Жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТ БАСЫНА ЛАЙЫҚТЫ АЗАМАТ КЕЛДІ

ашық дереккөзі

МЕМЛЕКЕТ БАСЫНА ЛАЙЫҚТЫ АЗАМАТ КЕЛДІ

Еліміз үшін осы жылдың ең айтулы саяси оқиғасы – кезектен тыс президент сайлауы болғаны рас. Тәуелсіздік алғалы 30 жылға жуық уақыт болса, сол жылдар ішінде халық бірауыздан елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдады. Сондықтан да болар әр 5 жыл сайынғы сайлау қоғам арасында дәл осы сайлаудай кең талқыға түскен жоқ. ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев уәкілеттігін тоқтатуға шешім қабылдаған кезде елдің біразы абдырап қалғаны бар. Біздің тәуелсіз Қазақстан осы жайтқа тұңғыш куә болды. Өз басым 7 үміткерді де сыйлаймын, құрметтеймін. Олардың қай-қайсысы болмасын елім, жұртым деген азаматтар. Сайлау алды бағдарламаларына көз жүгірткенде ел болашағының жарқын болатынына шүбә келтірмей, шексіз қуандым. Өткен жексенбі күні тарихи оқиға болды. Күллі қазақстандықтармен бірге мен де, отбасым да сайлау учаскесіне барып дауыс бердік. Біз отбасымызбен Қасым-Жомарт Кемелұлын қолдадық. Жоғарыда айтқанымдай барлық үміткерлерді құрметтеймін. Бірақ, мемлекеттің қалыптасуына, дамуына үлес қосқанын есептеп, дипломатиялық жұмыстарын назарға алып, Сенат төрағасы болған кездегі еңбегін бағалап Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс бердік. Ол кісінің салмақтылығы мен байсалдылығы тағы бар. Мемлекеттік саясаттан бөлек, президенттің халықаралық саяси аренада салмағы болу керек. Ал Қ.Тоқаев бірнеше тілді еркін меңгерген. Бұл арқылы ішкі-сыртқы саясаттың жүгін тең арқалайтын тұлға ретінде Тоқаевты танимыз. Қай тұрғыдан алып қарасақ та мемлекет басына лайықты азамат келді. Дауыс берген халықтың тең жартысынан көбі Қасым-Жомарт Кемелұлын таңдапты. Демек халық үміт артып отыр. Ол кісінің өзі де Нұр-Сұлтанда БАҚ өкілдерімен болған баспасөз брифингінде «Халық үлкен жауапкершілік жүктеді, оны ақтау менің міндетім» деп қадап айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетіміздің өркендеуі жолында аянбай еңбек ететініне сенімдімін.

Серік Негимов, ф.ғ.д, профессор