Жаңалықтар

Жұмыс беруші салықты азайтса...

ашық дереккөзі

Жұмыс беруші салықты азайтса...

Жұмыс беруші мен жұмысшы арасында қандай байланыс орнауы керек? Жұмыс беруші жалақысы жоғары жұмыс ұсына ала ма? Немесе олардың салықтық жүктемесін азайтуға не кедергі? Бұл мәселеге Елбасы Н.Назарбаев халыққа үндеген бес бастамасында арнайы тоқталған еді. Ол екінші бастамада:  «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту керек. Салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 пайыз ғана салық салуды ұсынамын. Ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдету керек. Ал осылайша салықты азайтудан шығатын қаржы олардың жалақысын көбейтуге жұмсалуы қажет» деді. Яғни, мұның нәтижесінде еліміздегі барлық жалдамалы жұмыскерлердің кеміннде үштен бірінің, бұл 2 миллионнан астам адамның жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейеді. Президенттің ұсынысы қалай жүзеге асады? Бұған жұмыс беруші дайын ба? Іс жүзінде салық мөлшері 10 есе 2 583 теңгеден 258 теңгеге дейін төмендейді, жалақы қосымша 2 325 теңгеге өседі. Аталған тетікті қолдану қызметкердің дереу және кепілдікті қосымша табыс алуын пайымдайды және жұмыс берушінің қаржылық жүктемесін ұлғайтпайды. Бұл мәселе бойынша салық эксперті Нұрбапа Мұсабаевтың пікірінше, салық көп төлеген сайын оның жүктемесі де көп болады. «Елбасы Қаржы министрлігіне салық жүктемесін азайту туралы тапсырма берді. Енді министрлік заңнамалық тұрғыда жазып шығу керек. Мәселен, жеке кәсіпкерлікпен айналысатын кәсіпкер жұмысшыларына төлейтін айлығы көбейген сайын салық коэффициенті азаяды деген бар еді. Жалпы, қазір жұмыс берушілер, яғни кәсіпкерлер айлықты аз етіп көрсетуге тырысады. Не үшін? Себебі ол шығын. Табыс, әлеуметтік салық, әлеуметтік төлем бар. Соны азайту үшін жұмыс берушілер айлықты нақты көрсетпейді. Яғни, салық шығындарын аз төлеудің жолы. Мұны заңдастыру үшін мемлекет қолға алып жатыр. Жұмыс беруші жұмысшының айлығын көбейту арқылы салығын азайтады. Бұл жерде айлықты көбейткен кезде салық жүктемесі қаншалықты азаяды деген мәселені анықтап алу қажет. Салық – механизм. Бірақ тиісті министрліктер әлі де жан-жақты зерттеуі керек. Мысалы, әлдебір кәсіпті дамыту үшін жеңілдіктер қарастырылады. Осы тұрғыда интернет сауда дамып кетті. Мұның бұл салаға да пайдасы бар. Бұл жұмыс берушіге көрсетілген қолдау», – дейді эксперт маман. Ал бұл тұрғыда экономист Мақсат Халықтың өз пікірі бар. Оның айтуынша, қазіргі таңда бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 2 405 теңге. Егер оны 25 АЕК-ке ұлғайтатын болсақ, бұл 60 125 теңге болады. Демек, Елбасының ұсынысы осы 60 мыңға дейінгі жалақы алатын азаматтарға қатысты деуге болады. Оның қалай жүзеге асатынына тоқталсақ, кез келген азамат мемлекетке 10 пайыз жеке табыс салығын төлеуі керек екені белгілі. Соның 1 пайызы ғана салық ретінде мемлекетке беріледі де, қалған 9 пайызы еңбекақы қорына қайтарылады. Жұмыс беруші азамат төмен жалақы алатын азаматтардың жалақысын ұлғайта алады. Әрине, бұл жерде әртүрлі пікір көп. «Бұл аз ғой. Ешқандай әсерін тигізбейді» дейтіндер бар. Бірақ меніңше, мұның көп жағдайда Алматы, Нұр-Сұлтан қаласы және Атырау, Батыс Қазақстан облысындағы азаматтарға қатысы жоқ сияқты. Себебі аты аталған бұл жерлерде еңбекақы едәуір жоғары. Бұл негізінен өңірлерге қатысты. Әсіресе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл облысы, сол сияқты ауылды аймақ, елді мекендерде жалақы төменгі деңгейде. Жақында Статистика комитеті орташа жалақы 163 мың теңгеге жуық дегенді айтты. Тіпті, кей өңірлерде жалақысы 1 млн теңгеге жететіндер, енді бір облыстарда 100 мың теңгеге жетпейтіндер де бар. Елбасы өз жолдауында ең төменгі жалақы деңгейін 28 мың теңгеден 48 мыңға көтерсін деген мәселені көтерді. Бұл да бекер айтылған жоқ. Демек, елімізде ең төменгі жалақы алатындар көп деген сөз. Үкіметтің келтірген статистикалық мәліметі бойынша 60 мың теңгеге дейін жалақы алатындардың саны 2 млн-ға жуық. Яғни, осы азаматтардың жалақысына 9 пайыз қосылып жатса, үлкен көмек болар еді. Былтыр инфляция деңгейі 7,1 пайыз болса, оның жанында 9 пайыздық өсім кәдімгідей жоғары. Алайда, мұны жақсы не жаман деп айта алмаймын. Дегенмен, мұны титтей болса да әлеуметтік мәселеге көңіл бөліп, түзеуге деген ұмтылыстан туған шара деуге болады» дегенді айтты. Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, сондай-ақ жеке кәсіпкерлікті қолдауға қатысты бағдарлама баршылық.  «Бизнестің жол картасы – 2020», «2017-2021 жылдарға арналған өнiмдi жұмыспен қамту және жаппай кәсiпкерлiк бағдарламасын» айтуға болады. Бұл екі бағдарлама да кәсіпкерлерге жеңілдіктер қарастырады. Елбасының тапсыр­ма­сымен енді 2019 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап, жалақысы төмен қазақстан­дық­тардың салық жүктемесі 10 есеге азай­ты­лып, 1 пайыз ғана салық салынса, аз қам­тылған азаматтарды қолдауға бағыт­тал­ған ауқымды шараның негізі болар еді. Одан бөлек бастаманың мак­роэ­кономикалық әсерін де жоққа шы­ғар­мау керек. Себебі, тұрғындардың ен­шісіне тиген соң, ол ақша эконо­ми­калық айналымға түседі. Бір сөзбен айт­қанда, қызмет түрлері мен тауар сатып алуға жұмсалады. Яғни, бұл – бірінші орында әлеу­мет­тік өлшемдерді қамти­тын, сонымен бір­ге, елдегі шағын және ор­та бизнестің эко­номикалық ахуа­лы­на да оң әсер ете­тін көпжоспарлы бас­та­ма.  

 Жәнібек Әшім