Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Әр азаматтың мүддесін қорғау - басты мақсатым
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Әр азаматтың мүддесін қорғау - басты мақсатым
12 маусым, 2019 жыл. Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында еліміз үшін маңызды шара – Президентті ұлықтау рәсімі өтті. Жаңа сайланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін қолына алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президентін ұлықтау рәсімінде сөз сөйлеп, бірқатар саяси-әлеуметтік һәм экономикалық мәселелерге тоқталды. Қасым-Жомарт Кемелұлы ең алдымен өзіне сенім артып, қолдау көрсеткен қазақстандықтарға ризашылығын жеткізді. Елдің татулығы мен бірлігі – басты құндылық екеніне тоқталған ҚР Президенті ел азаматтарының мүддесін қорғауды қолға алмақ. «Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін! Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін. Ашық және әділ жұмыс істейміз. Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету. Біздің бір ғана Отанымыз бар! Тағдырымыз – бір! Біз халқымыздың жарқын болашағы үшін бәріміз бірге еңбек етеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Одан әрі Мемлекет басшысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел дамуына сіңірген орасан зор еңбегіне тоқталды. «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлем мойындаған даму моделін жасады. Қазақстанның көк туын дүние жүзінің түкпір-түкпірінде желбіретті. Осы күндері менің атыма азаматтарымыздан көптеген өтініш-тілектер келіп түсуде. Олардың бәріне ортақ бір ғана тілек бар: Елбасымыздың жолын, Стратегиясын сақтау және оны одан әрі нығайту. Шын мәнінде, халықтың дәл осындай өтініш-тілек айтуы заңды, орынды. Себебі, қазіргі дамыған Қазақстан – бұл, ең алдымен, Елбасының арқасы. Елбасы – қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ұлы тұлға. Ол жаһандық деңгейдегі мемлекет қайраткері. Әлем тарихына дәл осылай жазылды. Елбасының халқымыз үшін және әлем қауымдастығы үшін сіңірген орасан зор еңбегін әрқашан құрметтеу – бәрімізге ортақ парыз», – деп атап өтті ел Президенті.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы халықты толғандырып жүрген маңызды мәселелерге тоқталып, оларды шешу үшін нақты жұмыстарды қолға алу қажеттігін тілге тиек етті. Яғни, ортамерзімді кешенді шаралар қабылдау қажет. Көтерілген мәселелерді жинақтай келе ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы маңызды 10 бағытқа баса мән беруді сұрады. Президент ұсынған алғашқы бағыт – халықтың табысын арттыру. Мемлекет басшысы бұл мәселені тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана шешуге болатынын жеткізді. «Ең алдымен, өсім бізге не үшін қажет екенін терең түсінуіміз керек. Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұту үшін Экономикалық өсім болуы тиіс.
Таяу арада Үкіметтің кеңейтілген отырысында біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты міндеттерді айқындаймыз», – дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Екінші бағыт сыбайлас жемқорлықты жоюға арналады. «Бірінші қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады. Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз», – деп атап өтті Мемлекет басшысы. ҚР Президенті сот және құқық қорғау жүйесін реформалауға да айрықша назар аударып отыр. «Сот – заң үстемдігінің кепілі. Сондықтан судьялардың жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы – бұл үлкен міндет. Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату керек. Сот – әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – халықтың сеніміне ие болу», – деді Президент.
Мемлекет басшысы жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту мәселесін маңызды бағыттардың бірі ретінде атап өтті. Бұл ретте мемлекеттік бюджеттің қаражатын, ең алдымен келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажеттігі айтылды. Келесі бағыт – тұрғын үй мәселесін шешу. «Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударамын. Біздің алдымызда Бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау міндеті тұр. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдайды», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы адам капиталын дамыту саясатын жалғастыратынын айта келе, білім беру мен медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға ерекше назар аударылатынына тоқталды. Сондай-ақ, мұғалімдер мен дәрігерлердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдар қабылданатындығын тілге тиек етті. Өңірлерді дамыту мәселесі де Президент назарынан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы ерекше назар аударған бағыттардың бірі – «Рухани жаңғыру» құндылықтары. «Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады», – деп атап өтті Президент.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанның сыртқы саясаттағы алар орнына тоқталып, оның алдағы уақытта елге, ұлттық кәсіпкерлікке, әр азаматқа тигізер пайдасы барын айтты. Оныншы бағыт ретінде жастар мәселесі басты назарға алынды. «Сіздер Қазақстан дамуының қарсаңында шешуші рөлді атқарып отырсыздар. Өйткені дамудың қозғаушы күші – жастар. Менің міндетім – ең үлкен армандарыңыз бен өздеріңізге тән «жетістік тарихын» қалыптастыру болмақ», – деді Президент.
Сөз соңында Мемлекет басшысы алдымызда маңызды міндеттер тұрғанын айтып, ел болашағының жарқын боларына сенім білдірді. «Біз бабалар дәстүрін қастерлейтін, жаһанның озық жетістіктеріне ұмтылатын халықпыз. Бұл – біздің күш-қуатымыздың діңгегі. Біз алдымыздағы барлық қиындықтарды бірге еңсереміз. Біз қуатты әрі гүлденген Қазақстанның өркендеуі үшін бірге еңбек етеміз. Антқа адал болу, сертке берік болу – менің халық алдындағы парызым. Қазақстанның жарқын болашағы үшін, халық үшін аянбай еңбек етуге серт беремін», – деп қорытындылады өз сөзін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, ұлықтау рәсімі аяқталғаннан кейін Қазақстан Президенті – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайы алдында ҚР ҚК өкілдерінің салтанатты шеруін қабылдады.