Болашақ сарбаздарға қолдау
Болашақ сарбаздарға қолдау
Елбасының «Жас сарбаз» мамандандырылған сыныптарын құру, әскери патриоттық тәрбие жұмыстарын жандандыру және әрбір мектептерде осындай жұмыстарды қолға алу бойынша берілген тапсырмаларын іске асыру мақсатында Алматы қаласындағы №1 балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалар үшін әскери-патриоттық кадет сыныбы ашылған болатын.
Бүгінде кадеттер сыныбына өз еркімен қабылданған жиырма баланы өз қамқорлығына алған Алматы қаласы Бас әскери прокуратура қызметкерлері мен ҚР ҰҚК Шекара қызметі Академиясының басшылары кадеттерге арнайы әскери форма тігіп беруге демеушілік етіп, арнайы оқу бағдарламасына сәйкес оқу кестесін құрып, балаларды әскери іске баулуды қолға алды. Алматы гарнизоны бойынша орналасқан әскери оқу орындарындағы білім шарасының аясында өтетін түрлі шараларға үзбей қатыстыруды назардан тыс қалдырмады.
Осыған орай балалар үйінің тыңдаушылары тарапынан құрылған «Жас шекарашы» кадет сыныбы биылғы жылдың қосымша білім беру бағдарламасы бойынша оқу мерзімін аяқтады.
Аталмыш шараға Алматы гарнизоны әскери прокуратурасының Бас әскери прокуроры әділет полковнигі, Саткен Тілекжан Бауыржанұлы мен аталмыш құзырлы органның аға офицері әділет майоры Амангүл Жұмағалиева, балалар үйінің директоры Омарова Ғалия Бисенқызы, «Жас сарбаз» қозғалысының өкілдері, Шекара қызметі Академиясының ардагерлері мен магистранттары және курсанттары қатысты.
Шара барысында, Бас әскери прокуратура өкілдері өздерінің кадеттерге деп арнайы алып келген заманауи үлгідегі сағаттарын балалардың қолдарына тақты. Мұндай бағалы сыйлықты «Застава тарландары» ЖШС ардагерлер ұйымының филиалы Академия ардагерлері де дайындаған екен. Олар да өз кезегінде заманауи үлгідегі Wi-Fi-ға қосылатын радио қабылдағыш пен бірікен дауыс зорайтқышты тарту етті.
Жанат Жабырбеков,
ҚР ҰҚК Шекара қызметі
Академиясының баспасөз хатшысы.