Жаңалықтар

3 мың мұғалім мен дәрігер тұрғын үймен қамтылмақ

ашық дереккөзі

3 мың мұғалім мен дәрігер тұрғын үймен қамтылмақ

«Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ мен Денсаулық сақтау және Білім және ғылым министрлігі арасында министрліктер мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлеріне «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша сатып алу құқығымен тұрғын үйлерді жалға беру туралы келісімдерге қол қойылды. Іс-шараға Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев, «ҚИК» ИҰ» АҚ басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов қатысты. Бұл бағыттағы қызметті қаржыландыруға шамамен 40 млрд теңге «ҚИК» ИҰ» АҚ меншікті қаражаты мен нарықтық талаптарға сәйкес қарызға алынған қаражат жұмсалады.   Осыған сәйкес, бағдарламаны іске асыру мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ салмайды. Қатысушылар үшін жалға берілетін тұрғын үйді өткізу талаптары: жалдау мерзімі 20 жыл, бастапқы жарнасыз, тұрғын үйді кез келген уақытта және айыппұл санкцияларын қолданусыз мерзімінен бұрын сатып алу мүмкіндігі бар, кіріс жеткіліксіз болған жағдайда кепілгерлерді тарту мүмкіндігі қарастырылған. Бұл ретте Бағдарлама бойынша жалгерлік төлемнің орташа айлық құны республика бойынша орташа бағадан төмен болмақ. «Парламент Сенатының төрайымы Дариға Назарбаеваның ұсынысы бойынша Қазақстан Ипотекалық Компаниясы білім беру және денсаулық сақтау жұмыскерлері үшін тұрғын үйді ипотекалық несиелендіру бойынша арнайы бағдарлама әзірледі. Компаниямыз 2015 жылдан бері сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлер салу мен сатып алуды қаржыландырып келеді. Осы кезге дейін біз Қазақстан бойынша 18 мыңнан астам отбасын тұрғын үймен қамтамасыз еттік. Біз компанияның тәжірибесі осы әлеуметтік маңызы бар жобаны нәтижелі іске асыруға мүмкіндік береді деген сенімдеміз», – деді Әділ Мұхамеджанов. Тұрғын үй алуға үміткерлер тізімін тікелей министрліктер құрады. Өз кезегінде «ҚИК» ИҰ» АҚ берілген қызметкерлердің төлем қабілеттілігін тексереді және бағалау қорытындысы бойынша өтінімдері мақұлданған үміткерлермен ұзақ мерзімді жалдау шартын бекітеді. Бағдарламаны іске асыру жақын екі жылда 3 000 қазақстандық отбасын меншікті тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  

Тоғжан Төлеген