«7-20-25» – ЫҢҒАЙЛЫ БАҒДАРЛАМА

 «7-20-25» – ЫҢҒАЙЛЫ БАҒДАРЛАМА

 «7-20-25» – ЫҢҒАЙЛЫ БАҒДАРЛАМА
ашық дереккөзі
Отбасы үшін ең үлкен жетістік – басында жеке баспанасы болуы. Соңғы ширек ғасырда ауылдан қалаға көшушілердің қатары артып, үлкен шаһарларда урбанизацияның проблемалары артты. Алайда мемлекет тарапынан халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесінде соңғы жылдары оңтайлы шешімдер қабылданып, халықты үйсіз-күйсіз жағдайда қалдырмау үшін тұрғын үйлер көптеп салынып жатыр. Дегенмен үйлердің қолжетімді болуы бұрын қадағалана бермейтін. Міне осы жағдайды біліп, халыққа арзан баспана ұсыну мәселесін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде ерекше атап өтті. Аталған жолдауда Елбасы: «...әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр. Бұл – айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе. Оның шешімін тұрғын-үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы табуға барлық жағдай жасау керек. Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет. Сондықтан мен «7-20-25» бағдарламасын ұсынамын. Жұмыс істейтін әрбір қазақстандық төмендегідей шарттар бойынша теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 проценттен аспайтын болады. Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 процентіне дейін, кейде тіпті 50 процентін салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 проценттен аспауға тиіс.  Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін болады», – деген еді. Еліміз бойынша кең қанат жайған «7-20-25» бағдарламасы бойынша үй алу қазақстандықтар үшін үлкен мүмкіндік болды. Бағдарлама ел арасында қызығушылық туғызып, ол бойынша тұрғын үй алуға өтініш берушілердің саны артты. Кей өңірлерде бұл бағдарлама жедел іске асып, қоныс тойлаушылардың қатары көбейіп жатыр. Мәселен, Алматы облысының Қарасай ауданында аталған бағдарлама бойынша үй алуға 222 азаматтан өтініш беріп, құжаттары екінші деңгейлі банктерге жолданған. «7-20-25» бағдарламасымен аудан орталығындағы екі тұрғын үй кешенінің құрылысы жүріп жатса, Қарлығаш ықшам ауданында 31 көпқабатты үй салыну көзделген. Жыл басында он шақты үйдің қабырғасы қаланса, бүгінде олардың кейбірі пайдалануға беріле бастаған. Қаскелең қаласынан үш бөлмелі пәтерге қолы жеткен тұрғынның айтуынша, бір, екі бөлмелі пәтерлерге сұраныс көптеу көрінеді. Есеп айырысу жеңіл болады. Мысалы екі бөлмелі пәтерге ай сайын 57 мың теңге төлесе жеткілікті. Бұл баға орташа күн көрісі орташа отбасыларға қолайлы.  Демек, «7-20-25» бағдарламасының әу бастағы мақсаты орындалып жатыр.  

А.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ