МЕМЛЕКЕТ ЖАС ҰРПАҚҚА ЖАҒДАЙ ЖАСАУДА

МЕМЛЕКЕТ ЖАС ҰРПАҚҚА ЖАҒДАЙ ЖАСАУДА

МЕМЛЕКЕТ ЖАС ҰРПАҚҚА ЖАҒДАЙ ЖАСАУДА
ашық дереккөзі
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылдың 11 қарашасында «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жолдауында «Экономиканы дамытуда жаңа сыртқы тәуекелдерді есепке ала отырып, бізге іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін жаңа бастамалар қажеттігін» айта келіп, өз тарапынан жүзеге асуы тиіс жеті мәселені атап көрсеткен-ді. Соның алтыншысында әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту мәселесі жайында былай деген еді:  «Бірінші кезекте, бұл – апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу. Балалар бақшасының жетіспеушілігі – басқа мәселе. Мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Әкімдер жеке секторды тарта отырып, бұл жұмыспен барынша айналысуы тиіс». Бұл еліміздегі білім саласында басты түйткілді мәселенің бірі болатын. Мемлекет тарапынан аталған мәселені шешу жіті қадағаланып, көптеген жерлердегі балалар өмірі үшін қауіпті саналатын оқу ордаларының орнына жаңалары салынып, сондай-ақ жер-жерлерде ашылған жаңа балабақшалар Елбасы көздеген мақсатқа қол жеткізуге үлкен әсерін тигізіп жатыр. Халқы көп өңтүстік өңірлерде де тез арада апатты мектептердің санын азайту ісі біршама жақсы жүрді деп айтуға болады. Мәселен, өткен жылы Түркістан облысында 1029 мектеп болса, соның 10-ы үш ауысымды, 12-сі апатты жағдайда болатын. Ол мектептердің жетеуі – Сарыағаш, үшеуі Қазығұрт ауданында болса, біреуі Мақтаарал ауданында, біреуі Сайрам ауданында екен. Осы мәселені шешу үшін республикалық және облыстық бюджеттен 5652,14 млн теңге қаржы қарастырылып, 9 мектептің құрылысы басталып кеткен еді. Осындай жедел қимылдар еліміздің барлық өңірлерінде көрініс тауып, жыл сайын апатты жағдайда тұрған және үш ауысыммен сабақ оқытылатын мектептер саны жыл сайын азайып келеді. Ал жаңа мектептер заманауи талап дәрежесінде салынып, онда білім алу дағдыларды дамытуға барлық жағдай жасалып жатыр. Мектептерге қатысты бұл жағдай Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан да толық бақылауда. Жақында Жетісуға келген мемлекет басшысы Алматы облысындағы апатты жағдайда тұрса да, әлі күнге білім беріп жатқан және үш ауысымда бала оқытып отырған ауыл мектептерінің жайын сөз қылып, аймақтағы мектептердің жағдайын жақсартуға республикалық бюджеттен 15,4 млрд теңге қаржы бөлінсе де, мәселенің әлі толық шешімін таппағанына сын айтқан болатын. Алматы облысы әкімі Амандық Баталов облыстағы апатты жағдайдағы мектептердің орнына жаңадан білім ошақтарын салуға тағы да 29 млрд теңге қаржы қажет екенін айта келіп, «Біз облыстағы мектеп жетіспеушілігін шешу үшін жұмыс істеудеміз. Бірақ, аймақтағы демография қарқыны біз ойлағаннан асып түсіп, өңірдегі әлеуметтік нысандарға сұранысты арттырып отыр. Мысалы, облыс аумағында жыл сайын 50 мыңға жуық бала туса, әр оқу жылында 40 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады. Демек, апатты жағдайда тұрған және 3 ауысыммен оқытып жатқан мектептерді күрделі жөндеуден өткізу мен жаңадан салуға бөлінген қаржымыз аздық етіп отыр. Алдағы бір-екі жылда облыста 14 мектеп жаңадан салынады. Бірақ, сұраныс бойынша тағы 20 мектеп салуымыз керек», – деп мәселенің мән-жайын түсіндірді. Демек, алдағы уақытта облыс әкімі бұл мәселенің толық шешімін табу үшін барлық мүмкіндікті іске қосып, білім ордаларында жас ұрпақтың лайықты білім алуына жағдай жасайтыны анық. Елбасы көтерген мектептер мәселесі бес жылдан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселенің бірі. Сондықтан аз уақыт ішінде бұл салада көптеген түйткілдер шешіліп, көптеген оң өзгерістер болды. Жақында осы мәселеге арнайы тоқталған ҚР білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинова үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешуге барынша күш салынып жатқаны және оның жақын күндерде шешімін табатынына сенім білдірді. Орта білім инфрақұрылымын алғанда үш ауысымды және апатты мектептер барын ескеру керектігін айтқан министр алдағы үш жылда – салынатын 190 мектеп орта білім саласындағы мектеп мәселесіндегі кемшіліктерді жоятындығын айтты. «Білім министрлігі үлкен талдау жұмыстарын жүргізді, өңірлер анықталды, болашақта балалар санына қарай ақша бөлінеді, ал қай жерде және қалай салу керектігін жергілікті атқарушы орган шешеді. Былтырдан бері орта білім саласындағы мемтапсырыс жеке мектептерге орналастырылуда, бұл да оқушы орны тапшылығын шешуге көмегін тигізеді», – деді салада болып жатқан өң өзгерістерді атап өткен министр. Жоғарыда Елбасы ескертуіне сәйкес, мектептердегі орын тапшылығы  мәселесі білім саласындағы жеке сектор есебінен шешіліп жатқан да жайттар кездеседі. Өз кезегінде ол да еліміздегі оқу ордаларының жағдайын жақсартуға септігі тиетін іс. Жасыратыны жоқ, кей жерлерде  қырық жыл бұрын салынған мектептер әлі де пайдаланылып келеді. Бірақ заман талабына орай елімізді технологиялық жетістіктермен жабдықталған және жайлылығы жоғары мектептермен қамтамасыз ету мақсат болып тұрған кезде Елбасының бұл мәселені дер кезінде мемлекеттік бағдарламаға айналдыруы – үлкен жетістікке қол жеткізуге бастайтын ізгі іс. Осының арқасында таяу уақытта қазақстандық жас ұрпақ әлемдегі алдыңғы қатарлы елдермен бір деңгейде білім алып, отанымыздың барлық саласын дамытуға мол үлесін қосатын патриоттар болатыны анық.  

А.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ