соңғы жаңалықтар