Жаңалықтар

БАҒАСЫ УДАЙ, БІЛІМІ ҚАНДАЙ немесе ақылы мектептер кімге тиімді?

ашық дереккөзі

БАҒАСЫ УДАЙ, БІЛІМІ ҚАНДАЙ немесе ақылы мектептер кімге тиімді?

Ертеректе «Күш – білімде, білім – кітапта» деген тәмсіл жиі айтылатын. Кітапты серігіне айналдырғандарға «оқымысты» деген лақап тағылып, «үлкен азамат болайын деп тұр» деп жақсылыққа жорушы еді. Бүгін ше? «Балам кітап оқысын» деп емес, «қымбат мектепте оқысын» дейтін ата-аналар көбейді. Сонда кітаптың орнын ақылы білім ошақтары басқан ба? Елімізде жыл сайын ақылы мектептердің саны артып келеді. Тіпті оған сұраныс та жоғары. Неге? «Өткен оқу жылының басында Алматыдағы пәлен деген жерде, түген деген ақылы мектеп ашылды» деп бір сыйлас жігіт әңгімесін бастады. Елең ете қалдық. Сол мектептің ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрген досымыз алдын-ала жоспар бойынша 140-150 адамға шақталып салынған мектепте оқу бағасы 300 мың теңгенің төңірегінде болғанын жеткізді. Құрылыс жұмыстары аяқталып,  оқуға қабылдану бастала салысымен мыңға тарта үміткер сау ете қалыпты. Соның бәрі де 300 мың теңгеден ай сайын ақы төлеуге сақадай сай. Мектеп әкімшілігі солардың 300-ге жуығын білім ошағына қабылдапты. Сонда әке-шешеміздің жылына 500 мың теңгені әрең жиып, ҚазҰУ-да оқытқаны есіме түсті. Жаңағы мектептің бір сыныбын бітіру, менің бакалавриатты толықтай игеріп, маман болып шығуымнан да қымбатқа түседі екен. Осылайша аталған тақырып қызықтыра бастады. Бұрынырақта ақылы мектептің бар екенін білсек те, оның бәсекеге айналып кеткенінен бейхабар болыппыз. Ақылы мектептер көшін Швейцариядағы Institute Le Rosey білім ошағы бастайды екен. Аталған мекемеде білім алу үшін әр бала 73 мың 150 АҚШ долларын төлеу керек. Ал Қазақстандағы ең элиталы халықаралық мектеп – Haileybury Almaty. Коммерциялық емес акционерлік ұйым меншігіндегі мекеме Ұлыбританиядағы атақты Haileybury and Imperial College мамандарымен одақтаса жұмыс істейді. Ашық мәлімет көздеріне сүйенсек, қазір бұл білім ошағында шамамен 600-ге жуық талапкер білім алады. Олар орта есеппен айына 697 мың теңге көлеміндегі қаражатты мектеп әкімшілігіне аударады. Акционерлік меншік болғандықтан құрылтайшылар қатарында танымал кәсіпкерлер бар. Атап айтсақ, Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» қайырымдылық қоры, Сержан Жұмашов, Нұржан Субханбердин, Айдан Карибжанов, Марғұлан Сейсембаев, Альфия Қуанышева басшылық етеді. Мектепте 60-қа жуық жоғары санатты шетелдік педогог қызмет атқарады. Олардың басым көпшілігі Ұлыбритания азаматтары. Айына 697 мың теңге төлейтін, мектептің не ерекшелігі бар десеңіз түлектер ешқандай ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмайды. Есесіне шет елдік ЖОО оқуға тапсырады. Тіпті QS рейтингісі бойынша үздік 100 университетке кіретін оқу орындары арнайы білім гранттарын қарастырып, білімді балаларды осы мектептен таңдап алады екен. Ал мектептің табысы 4,2 млрд теңгеге жуықтайды. Алматы мен Астанадағы 50-ден астам ақылы мектепте шамамен алғанда 150 мыңға жуық бала оқиды. Ата-ана баласын ақылы мектепке берерде ондағы білім сапасы мен бала болашағына баса ден қояды дейді психолог мамандар. Ақылы мектептердің көбінде бір сыныпта 8-10 бала оқыса, соған сәйкес оқушылар салалық пәндерді жақсы меңгеріп шығады. Мемлекет тегін білім алуға мүмкіндік жаратып тұрғанда, неге ата-ана қалтасынан қағылып ақылы білім ошақтарына жүгіру керек? Әлде бұл мемлекеттік мекемелердегі білім сапасы нашар, ұстаздар біліктілігі төмен дегенге сая ма? Не де болса,  БІЛІМ БИЗНЕСКЕ АЙНАЛҒАНДА  қара халықтың халі ескерусіз қалмаса екен. Өйткені осыдан бірнеше жыл бұрын білім министрлігінде мемлекеттік мектептерді ақылы білім ошақтарымен біріктіру жайы сөз болып қалған-ды. Сонда министрлік өкілдері мемлекеттік мектепте оқитын балаларға жыл сайын үкіметтен 200 мың теңге көлемінде қаражат қарастырылатынын айтқан. Сол қаржыны тиісінше жекеменшік мектептерге субсидия ретінде аударылуы мүмкін болған. Осыдан бірнеше жыл бұрын білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова: «Қазір ата-аналардың басым бөлігі балаларын премиум санаттағы  мектептерде оқытқысы келеді. Алайда бұған барлығының қаржысы жете бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін біз жекеменшік мектептерге субсидия қарастыруды көздеп отырмыз. Яғни үкімет ата-аналардың қалтасына түсетін салмақтың бір бөлігін өзі өтейді. Бұл әлемдік тәжірибеде бар нәрсе», – деген еді. Егер сондай болған жағдайда 200 мың теңге ақылы мектептің 10 пайызын ғана жауып, қалған 90 пайызы ата-анаға салмақ болмақ. Сонда бір үйден 5-6 баласы мектепке баратындар қайтпек? Бұл алғашқыда жаппай орын алатын реформа болмағанымен, болашақта сол күнге жетпейтіндігімізге кім кепіл? Баласына жылына бір көйлек алып беруге қаражат тұрғысынан қиналатындар, 1-2 миллионды бір класстық білім үшін сарп етпек түгілі, таба алады деу қиын.