Жаңалықтар

КҮЛІП ОТЫРЫП ЖАЗЫП, КҮЛДІРЕ ОТЫРЫП ОЙЛАНТАТЫН

ашық дереккөзі

КҮЛІП ОТЫРЫП ЖАЗЫП, КҮЛДІРЕ ОТЫРЫП ОЙЛАНТАТЫН

Белгілі жазушы Ғаббас Қабышұлы: «Мен Оспанхандай жайдары, кішіпейіл жанды сирек кездестірдім. Прозасында да, поэзиясында да әзіл-сықақтың теңдессіз әдемі көрінісі: өрімі келіскен оқиға, құнары мол көркем тіл, тайталасып тұрған не түрлі теңеу, соның нәтижесінде төгілген күлкі бар ондаған өлең-әңгіменің, пьесасының авторы, анау «Тамашаның» кіндік атасы, анау «Сүзеген сөздің» («Лениншіл жас») әкесі мен шешесі, алты алашқа мәлім, атақты Осекең жаңа жазып жүрген жастардай именшек еді, кеудемсоғы жоқ-ты»,– депті бір сұхбатында. Қаламгердің қаламгер хақындағы қалжыңсыз, риясыз пікірінен әңгіме бастауымыз да тегін емес. Сатира саласы – екінің бірінің тісі бата бермейтін жанр. Әсіресе, бүгінгі қатыгездеу қоғамдағы арзан күлкі мен әлжуаз әзілдерді естіп отырып, қайран, сол Оспанхандай ағамыздың қазақ сатирасына қосқан үлесі ұшан-теңіз екенін мойындайсың. Мойындап қана қоймай, сол шығармаларын езу тарта отырып, сөз төркініне, адамға ой салатын ұшқыр әзіліне жаның ауыра отырып, еріксіз күлкі қысатыны тағы бар. Міне, өмірден алынған, төңірегіңдегі мың сан кейіпкердің  бойынан  «іздеп, шарқ ұрмай-ақ» табылатын қиқар мінез, адами қасиеттерге жат  болмысын көріп, сайқымазақ-қыршаңқы тілмен суретін айнытпай салып кеткен болмысы бөлек сатира атасы екенін мойындамай көріңіз! Сондықтан да,  әлем әдебиетінен алар орны да ерекше. Сатира атасының жары Нұрсұлу Рақымжанқызымен болған сұхбат та мамыражай, қалжың араласа отырып басталды. – Ағаларың әріптес ағасы Ғаббас айтқандай, аузын ашса қолқасымен қоса жүрегі көрінетін көңілді, мейірімді адам болатын. Тумысынан қалжыңбас, әзілқой. Қоғамның ащы шындығын, ақиқатын астарлап, сарказм стилімен жазылған шығармалары оқырманды езу тартқыза, көтеріңкі көңіл-күй сыйлай отырып, қалың ойға жетелейді. – Оспанхан ағаның шығармаларымен етене таныспыз, оқып өстік қой. Алғаш танысқан кезіңіз, отбасын құрған жылдарға «саяхат» жасасақ?.. – Иә, газеттенмін деп хабарласқалы сол жылдарға сан мәрте сапар шектім ғой. Тіпті түн баласы кірпік ілмей, сол бір жаны жомарт жайсаң азаматтарды есіме алып, көз жасымды да бір сығып алдым. Осекеңдердің атқарған іс-қызметтері ұшан-теңіз. Және ол өз әулетін ғана емес, қалың оқырманы ұмытпайтындай із қалдырды. Олар сонысымен бақытты, сонысымен мәңгілік! Өйткені жазғандары, айтқан өсиет-сөздері ұрпақтар жалғасқан сайын санаңда жаңарып, жаңғырып отырады. Арамыздан ерте кеткен сол қазақ әдебиеті мен мәдениетінің өкілдерін жиі еске аламын. Ағаларың да тым ерте кетті. Қырық сегіз жасымда үш баламен қалдым, отыз жылдан асып барады, артындағы әулетіне бас-көз болып жүріп жатырмын. Осекең өте әдемі, сырбаз, сымбатты жігіт болды. Бойшаң. Кез келген бойжеткен ғашық болатындай, қызығатындай жігіт болатын. Қалжыңбас, әзілқой. Екеумізді табыстырған, таныстырған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы болды. Қостанай облысының Федеровка ауданында туылдым. Үш ағайындымыз. Үлкен ағам мен кіші інім, үшеуміз анамыздан ертерек қалдық. Отыз сегіз жасында анам қайтыс болып кетті де, әкем Золотоводск деген жерде оқ-дәрі жасайтын зауытта жұмыс істеп жүріп, ауыр науқастан көз жұмды. Соғысқа тонналап жіберіп жатқан қорғасын удың ішінде еңбек ету кімге болса да оңай емес еді, оның үстіне денсаулығы да мәз емес болатын. Анамыздың қазасынан кейін тіпті жүдеп-жадап, сырқаты асқынған болар. Ол жақтың қысы болса да қатты, тым ұзақ. Балалар жас. «Құдайдан тілеп алған қызым» деп отыратын-ды. Екі ұл жамағайын туыстардың қолында қалды да, мен бесінші сыныпты осындағы №12 мектепте жалғастырдым. Егер өнерге, ән-күйге бейімділігім, қабілетім, кішкентай ғана талантым болмаса, кім білсін, мен де туған ауылдан ұзап кетпес пе едім?.. Сол жылдары біздің ауылға қайдан, қалай келгенін білмеймін, итальяндық ерлі-зайыпты көрші тұрды. Орыс мектебінде оқып жүргендіктен соларға жақын болдым. Оның үстіне олардың үйінде күйсандық, гитара, скрипка сынды музыкалық аспаптар бар. Соған қызығамын. Әйелі Любовь Ивановна да мені жақсы көріп, іштартып отырады. Баламын ғой, сол үйге барғым келіп тұрады. Тұрмыстары жұпыны болса да, үйлеріндегі ең қымбат, бағалы дүниелері – жаңағы музыкалық аспаптары. Барғыштап жүріп ән үйрендім. Би үйрендім. Тіпті күйсандық та тартып үйреніп алдым. Бірде Алматыдан Вера Ильинична мен Полина Моисеева деген ұстаз-музыканттар ауылдардан талантты балалар іздеп бізге келеді де, мен солардың көзіне түсіп, Алматыдағы музыка мектебіне алындым. Ұмытып қалдым, біреуі директор, ал біреуі директордың орынбасары екен. Сонымен, қалалық болып шыға келдім. Түске дейін музыка мектебінде, түстен кейін қаладағы жалғыз қазақ мектебі – №12 мектепте білім алдым. Неге екенін қайдам, сол жылдары республика бойынша мектептерде шет тілі ретінде тек қана неміс тілі оқытылатын. Мектеп-интернаттан онжылдықты бітіріп, консерваторияға түстім. Қазір ойлап отырсам, не деген пысықпын десеңші, қолдап-қолпаштап, жанашыр болып жүрген ешкімім де жоқ. Әйтеуір, ауылға бармауым керек, кімге барамын, ол жақта да мені сағынып күтіп тұрған ешкімім жоқ. Ал консерваторияның жатақханасы бар. Міндетті түрде түсу керек деген мақсат жаныма тыныштық бермейді. Жетімдік деген, ата-анасыз деген қасіреттің ауырлығы солай мені ертерек ес жиғызып, ерте есейтті. Консерваторияның вокал бөліміне құжаттар тапсырып, қабылдау емтиханында Е.Брусиловскийдің «Екі қарлығаш» деген әнін орындадым. А.Жұбанов, Ғ.Жұбанова, В.Ерзакович сынды музыка тарландары алдында ән салу оңай болмаса да, көңілдегі арман-мақсат жеңді. Қабылдандым. Қуанышта шек жоқ. Сабақ та оңай емес, музыка теориясы, гармония, фортепиано тарихы деген сынды күрделі сабақтар жүреді. Сибирск көшесіндегі №35 жатақханаға орналастым. Актерлер де, әншілер де, драма-кино да, вокалистер мен әншілер де осында. Консерваториядағы вокал класында ән саламын, жаттығамыз. Бірде дайындықтан кейін каридорға шықсам есік алдында ары-бері бір жігіт жүр. Мені көріп бұрылып келді де: «Жаңа ән салған сіз бе» деп сұрады. Иә деп жауап бердім де, өз жөніме кеттім. Екі-үш күннен кейін тағы жолығып қалдық, сабағымыз, жатақханамыз ортақ болғандықтан кейде сабақтан соң бірге қайтамыз. Ол театр бөлімінде оқиды екен. Бір күні киноға шақырды. «Тарзан» деген фильм жүріп жатыр екен, «Родина» деген кинотеатрға барайық деп өтінді. Бара алмайтынымды айттым. Өйткені, сабақтан тыс консерваторияда Г.Е.Виноградова жетекшілік ететін хор каппеласында жұмыс істеймін. Онымды, әрине, жасырып қалдым. Қойшы әйтеуір, бір жылдан аса уақыт өткен соң үйленейік деген ұсыныс жасады. Мен әлі ертерек екенін айтып бас тарттым. Оның үстіне, ақылдасатын, кеңес беретін жақыным да жоқ, үлкен қала, алданып қалмайын деген сенімсіздік де болуы керек, жүре тұрайық, неге асығамыз деген уәж айттым. Біраз уақыт өткен соң, «әке-шешеме де айтып қойдым, үйленеміз, саған үйленбесем болмайды. Жатақханадағы коммендант әжей төсек-орын беретін болды, тіпті пәтер де тауып қойдым» деді. Сөйтіп «Қазақстан» кинотеатрының жанында Седовая көшесіндегі 23- үйге қоныстандық қой. Келесі жылы Азаматымыз дүниеге келді. Оның да өмірі тым қысқа болды... Жанарына жас келіп қалған Нұрсұлу апайымыздың көңілін Оспанхан ағаның шығармаларына қарай бұрғымыз келіп, жанымыздағы қолжазбаларын ақтара бастадық. Жаны нәзік өнер адамы емес пе, лезде көз жасын сүртіп, болар болмаш күлімсіреді де, әңгімеге қайта бұрылды. – Ойнаймын деп Жантықты, Қалмады ғой жан тіпті. Оспан актер болмас деп, Талай білгіш тантыпты. Шындап еді Ос-ағаң, Жұрттың жанын балқытты. Күркіреген шапалақ, Шабытты шыңға қалқытты. Міне осылай Оспанхан, Жауларына саңғытты, – деп сатриктің өз қолымен (ТЮЗ, 29 май, 1959 жыл) жазылған эпиграммаларына көз тоқтаттық. « ... Көзіне қарасам туысқан, Сөзіне қарасам ұғысқан. Жамандайды-ау жетпегір, Бұрыла беріп бұрыштан...» Тағы да: Жауменен де шабыстық, Бандыменен атыстық. Екеуі де түк емес, Ең қиын жау – таныстық... Жауға қылыш сермедік, Бандыменен белдестік. Екеуі де түк емес, Ең қиын жау – жерлестік... Ос-ағаңның еш жерде жарияланбаған осы бір шығармалары күзге таяу жинақ болып шығатынын айтқан ақын жары көзілдірігін түзеп қойып, тағы да оқи бастады. Сені мақтап өсіріп едім, Өсірген сайын есіріп едің. Сен де тындың, мен де тындым, Маңдайға жазған кесірім едің... Сатирамен қоса балаларға арналған өлең-жыр, ертегі, пьеса жазып, белгілі сазгерлердің әндеріне мәтін жазған бесаспап аудармашы-ақынның өз қолтаңбасымен қалған тың дүниелерін оқу бізді де қызықтыра түскендей. Үйлендім, ажырастым, тағы үйлендім, Тағы үйлендім, ажырастым және үйлендім. Үйсіз-күйсіз далада қалғанымда, Айналайын мекемем тағы үй бердің. Енді ғана есімді жиып едім, Оңбаймын ғой, келіп тұр тағы үйленгім... – Нұрсұлу апай, сіздің бір сұхбатыңызда Осекең шығармаларын күліп отырып жазатын депсіз? Шынында да мынандай дүниелерді күлмей жазу да, тыңдау да мүмкін емес секілді?.. – Отбасын құрған соң бес-алты жылдай қалада пәтерден-пәтерге көшіп-қонып жүріп, тағы да сәбилі болдық. Азаматтан кейін Мұхтар мен Беделіміз дүниеге келді. – Бедел деген есімді бірінші рет естіп отырмыз... (Нұрсұлу апай жарқылдай күліп алды.) – «Ұлыма Бедел деген ат қоямын» дегенде, «Ой, қайдағы ат қайдан есіңе келеді»,– деп қалдым. Сөйтсем, «Беделім азайып кетті ғой» деп күледі. Солай кенжеміз Бедел болып аталды. Ағаларың Жамбыл ауданының тумасы ғой, табиғаты керім Суықтөбе мен Майтөбе жайлауларында өмірбақи қой баққан малшының баласы. Жазда балаларды ауылға жіберерде, енем марқұмға ерінбей хат жазып жіберетін. Біз әлі, тәте сізді көп емеміз, Қолыңа кетті, міне, немереңіз. Маған тартып кеткен бе қомағайлау, Деп жүрмеңіз: «Бұл итке не береміз?» Бұл күшік Бөкеніме іні болсын, Қуанышбек ағасының құлы болсын! Ал Нұрсұлу қарындас шешеміздің, Отын жағып біраз күн күңі болсын,– дегендегі Бөкенім – Болатбек інісі де, Қуанышбек туған ағасына арнағаны. – Арнау демекші, сізге арнаған өлеңін де көзіміз шалып қалды... – Мәскеуде гастрольде жүріп жазған мына өлеңі ғой . Атыңды атап Нұрсұлу түрегелдім, Неге жаным түсіме кіре бердің!! Жұмыс бар ғой, болмаса сенен алыс, Меніңдағы келмейді жүре бергім. Қашан сенің боламын құшағыңда, Білмеймін не істерімді, ұшамын ба. Жүрек тулап кеудеме сияр емес, Шатақ болды-ау өзіңнен ұзадым да! Мен аулақпын көлденең тамашадан, Кәзір жаттым, хат жаздым жаңа саған. Күндіз-түні жанымды толғандырған, Қымбат екен өзімнің бала-шағам!,– деп сағынышын жолдаған. Балажан. Өте бауырмал, мейірімді болатын. Кісі жанын жаралап, артық ауыз сөз, артық мінез көрсетпей кетті. Шығармаларын шынымен де, күліп отырып жазатын-ды. Балаларды ұйықтатып, үйде тыныштық орнаған сәтінде асүйге кіріп алып, жазу үстеліне отыратын. Ішінде әбден пісіп жетілген кезде ғана қағазға түсіруші еді. Мезгілдің қай кезеңі, уақыттың қай кезі болсын көжені жақсы көруші еді. Тарыдан, бидайдан, сұлыдан, күріштен қатық-айран араластырып суытып қоюшы едім. Ең жақсы көретін асы да, сусыны да, осы ашыған көже болатын. Таңғы ұйқының қаншалықты тәтті екенін білесіздер, жазып біткен кезде ұйықтайтын бөлменің есігінен жаймен мені шақырып алады да, оқып береді. Кейде ұйқылы-ояу отырып тыңдаймын ғой. «Естіп отырсың ба, ұйықтап отырсың ба» деп сұрап қояды да, өзі ішек-сілесі қатып жарқылдай күледі. Тыңдап болған соң, орныма барып жатамын да, ішімнен «енді келмесе екен, ұйықтасам екен» деп жатып ұйықтап кетемін. Ал кейде онымен қосыла күліп, тіпті ұйқым ашылып та кететін. «Осының бәрін қайдан ала бересің» деп сұраймын. «Төңірегіңнің бәрі мысал ғой: түрлі тағдырлар, әртүрлі мінезді адамдар» дейді. Көпті көрген, көреген адам екенін жылдар өткен сайын түсіне түсемін, сол кездегі әрбір шығармасының кейіпкерлері күнделікті өзіміз көріп, жүздесіп жүргендер сол кезде де, қазір де арамызда. Дәл тауып, айнытпай бейнелеген шығармаға іштей риза болып, күліп отырып тыңдайтынмын. Сонда балалар жас, балабақша, мектебі бар, ол да, мен де сол бойы жұмысымызға кетеміз. Ренжу, шаршау деген жоқ. – Тағы қандай жақсы мінез-қылықтары есіңізде қалды? – Жазу-сызудың адамдары жиі жолсапарларға шығып тұрады ғой. Сондай сәттерде жолай кездескен жолаушыларды күн демей, түн демей үйге ертіп келетін. Бала тәрбиесі, келімді-кетімді қонағың бар, жұмысың тағы бар. Адам баласы болған соң түн тыныштығын тілеп, түнгі ұйқы бұзылмасын дейсің. Сондайда әсіресе, түнгі қонақтарға мазаң кетеді. Артық дүние де жоқ, артық-ауыс ас-тұзың дегендей, әйел болған соң дастарқаныңды тағы ойлайсың. «Барар жері алыс екен не болмаса тұрақтайтын жері жоқ екен» деп талай мәрте түн ішінде пойыздан бірге түскендерді ертіп келді. Ыңғайсызданып қобалжып қаламын. Ондайда «келген кісіге сенің тамағың емес, қабағың керек. Қара су берсең де қабағыңды ашып отыр, үйіңде не бар соны ұсын, жоққа амал жоқ» деп сөйлеп жүріп, өзі де дастарқан жасауға көмектесіп жүруші еді. Талай «құдайы қонақтарды» күтіп алып, шығарып салдым. Үйге ертіп әкеліп, ертеңіне қоштасып қала бермейді ғой, соларды іздеген жеріне жеткізіп, орналастырып, тіпті тірліктерін бітіріп беріп, мәз болып жүретіні бар. «Ешқашан ешкімді ренжітпе, өзің де ренжуші болма» деген өмірлік қағиданы санама сіңіріп, қарым-қатынастың, сыйластықтың қадір-қасиетін осылай отырып түсінісуші едік... Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тағы болмайды, ондай сәттерде «Ұрыспа маған, мен халықтың баласымын» дейтін-ді. Шығармашылық адамның бойында талант-дарынмен қатар осындай еркелік те болатыны заңдылық шығар. – Есімізге «Клоунның әңгімесі» мен «Орыс әйелі» деген шағын дүниесі түсіп отырғаны. Кезінде оқыдық, өз аузыңыздан тағы да естігіміз келіп отыр. – «Клоунның әңгімесіндегі» бала Мұхтар – өзіміздің ортаншы ұлдың басынан өткен оқиғасы. Ұзын-ырғасы – автобуста әкесін көріп қалған баланың басынан өткен оқиға. Әкесі танымаған кейіп танытып, маңына жолатпайды: сенің әкең емеспін, мүмкін ұқсайтын шығармын, айналайын, мазамды алма», – деген кісінің бетіне таңырқай қарап қалған ұл, иығың қиқаң еткізеді де өз жайына кетеді. Әкесі көзін ала бере келесі аялдамадан түсіп қалып, ұлынан бұрын үйіне келеді де жатып қалады ғой. Есіктен дауыстай кірген ұлы Мұхтар анасынан әкесінің көшеге шыққан-шықпағанын сұрап жатқанда жатын бөлмеден шыққан әкесіне: «Бүгін автобуста сізден аумайтын бір кісіні көрдім» дейді анасы екеуіне кезек-кезек қарап.. Бұл оқиғаны бертінге дейін күліп еске алатынбыз. Ал «Орыс әйелі» деген студент кезімізді айтылған әңгіме. Осекеңдермен қазақтың талантты ұлы, қайталанбас сазгер Шәмші Қалдаяқов бірге оқыды. Жасы әлдеқайда үлкен, әскерден кейін келген ересек студент. Бірде Осекең мені көрсетіп, үйленсем деген ойын айтады. Сонда тісқаққан Шәкең: «Ее, ол сонау орыс жақтың қызы, Қостанай ма, әйтеуір солтүстік пе, орыстанып кеткен облыстың қызы. Оған үйленер болсаң саған орыс тілді біліп, үйреніп қажеті жоқ, аудармашың, «орыс әйелің» қасыңда болады» депті. Студенттер арасында қалжыңға айналып кеткен бұл әзіл-шыны аралас әңгімені өзім де құлағыммен естідім. – Балалары мен немерелерінің ішінде «Тамашаның атасы» атанған сатирик-жазушының жолын қуғандары бар ма? – Азаматымның Тамашасы кәдімгі «Тамаша» ойын-сауық отауының құрметіне қойылып еді. Немереден шөбере сүю бақытын сыйлады. Әлгі әңгіменің кейіпкері – Мұхтарымыз әзілдемесе ішкен асы бойына батпайтын, қалжыңбас. Ал Беделіміздің, қара шаңырақтың иесі кенже баланың Ілияс деген ұлы қолы қалт ете қалса атасының шығармаларын оқып беріп, күліп жүреді. Қолынан тастамайтын кітабы да – атасының шығармалары. Қазақ мектебінде оқиды, бүгінде мектеп бағдарламасы да күрделеніп кетті ғой, десе де уақыт тауып оқып жүреді. Осы немеремнен үлкен үміт күтемін. Жалпы немерелерімнің бәрі тілдері қазақша, тәлім-тәрбиесі де қазақша. Ондай ұрпақтың ата-тегін білмеуі, жазғандарын оқымауы мүмкін емес. – Жазушы, әзіл-сықақ, сатира шебері Оспанхан Әубәкіровтің жары ретінде, тұңғыш оқырманы ретінде қазіргі сатираға көңіліңіз тола ма? – Әрине, уақыт, жылдар өткен сайын, қоғам да өзгеріп, ол қоғамды құрайтын халықтың да сана-сезімі жаңарып, жаңғырып отыратыны ақиқат. Дегенмен, не болса соны күлкіге айналдырып, арзан әзілге бой алдырып жататын кездеріміз де жоқ емес. Қазақтың белгілі қаламгерлері Ғаббас Қабышұлы, Үмбетбай Уайдин, Сейіт Кенжеахметов, Көпен Әмірбек, Толымбек Әлімбекұлы шығармалары өлмейтін, өшпейтін дүниелер деп есептеймін. Мықты театр режиссерлері болса сөйлеп-ақ кетейін деп тұрған, сұранысқа ие болатын-ақ туындылар. Сол сияқты қазіргі орындалып жүрген әндерге де көңіл толмайды. Әнге де сұранып тұратын шығармалары бар ақындарымыз жетіп жатыр емес пе?! Ал орындаушы, әнді насихаттаушы жастар бар. Оларға жақсы шығарма, тыңдаушының құлақ құрышын қандыратын әндер керек. Әйтпесе, әркім өзі жазып, өзі орындай беретін болса, ол ұлттық бояу-болмысынан айырылып қалады. Кейінгі шыққан әндердің мәтіні де, сазы де есіңе сақталмайды. Ағаларыңның тұстастары қандай еді!? Базарбай Жұманиязов, Әбілахат Еспаев, Күнсайын Қуатбаев, Қуандық Шаңғытбаев, Мыңжасар Маңғытаев, Нұр-ағаң, Нұрғиса Тілендиевтермен шығармашылық байланыста болған Осекең ««Өзің,сәулем, іздегенім», «Құдаша», «Кездейсоқ махаббат», «Біздің ағай тамаша», «Мұңайма» сынды әндерге мәтін жазды. Сол әндер әлі күнге өз дәрежесінен түскен емес. Халық сүйіп тыңдайды. Жалыққан емес. Үлкен концерттерде орындаушы ғана емес, бүкіл зал қосылып шырқап отырғанын көріп ішің жылып қалады. Біраз жылдардан бері қазақтың текті ұлдарының, халқымыздың зиялы азаматтарының жұбайларынан сұхбат алуды әдемі бір үрдіске айналдырып келемін. Осы уақыт ішінде біздің халықтың, қарияларымыздың әдемі қартайып келе жатқаны жанымызды қуанышқа бөлейді. Сексеннің бел ортасынан асқан Нұрсұлу Әубәкірованың мейірімді әдемі жүзі осы ойымызды одан сайын әрлендіре түскендей...  

Сұхбаттасқан

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ