Ораза айт – қуаныш пен шаттыққа толы мейрам

Ораза айт – қуаныш пен шаттыққа толы мейрам

Ораза айт – қуаныш пен шаттыққа толы мейрам
ашық дереккөзі
Күллі мұсылман қауымы кешелі бері Ораза айт мерекесін тойлап, бір-бірімен қауышып мәз. Бұл күні Алланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірі саналатын Оразаның шарттарын орындаған жандар аузын ашып, Айт намазында бас қосады. Бұдан кейін туған-туыстары мен жақындарына  айттап, келесі Оразаға төрт көзі түгел жетуін тілейді. «Айт» сөзі – «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу», «қарымта» деген мағыналарды білдіреді. Алла Тағала айт сайын адам баласына әр түрлі жақсылықтар береді. Айт мейрамы алдымен айт намазын оқумен басталады. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз өсиетінде: «Айт күні бірінші орындайтынымыз – намаз оқу» деген. Бұл намаз Исламның ұраны болғандықтан, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өмірінде оны бір рет те қалдырмай оқыған. Айтта мұсылмандардың бір-бірімен татулықтарын арттыруы – мерекенің негізгі сәні. Бұл мейрамның ерекшелігі –  адамдарды бауырмалдылыққа, кішіпейілділікке, кешірімділікке, сүйіспеншілікке шақырады. Ораза айт мерекесімен құттықтаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Адамгершілікке, мейірім мен қайырымдылыққа үндейтін қасиетті Рамазан айының аяқталуы – күллі мұсылман үмбеті үшін маңызды мереке.  Ораза айт күндері әр мұсылман туған-туыстары мен бауырларына қамқорлық көрсетіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созып, өзінің рухани дамуына зор мән береді. Ізгі ойлар мен игі істер өзара түсіністік пен келісімге бастайды, адамдарды ортақ мақсат-мүддеге жетелейді.    Қазақстан – бейбіт өмір мен жасампаздықтың мекені. Өзге діни сенімдерге құрмет, толеранттылық пен адамгершілік құндылықтар – халқымызға тән игі қасиеттер.   Ислам ілімі Отанға деген сүйіспеншілік пен ұлттық дәстүрге берік қоғамымыздың рухани жаңғыру идеясына толық сай келеді.   Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!   Әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін! Ораза айт құтты болсын!» деген игі тілегін жеткізді. Айттың алғашқы күні «Нұр Астана» мешіті мен «Астана» медресе колледжіне барған Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев мұндай оқу орнында оқитын шәкірттер ынталы әрі тәрбиелі болуы керектігін атап өтті. Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз өз құттықтауында: «Әр отбасына бақ пен береке, бірлік пен игілік тілеймін. Алла Тағала отыз күн тұтқан оразамызды, жасаған құлшылық-ғибадатымызды, берген садақамызды, барша игі иманымызды қабыл етіп, мол сауаптан жазғай! Ораза айт – отбасылық мереке. Мейрам күні ата-анамызға, кішкентай бүлдіршіндерге, ағайын-туыстарға сыйлық үлестіріп, оларды қуанышқа бөлеу – мерекенің сәнін арттыра түсетін игі іс. Жабырқаған жанды демеп, қарияларды қуанышқа бөлеп, көмекке мұқтаж адамның алғысы мен батасын алу – ол да сауапты амалдың бірі», – деді.  

«Түркістан-ақпарат»