Баспана үшін ажырасу: себеп пен салдар
Баспана үшін ажырасу: себеп пен салдар
Адамнан айла артылған ба?! Тіпті, жылдар бойы баспана тауқыметін тартып келсе пәлен дей алмайсың. Шиеттей бала-шағамен біреудің босағасын сығалап жүргеннен гөрі, әрекет жасап бағуға тырысқан отбасы бәріне дайын екен. Оған соңғы кездегі орын алып жатқан жағдайлар дәлел.
Елімізде үйсіз жүргендердің қатарын азайту үшін түрлі бағдарлама қабылданып, іске қосылды. Бірақ оған жолы болып, ілініп кетіп жатқандардың қатары көбеймей тұр. Содан болса керек, кейбір ерлі-зайыптылар пәтер алу үшін қағаз жүзінде «ажырасуға» дейін баруда.
Алайда, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтен әлеуметтік көмек алу үшін елімізде көпбалалы отбасыларда ерлі-зайыптылардың ажырасулары күрт көбейіп кеткенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Мемлекет басшысы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін көпбалалы ата-аналардың ажырасуы жиілеп кетуіне байланысты бұл алаяқтықты тоқтатуға тапсырма берді. «Атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында көпбалалы ата-аналардың ажырасуы жиілеп кетті. Үкімет пен президент әкімшілігіне алаяқтыққа тосқауыл қою үшін цифрландыру жүйесін енгізуді жеделдету тапсырылды. АӘК – бұл мұқтаж азаматтарға берілетін мемлекеттің жәрдемақысы», – деп жазды ол өзінің Twitter-дегі парақшасында.