Жаңалықтар

Сауда дипломатиясын дамыту – маңызды мәселе

ашық дереккөзі

Сауда дипломатиясын дамыту – маңызды мәселе

Қазақстан шет мемлекеттермен жан-жақты қарым-қатынастарын дамыту саясатын жалғастырып келеді. Оның ішінде экономикалық және сауда дипломатиясын дамытуға айрықша мән беріліп отыр. Бұл ретте ел экономикасының басым салаларына шетелдік инвестициялар мен инновациялық технологияларды тарту, отандық кәсіпорындардың өз өнімдерін экспорттауын ілгерілету аса маңызды. Тіпті, бұл қадамдар сауда-экономикалық дипломатияның негізін қалаушы басымдықтар деуге де әбден негіз бар. Еліміз сауда-экономикалық дипломатияны дамыту мақсатында маңызды халықаралық шараларды ұйымдастырып, әлемдік оқиғаларға атсалысудан тартынбайды. Мәселен, шетелдік бизнес-қауымдастықтармен тікелей диалог жүргізу, шетелдік компания басшыларымен келіссөздер өткізу, бизнес-форумдар, көрмелер мен таныстырылымдар, істер топтар делегацияларының сапарларын ұйымдастыру үнемі назарда. Ал мұндай маңызды халықаралық шараларды Сыртқы істер министрлігінің көмегінсіз жүзеге асыру қиын. ҚР Сыртқы істер министрлігі қазіргі уақытта сауда-экономикалық және инвестициялық тақырыптағы іс-шараларды тұрақты түрде өткізеді. Биыл да бірқатар маңызды халықаралық саяси оқиғалар жоспарланып отыр. Олардың арасынан Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуының 5 жылдығын, Астана экономикалық форумын, Мемлекет басшысының Орталық Азия мемлекет басшыларының кездесуіне, «Белдеулер және Жолдар» халықаралық ынтымақтастығының 2-ші форумына, ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨІСШК саммиттеріне, Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесіне және басқа да маңызды халықаралық іс-шараларға қатысуын ерекше көрсету қажет. Сондай-ақ, Қазақстан экономикалық һәм сауда дипломатиясын дамытуға жол ашатын халықаралық ұйымдарға мүше. Мәселен, бүгінгі таңда еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымымен ынтымақтастықты жандандыруда. Осы мақсатта 2020 жылдың маусым айында Нұр-Сұлтан қаласында Дүниежүзілік сауда ұйымының ХІІ Министрлер конференциясы өтеді. Маңызды шараға ұйымға мүше 164 елдің және ДСҰ-ның 20 байқаушы елінің сауда министрлері қатысады. ДСҰ Министрлер конференциясы әлемдік сарапшылардың және іскерлік топтардың назарын Қазақстанға және күллі Орталық Азия өңіріне аударатыны анық. Мемлекет басшысының да экономикалық дипломатияны дамытуға айрықша көңіл бөлетіні белгілі. Шетелге жасалған ресми сапарлар мен шет мемлекет басшыларының елімізге сапарлары нәтижесінде көптеген коммерциялық келісімдер жасалды. Мәселен еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бір жылда Иранға жасаған сапары барысында жалпы сомасы 1,4 млрд долларды құрайтын 48 келісімге, Түркияға сапарында – 520 млн доллар сомасындағы 20 құжатқа, Сауд Арабиясына сапарында – 200 млн доллар сомасындағы 10 келісімге, Жапонияға сапарында – 1,2 млрд доллар сомасындағы 13 құжатқа, Оңтүстік Кореяға сапары кезінде – 640 млн доллар құрайтын 24 келісімшартқа қол қойылды. Сонымен қатар, Қазақстанның Еуропалық одақ елдерімен мемлекеттік деңгейде екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге мүмкіндік беретін институционалдық желі жұмыс істейді. 2015 жылы Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген ынтымақтастық пен серіктестік туралы келісімге қол қойылды.  Айта кетейік, Еуропалық одақ – Қазақстандағы ең ірі инвестор. Деректерге сүйенсек, еліміздегі инвестициялардың 49 пайызы Еуропалық елдеріне тиесілі. Бүгінде Қазақстанда мыңдаған еуропалық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Қазіргі уақытта еліміз инвестицияларды тарту және экспортты ілгерілету жұмыстарына баса мән беріп отыр. Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанда инвестициялар тартудың кешенді экожүйесі әзірленді. Инвестициялық ахуал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) стандарттарына сәйкес жүргізілетін болады. Ал экпортты дамыту бойынша өзара іс-қимыл регламенті әзірленді, ол отандық өнімдерді шет елдерде ілгерілетудегі тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Шет елдермен жасалған екіжақты және көпжақты сауда-экономикалық келісімдерде көзделген жеңілдіктер мен преференциялар экспортты арттырудың маңызды факторы екенін айта кетейік. Бұл бағыттағы жұмыс жандандырылуда. Экспорттың тағы бір негізгі құрамдас бөлігі – көлік және логистика. Осыған байланысты Қазақстанның көліктік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Соңғы онжылдықта Қазақстан көліктік инфрақұрылымды дамыту үшін шамамен 30 млрд АҚШ долларын жұмсады, ал 2020 жылға таман осы салаға қосымша 8,4 млрд АҚШ доллары бөлінбек. Сондай-ақ, сауда және экономикалық қатынастарды дамытудың маңызды факторы жүктерді алыс жерлерге сенімді, жылдам әрі тиімді жеткізу мүмкіндігін беретін жолдар болып келген. Нұрсұлтан Назарбаевтың «жол – шын мәнінде, Қазақстан үшін өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі» деуі тегін емес. Бүгінгі таңда бұл идея ауқымды көлік жобалары – автомобиль және теміржол магистральдары, республика ішіндегі заманауи инфрақұрылымға ие жол желілері, логистикалық орталықтар арқылы іске асырылуда. Бұл ретте «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы арқылы оң нәтижелер көріне бастады. «Қытай – Еуропа – Қытай» және «Қытай – Орталық Азия – Қытай» бағыттары бойынша көлік-логистикалық бағдарлары толыққанды қызмет етіп жатыр. Бағдарламаны іске асыру жылдарында басқа инфрақұрылыммен бірге, қытай тауарларын құрлық арқылы мейлінше тиімді бағдармен тасымалдауға мүмкіндік беретін бірыңғай транзиттік жүйе құрылды.  Сонымен бірге, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің Қазақстан бөлігінің құрылысы аяқталды. Бірегей дәліз жүктерді 10-12 күн мерзімінде тасымалдайтын, Еуропаға баратын ең қысқа автожол бағдары болды. Жүк тасымалдау шығындары бірнеше есе азаяды, бұл тұтынушы үшін тасымалданып жатқан өнімдердің құнына тікелей ықпал етеді. Ал Қазақстан осы транзиттен табыс алудың тағы бір мүмкіндігіне ие болады.  

Әсел МАҚСАТҚЫЗЫ