Жаңалықтар

ӘН ЕРКЕСІ – СӘЖИДА

ашық дереккөзі

ӘН ЕРКЕСІ – СӘЖИДА

Әншілік – кез келгенге қона бермейтін өнер. «Ұялмағанның бәрі әнші» бола бермейді. Нағыз әншінің құлаққа жағымды даусы өнердің тылсымына сүңгітіп, жаныңды тербейді. «Ән – көңілдің ажары» дейтін есті сөзді өнер құдіретін сезініп, содан рухани ләззат ала білгендер айтқан. Әншілікке бүкіл ғұмырын арнаса да, есімі есте қалмайтын өнерпаздар көп, ал сахнада көрінген сәттен бастап халықтың жүрек төрінен орын алып, көңілінің қалаулысына айналатын әнші сирек. Сол сиректің бірі – Сәжида Ахметова еді. Сәжида Ахметова 1938 жылдың 25 шілдесінде Қарқаралы қаласында туған. Әкесінің қызметіне орай оның өмір жолы Баянауыл, Жаңақорған, Қармақшы аудандарында өтіп, Алматымен жалғасты. Жеті жасынан ән салған. Арнайы сахнада ән шырқауы 1949 жыл болатын. Сол жылы 11 жастағы мектеп оқушысы Қызылорда қаласында өткен облыстық жастар олимпиадасында «Гәкку» әнін орындап, жарқ етіп көзге түсіп «Кішкентай Күләш» атаныпты. Міне, содан бері 45 жыл бойы үзбестен ұстаздық қызметімен бірге, сахнада ән шырқап, радиода ән салады. Әсіресе оның қазақ еліне есімінің көп тарауы 1957 жылғы фестивальда ән айтуынан соң болады. Сол тұста көптеген журналист, жазушылар, музыка мамандары  студент қыздың өнеріне тәнті болып, баспасөзде пікірлерін білдірген. «Социалистік Қазақстан» газетінде алғаш мақала жазған Балғабек Қыдырбекұлы «Сахнада нәзік үн естілді. Бұл – қыздар институтының студенті Сәжида Ахметованың дауысы. Егер тәрбие мықты болса, ол сөз жоқ жақсы әнші болайын деп тұр. Тыңдаушы жұртшылық ол айтқан «Гәкку» әнінен осыны аңғарды» десе, 1957 жылдың  28 маусымында республикалық газетте «Тіпті арада өткен екі айда Ахметова ән өнеріне жетіліп қалған. Оның сызылта салған «Сәулем-айын», үзілтіп, елжіретіп айтқан «Гәккуін» жұртшылық тынып тыңдады», – деп пікірін білдірген екен. Өнер тарланы болған, профессор Бекен Жылысбаев «Социалистік Қазақстан» газетінде 1960 жылдың 28 тамызындағы мақаласында «Байқауға қатысушы Алматы Қыздар иститутының студенті С.Ахметованың ән орындау шеберлігі кәдімгі профессионал әншілеріміздің шеберлік дәрежесіне жетеқабыл», – деп баға берген. Өнертанушы Күлиман Жүнісова «Қазақстан әйелдері» журналында 1961 жылдың 3-санында «Ән еркесі» атты суреттемесінде «Нәзік те жылы сезімге толы жас әнші Сәжида Ахметованың  қазақтың Қыздар педагогикалық институтын бітіріп, кітапханашы мамандығын алғанын» айта кеткен. 1956-1993 жылдар аралығында бар өмірі қыздар институтымен байланысты. Студент болды. Өзі оқыған жерінде ұстаздық қызметін жалғастырды. Ол өзінің ұстаздық қызметін ғылыми-зерттеу жұмысымен ұштастыра отырып, бірнеше әдістемелік құралдар және «Қазақстанның өлкетану тарихы» атты монографияның авторы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент болды. С.Ахметова өнері жайында «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан әйелдері», «Мәдениет және тұрмыс» басқа да баспасөздерде кеңінен жазылып, әділ бағасы берілген-ді. Cәжида Шайқықызына дауысына арнап Ш.Қалдаяқов, Н.Тілендиев, Ә.Бейсеуов, Б.Байқадамов, Ә.Еспанов, С.Мұхамеджанов, М.Сағатов, І.Жақанов тағы басқа сазгерлер ән жазған. Илья Жақанов жазады: «Той күні (1961) Шәмші екі әнді дайындап келіп, өзі мандалинамен сүйемелдеді. «Меңді қызды» Сәжида Ахметова деген бізбен замандас әнші қызға айтқызды, радиода көп шырқайтын ол», – деп жазады. 1970 жылдан бастап көптеген жазушы, журналистер С.Ахметованың өнері жайлы қызыға жазған-ды. Шерхан Мұртаза «Мәдениет және тұрмыс» журналында, Әнуарбек Дүйсенбиев «Лениншіл жас», Мақсұтбек Майчекин «Коммунизм туы» басылымдарында өнерін құрметтеп, тілек білдірген-ді. Есімі елге кеңінен танылған әнші 70 жасқа келуіне орай мерекелік жиында көптеген журналистер мен жазушылар, өнер мамандары Сәжида Шайқызы Ахметованың өнерін көпке насихаттай білді деуге болар. Олардың басында ақын жазушы Сейфолла Оспан: «Ұлы әннің ұлы жандардың жан жүрегінен жарып шыққаны өз алдына, ал бар болғаны 11 жастағы бала жүрегі лүпілдеп тұрған жаныңыздың жүрегінен қайта түлеуі, шындығында да, ғажап болатын», – деп жазды. Ал Алпысбай Шымырбаев былайша толғайды: «Сүйкімді Сәжида жоғары кәсіби шеберлігінен көрермендері мен тыңдармандарын әркез өзіне тарта білді». Филология ғылымдарының кандидаты С.Тілеубаев «Сыр Сәжидасы»  атты мақаласында «Қазіргі қазақ киносының классикалық үлгілерінің бірі саналатын «Гауһартас» фильміндегі басты кейіпкер – Салтанат шырқайтын «Гауһартас» әнін орындап, «Абай жолы» радиоинсценировкасындағы ол ойнаған Әйгерім ролі Сәжида өнерінің шыңы болғаны ақиқат» десе, А. Малқарова: «Бойынан да ұзын қалың бұрымы бар, отты көзді және қою қара кірпікті, дарынды да әдемі қазақ қызы Мәскеудегі Кремль сарайында үлкен жетістіктерге жетті», – деп жазады. «Ноты и судьба в подарок» атты мақалада: «...Сажида Шайхиевна – счастливая женщина. И хотя супруга Елеусина уже нет рядом, ее радует дочери, зятья, внуки и, конечно бессмертное искусство ее песни»,  деп жазылса, «Поет Сажида Ахметова!» атты  «Вечерний Алматы» газетінде басылған мақалада Мәдина Искакова қарындасым: «...В прочем, она не жалуется. Пусть сейчас нынешние поколение ее уже почти не помнит, но зато до сих пор есть преданные поклонники, которые, по-прежнему реагирует на ее имя», – дейді. Оның өнер жолын көз жіберіп қарасақ, Сәжида Шайқықызы әнші ғана емес, ұстаз, ғалым және кинода көрінген актриса. Ол тек Қазақстан өңірлері ғана емес, Балтық елдерінде, Қырғыз республикасы мен Мәскеу, Санкт-Петербургте ән шырқап, талайды тамсандырған-ды. Оның өнері бағаланып, үкімет тарапынан медальдар мен түрлі атақтар берілді. Қазақ киносының жақсы бір туындысы – «Гауһартас» фильміндегі басты кейіпкер Салтанаттың шырқаған, «Гауһартасты» айтқан аса қабілетті әнші Сәжида Ахметова болатын. Сыр елінің марқасқа азаматы Елеусін Қайназаровпен 1965 жылы бас қосып, өмірге Ақбаян, Ақмарал, Әйгерім атты қыздарды әкеліп бақытты отбасы болды. Олар бүгінде белгілі азаматтар қатарында. Радиодан С.Ахметованың әнін тыңдап, талай буын жастар өсті. Сәжиданың «өмірім-өлеңім» деген сөзі бекер болмады. Барлық саналы ғұмырын өнерге арнады, бұл жолда абырой биігіне көтерілді. Ол туралы бірнеше аудиожинақтар шыққан. Ең қызығы сол, Қайназаровтың отбасынан  үш бірдей тарих ғылымының кандидаты, бір полковник, үнді биін Қазақстанда дамытушы шықты. Бұл деген сөз, балалар тәрбиесіне баса назар аударып, аналық мейірімін төккен Сәжида ананың мықтылығы демекпіз. Ән өнеріне баруына Сәжиданың анасы Карима Садыққызы Құсайынова болса, студенттік жылдарында жас қызды қанатының астына алып, музыка әлеміне жөн сілтеген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Наталья Борисова, Валентина Пирогова, Валериан Коретников болды. С.Ахметова туралы оның есіміне «Ән еркесі – Сәжида», «Сыр Сәжидасы», «Мөлдір бұлақ әнші», «Кішкентай Күләш» сияқты аттар қосылды. Бұл – оның қанатты әндері мен мөлдір бұлақтай таза даусына берілген баға еді. Өмір бар жерде, өлім бар дегендей, жақында әнші әрі ғалым С.Ахметова дүниеден озды. Ол өмірден өтсе де «орнында бар оңалар» демекші, артында азамат болған үш қызы, немере-шөберелері қалды. Олар барда, ән сүйер қауым барда С.Шайқықызының есімі ұмытылмақ емес, қайта уақыт өткен сайын, оның әндері сағындыратыны сөзсіз. Сәжида бар кезі – көз қуантқан күндер де артта қалып, алыстап бара жатқандай, бірақ әсем дауысты әншінің «алтын қордағы» әндерін тыңдағанымызда, оның рухымен сырласқандай күй кешеріміз анық.  

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,

Зерттеуші-этнограф,

Құрмет орденінің иегері