Жаңалықтар

ЖОЛБАРЫСПЕН ЖЕКПЕ- ЖЕККЕ ТҮСКЕН ҚАЗАҚТАР

ашық дереккөзі

ЖОЛБАРЫСПЕН ЖЕКПЕ- ЖЕККЕ ТҮСКЕН ҚАЗАҚТАР

 (Бабаларымыздың өткен ғасырдағы өмірінен үзік хикая) Архивтен осы жолдарда айтылатын деректер кездескенде көз алдыма орыс суретшісі Василий Васильевич Верещагиннің (1842-1904) солдаттардың жолбарысты қоршаған суреті көз алдыма елестей кетті. Екі кісі бойы биік жолбарыс алдыңғы аяқтарын көтеріп, аузын арандай ашып айбат көрсетіп тұр да, төңірегін істікті мылтықпен қаруланған солдаттар жапырлап қоршап алған. Орыстардың тарихи мекені мен жаулап алған басқа да жерлерінде (Уссури тайгасынан басқа аймақтарда) осы бір алапат айбынды жыртқыштың жоғы белгілі. Ресейдің жолбарыстан да жыртқыш көзі І Петр патша қазақ жерін «Орта Азия мен Үндістанға барар жолдағы кілт пен қақпа» дегенінен бері, осы жаққа қарай түсуде. Соны іске асыру сәті ХІХ ғасырдың қырқыншы жылдарынан Торғай (1845 жылы), Ырғыз (бұл да), Райым (Арал, 1847 жылы) бекіністерін салудан басталды. Сөйтіп Арал теңізінен де аттап өтіп, Сыр бойын иемдене бастаған. Верещагин кенебінде бейнеленген оқиға осы тұсқа келеді. Өйткені ол кезде Арал қамыстарында жолбарыс жойқын жортып жүрген. Солдаттар ұйымдасқан мол күш – жалғыз-жарымнан кездесетін қамыс жыртқышын қауіпсіз-ақ жойып жібере алады. Ал сол хайуанмен көрші қонған жалғыз үйлі қазақтар қайтпек? Бұл сұрағымызға архивтен ұшыратқан деректерді артық түсінік бермей-ақ (тек «киргиз» деген сөзді Қазақ деп отырып), орысшадан аударып қана ұсынсақ жауап ала алатын сияқтымыз. Аталмыш уақытта Сырдария өлкесінен Сарай кеңесшісі Осмолов деген кавалер (яғни, тікелей патша атынан), ал Райым, Қазалы (І-форт), Ақмешіттердің (Петровский порты) дүниеге келуіне байланысты Сырдария шебін (мұнда корпус тұрған – Қ.И.) Дебум деген генерал-лейтенант басқарады екен. Осы соңғы 1860 жылы 29 шілдеде Осмоловқа мынадай қатынас жолдайды: «Сырдария қазақтары арасынан әруақытта да жолбарыс аулап денесінің бір мүшесінен, соған байланысты өмір қам-қарекетін жасап, өзін-өзі асырау қабілетінен айырылғандар кездеседі.Ғаріптерге көмектесу ниетімен сондай адамдардың қашан, қандай жағдайда денесінің қай мүшесінен айырылғаны жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет жинап, тізімін сіздің мәртебеңізге жеткізуді бұйырған екенсіз. Ондай тізім жасалған уақытта қазақтарға ақшалай көмек берілетінін айта жүруімізді де еске салыпсыз. Осы хатпен бірге сол тізімді жолдап отырмын. Төртқараның Сейтқұл руынан Масақбай Мыңтаев – 45 жаста. 1846 жылы жолбарысты өлтіріп, бір күшігін тірідей ұстап алып, І-форттың бұрынғы коменданты майор Булатовқа сыйға тартқан екен. Жолбарыспен алысқан кезінде басы мен иығынан жараланған. Сүйегі аман. Жолбарыс сол қолының бас бармағын шайнап тастапты. Бұл айқаста Әлібеков, Баянов және Қосыбай Мыңтаев дегендер де қатысыпты. Жолбарыс Себін Әлібековтың (43 жаста) сол қолын мүлдем шайнап тастаған екен. Қосыбай Мыңтаев (31 жаста) оң жақ саны мен арқасынан, Баянов (32 жаста) басынан жараланған. Екеуінің де сүйегі аман. Шекті руынан Үргенбай Сүгіров (63 жаста). «1848 жылы Райым көлінің жағасында жолбарысты көріп қалып, өлтірген. Айқас кезінде жыртқыш сол қолын шайнап тастаған екен. Райым бекінісінде емделді. Шектінің асан руынан Төрт Қаракөзов (37 жаста). 1853 жылы жолбарыспен жекпе-жек алысып, өлтірген. Алыс кезінде жыртқыш Қаракөзовтың оң қолын шайнап тастаған. І-форт коменданты мырзаға төменнен (уақыты көрсетілмеген – Қ.И.) мынадай баяндау қағаз жолданған екен: Шектінің Құрманай руынан Мақан Қилыбаев Қазалы сағасындағы қамыста көшіп жүріп, ауылдастарымен бірге өте қызық жағдайда бір жолбарысты өлтіреді. 20 желтоқсанның түні ортасында итті қуып келген жолбарыс үйге кіріп кетіп, ақырады-ай кеп. Үй иесі Қилыбаев а дегенде қотанға қасқыр шапқан екен ғой деп, ұйқылы-ояу қалпында далаға атып шығады. Түн айлы болған екен. Қотан тыныштықта. Осы тұста әлгі дауыс үйден шығады. Жолбарыстың дауысы екенін білген Қилыбаев әуелі әйелін құтқару амалына кірісе бастайды. Көршісі Ботабай Аташев та әлгі ақырудан оянып, сыртқа шығып, Қилыбаев үйіне қарай беттей бергенде гәпке түсінеді. Бұл уақытта Қилыбаев керегені сындырып, әйелін сыртқа шығарып алады да сол түнгі қонағы Тұрсынбай ақсақал іште қалып қояды. Ал Тетібай Аташев түндікті ашып, төбеден қарап, жолбарысты көре алмайды. Қилабаев «бар!» дейді. Бұл сөзге сенбеген Тектібай жерге түсіп, үйге кіре бергенде жолбарыс атылып келіп тырнақтарын ананың маңдайына салып жібереді. Аташев (жаралы қалпы – Қ.И.) пен Қилыбаев есікті сыртынан тіреп қойып таң атуын күтеді. Таң атқан соң адамдар жиналып түндік пен керегеге көздері арқылы найзалап, жолбарысты өлтіреді. Ал Тұрсынбай ақсақал болса, киізге оранып жатып аман қалған. Тектібай сонда алған жарадан 23-желтоқсанда қайтыс болды. Осында аталған адамдарға сый-сыяпат көрсету орынды ғой деп ойлаймын. І-форт коменданты мырзаға Әскери старшина Қарамышевтен Баяндау қағаз 12 ақпанда (1862жыл – Қ.И.) Табынның Керей руынан Есен Үсербаев аулына сәскелік сағат он шамасында жолбарыс тап бола қалып жайылымға кеткен малдан босаған қотанға ыш-мыш жоқ барып, көсіліп жатып алады. Мұны көрген Үсербаев қылышпен қаруланып «шақырылмаған қонаққа» қарай жылжып, жақындай бергенде жолбарыс оған кенеттен атылады.Сонда да Үсербаев ананың басын қылышпен екі рет шауып үлгереді. Осыдан кейін де жыртқын Үсербаевты жығып салып, бір аяғы мен бір қолын шайнап тастап, анадай жерге тәлтіректеп барып өзінің де құлауы мұң екен, қолдарына не түссе сонымен қаруланған ауылдастар оны ұрғылап өлтіреді. Осыны сіздің құзырыңызға хабарлай отырып, тиісті дәрежелі мырзалар алдында Есен Үсербаевқа, бастықтардың нұсқауына сай, ақшалай сыйлық берілуін өтінемін. Бұған қосымша Сізге мынаны айта кетуді де өзіме артық санаймын: Үсербаев Сіздің мәртебеңізге қарайтын лазеретке емдеуге жөнелтілді». І-форт коменданты мырзаға Баяндау қағаз 25 ақпан, 1862 жыл. Бұрынғы Райым бекінісінің тұрғындары, Шекті руының қазақтары Талдыарал аралынан жолбарыс көріп, мылтықпен қаруланған 15 адам ізіне түседі... Қамыс арасынан кенетттен атылған жолбарыс Барлыбай Тобановтың арқасына бірден тырнағын салып жіберіп, жаралайды. Осы сәтте Данабай Орынбай ши мылтығымен жолбарысты атып жібереді. Оқ тиген жолбарыс енді Шоман Ботовқа тап береді де астындағы атын өлтіреді. Ал Ботов болса, құлап бара жатқан қалпында-ақ жолбарысты атып үлгіріп, сеспей қатырады. Осы оқиғаны айта келіп, аталған адамдарға ақшалай сый-сияпат көрсетуіңізді өтініп сұраймын. І-форт коменданты мырзаға Қарамашывтан 12-наурыз, 1862 жыл Жақайым руының қазағы Қадырберген Тасмұқанбетов бұрынғы Райым бекінісінің маңында көшіп жүрген Ақмырзин Бақы бидің ауылына бара жатып, жолбарыспен кездесіп қалады. Кенеттен тап берген жыртқыш Қадырбергенді басынан жаралап, қамыс арасына қайта зытып, ғайып болып кетеді екен. Қадырберген би аулына келгеннен кейін бұл оқиғаны айтады. Бақы би дереу жиырма шақты қарулы адамды жинап алып, жыртқыштың ізіне түседі де , тапқан жерлерінде аңшы Өстеміров жолбарысты он екі рет атып өлтіреді. Десек те, арпалыс кезінде жыртқыш Жолдыбай Тастанбековты жаралап үлгереді. Мен сол күні І-форт лазаретіне жөнелттім. Жолбарыспен күресте аталған адамдарға ақшалай сый-сияпат көрсетсеңіз екен». Міне сортаңнан сормаңдай Арал өңірінің тұрғындары кезінде осындай қатермен де көрші қоныстанып отырған екен.  

Қалмұқан Исабай

«Түркістан» №16, 17 көкек 1996 жыл