Жаңалықтар

Такир Балықбаев: Халықтың қамы – болашақтың қамы

ашық дереккөзі

Такир Балықбаев: Халықтың қамы – болашақтың қамы

9 маусымда өткен Президент сайлауы Қазақстан халқының ұйымшылдығын, біртұтастығын көрсетумен бірге елімізде қанат жайып келе жатқан демократиялық үдерістің жарқын көрінісі болды. Сайлауда айқын басымдылықпен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгігін ұстады. Халықтың бұл таңдауы бекер емес. Қасым-Жомарт Кемелұлы көрнекті мемлекет қайраткері, дарынды дипломат, Тұңғыш Президент – Елбасымен бірге Қазақстанның Тәуелсіздігін нығайтуға, жас мемлекетіміздің қалыптасып, нығаюына, қазақ елінің халықаралық қауымдастықта кеңінен танылуына, абырой-беделінің артуына өлшеусіз үлес қосқан мемлекеттік тұлға ретінде халықтың қалаулысына айналған азамат. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында негізгі мақсат-мұраты Сабақтастық, Әділдік, Өрлеу екенін атап көрсеткен болатын. Сабақтастық деген ол Тұңғыш Президент – Елбасының сыннан өткен стратегиялық бағытының сабақтастығын қамтамасыз етумен сипатталады. Мұнда қоғамның бірлігін сақтау, ел азаматтарының тұрмыс сапасын арттыруға арналған барлық әлеуметтік бағдарламаларды мүлтіксіз жүзеге асыру, оларды әрі қарай дамыту, тұрақты экономикалық өсім арқылы жетістіктерімізді еселеу, Елбасының бес институциональды реформасын – Ұлт жоспарын жүзеге асыру екенін Қ.Тоқаев ерекше атап көрсеткен еді. Сондай-ақ ол әділдікке негізделген әділетті қоғам орнату, оның ішінде: заң үстемдігі мен әділ сот төрелігін, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, жемқорлықты түп-тамырымен жоюды, тиімді әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін құруды, дені сау, білімді ұрпақ қалыптастыруды, халықты жұмыспен қамтуды мақсат етіп қойған болатын. Ал «Өрлеу» бағыты бойынша: қарқынды экономика құру, ауқатты және заманауи ауыл қалыптастыру, тиімді қаржы жүйесін, жоғары санатты инфрақұрылым, тұрғылықты халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету сияқты маңызды міндеттерді белгілегені мәлім. 12 маусымда әсем астанамыз – Нұр-Сұлтан қаласында өткен ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы айтылған міндеттерді одан әрі тиянақтай түсті. Ең бастысы, мемлекет басшысы елімізде әділетті қоғам орнату, халықпен санаса жұмыс істеп, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуды басты нысана етіп алуы адамдардың ойынан шығып, болашаққа деген сенімдерін нығайта түсті. Халықты бүгінгі таңда толғандырып отырған аса маңызды мәселелерді саралай келіп, Қ.Тоқаев алдағы уақытта баса мән берілетін он түрлі бағытқа тоқталды. Оның біріншісі халықтың табысын арттыруға әкеліп саяды. Президент бұл мәселені тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана шешуге болатынын ескертті. Осы арқылы азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, ұрпағын тәрбиелеп, жарасымды өмір сүруге тиіс. Президент ұсынған екінші бағыт-сыбайлас жемқорлықты жою. Жемқорлық – қоғамдағы өзара сенімге, мемлекетіміздің қауіпсіздігіне, дамуына қатер төндіретін құбылыс. Сондықтан Президентіміздің жемқорлықтың деңгейін төмендетуге бағытталған реформалар топтамасын дайындау және жүзеге асыру жөніндегі бастамасы да халықтың көкейінен шықты деп ойлаймын. Мемлекет басшысының баса көңіл бөліп отырған бағыттарының үшіншісі – сот және құқықтық қорғау жүйесін реформалау мәселесі. Сот жүйесінің әділдігіне көпшіліктің сенімі кеміп тұрған қазіргі таңда бұл да көпшіліктің көкейінде тұрған сұрақтардың бірі. Президенттің: «Сот – әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқықтық қорғау жүйесінің басты міндеті – халықтың сеніміне ие болу», -- дегені сондықтан. Елімізде жұмыссыздар санының азаймай тұрғаны, айлық жалақының мардымсыздығы күрделі әлеуметтік мәселелердің бірі екені белгілі. Міне, бұл мәселеге байланысты шаралар қолдану жөнінде Президент жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту туралы ой қозғайтын төртінші бағытында айтты. Сонымен бірге бүгінде азаматтарымызды тұрғын үй мәселесі де қатты толғандыратыны анық. Өйткені баспана бағасының қымбаттығы, қолжетімсіздігі жастарымыздың алаңсыз еңбек етіп, өмір сүруіне көп қиындық келтіріп отырғаны баршаға аян. Бұл мәселеге де жаңа президенттің сергек қарауы ел жүрегіне сенім ұялатуда. «Біз адам капиталын дамыту саясатын жалғастырамыз, -- деді Президент Қ.Тоқаев. – Бұл бағытта, ең алдымен, не істеуіміз қажет? Жаппай білім беруді қолдау. Барлық тұрғынға сапалы медициналық қызмет көрсету... Біз мұғалімдер мен дәрігерлердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдар қабылдаймыз. Олардың құқығын қорғап, материалдық жағдайларын жақсарту үшін тиісті қолдау көрсетеміз». Міне, бұл да Президенттің елге деген жанашырлығының бір мысалы. Президент ұсынған келесі бағыттар өңірлерді дамыту, рухани жаңғыру, сыртқы саясат, жастар ісі сияқты маңызды мәселелерді қамтиды. Осы бағдарламаның әр жолынан мемлекет басшысының халыққа деген қамқорлығы айқын сезіліп отырғанын байқаймыз. Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің президенттік қызметіне кіріскен алғашқы күннен ( 20 наурыз 2019 ж.) бастап билік пен халық арасын жақындатуға көңіл бөліп келеді. Оның облыс әкімдеріне әлеуметтік желілермен жұмыс істеуді үйреніп, халықтың ұсыныс-пікірлеріне сол арқылы уақтылы жауап беріп отыруды тапсырғаны осы сөзіміздің дәлелі. Қ.Тоқаев сайлау алдындағы кездесулерінде де ел басшыларын халықпен бірге жұмыс істеуге шақырғаны белгілі. Ал енді Президенттік ұлықтау рәсіміндегі сөзінен де оның бұқарамен тығыз байланыста жұмыс істеуге деген ынта-ықыласы айқын сезіліп тұр. Билік халыққа жақындаған сайын елдің де көңіл-күйі көтеріліп, берекесі арта түсетіні сөзсіз. Жаңа басшының алғашқы қадамының өзінен-ақ ел болашағының шұғылалы көкжиегі көрініс бергендей. Ұзағынан сүйіндірсін.

Такир Балықбаев,

Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры, профессор