Жаңалықтар

Жұқпалы ауруға шалдыққан 10 мигранттың біреуі ғана еліне қайтады

ашық дереккөзі

Жұқпалы ауруға шалдыққан 10 мигранттың біреуі ғана еліне қайтады

Қазақстан жыл сайын 300-500 мыңнан 1 миллионға дейін еңбек мигранттарын қабылдайды. Ал олардың 15 пайызы жұқпалы аурулармен, оның ішінде туберкулез және АИТВ-мен ауыратын болып шықты. Бұл туралы Астанада өткен «Көші-қон және туберкулез: Орталық Азия елдерінде туберкулезді трансшекаралық бақылау» атты аймақтық кездесуде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цой мәлімдеді.

Осындай ауруы анықталған 10 адамның тек біреуі ғана өз елдеріне қайтарылады екен. Өзге мигранттар еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне өз ауыртпашылығын жүктеп отыр. Шамамен мигранттар ағынының үштен бір бөлігі 2 ірі қаланың – Алматы және Астана қалаларының еншісінде.

Ал туберкулез ауруына қатысты ақпарат берген вице-министр Қазақстанда туберкулезбен сырқаттану 6 жылдың ішінде 1,6 есеге төмендегендігін айтып өтті.   «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында халықтың туберкулезбен сырқаттануын төмендетуде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Елімізде аталған аурумен сырқаттану 6 жылдың  ішінде 1,6 есеге, оның салдарынан туындайтын өлім-жітім 2,6 есеге төмендеді», – дейді Алексей Цой.

Вице-министрдің деректері бойынша, елімізде  туберкулезбен сырқаттанған мигранттарға туберкулезге қарсы көмек шаралары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық Аймағындағы туберкулезді трансшекаралық бақылау мен емдеудің ең төменгі пакетіне сәйкес жүзеге асырылады. Бұл –мигранттар арасындағы туберкулез бен көптеген әрі кең көлемді дәрілерге тұрақтылығы бар туберкулезді диагностикалаудың сапасы мен  қолжетімділігін арттыру.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 2014-2020 жылдарға арналған туберкулезбен күрес бойынша кешендік жоспар жүзеге асырылып жатыр. Бұл кешендік жоспарға мигранттар арасында туберкулезді емдеу мен алдын алу бойынша қызметтерді жетілдіру, жоғарғы деңгейде кездесулерді ұйымдастыру арқылы аймақтық диалогқа бастамашылық ету шаралары енеді.