ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ – МЕМЛЕКЕТ БАЙЛАУЫ

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ – МЕМЛЕКЕТ БАЙЛАУЫ

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ – МЕМЛЕКЕТ БАЙЛАУЫ
ашық дереккөзі
Осыған дейін Қазақстанда жалпыхалықтық президент сайлауы бес рет (1991, 1999, 2005, 2011, 2015 жылдарда) өткені белгілі. 2011 жылдың 2 ақпанында Қазақстан Республикасының парламенті палаталарының біріккен отырысында Конституцияға енгізілген өзгерістер президентке кезектен тыс сайлау өткізуді жариялау құқығын бергеннен кейін, осымен үшінші рет Қазақстан Президенттігіне кезектен тыс сайлау өткелі отыр. Жасыратын несі бар, сайлауға түсіп отырған тұлғаның атақ-абыройы мен халыққа танымалдығы, кейде қолында билік ресурсы барлығы да сайлау нәтижесіне әсер етеді деген түсінік бар. Бірақ барлығы да сайлаушылардың саналы түрде дұрыс таңдау жасауы мен сайлау нәтижесінің бұрмаланбауына байланысты. Бүгінде елімізде өткелі отырған сайлауда осы екі нәрсенің де дұрыс орындалуына сенім артуға болады. Отқа жақындаған сайын оның денеңді қыздыратыны секілді, сайлау өтетін күн жақындаған сайын кандидаттар туралы пікірлер мен әңгімелер көбейіп, әшкерелегіш сипаттағы материалдар, әсіресе, әлеуметтік желіде желдей есіп жатыр. Әрине, бәсекелестік додасында жұрт алдына шыққан тұлғаларға деген көзқарастар қырық құбылып, жүз түрленіп жатады. Дегенмен бос айқайдан гөрі, айтылған әңгіменің діттеген жерге жетуі үшін өркениеттІ елдердегідей, әркім өзі білем деген нәрсесін дәлелді түрде хатқа түсіріп, Орталық сайлау комиссиясына тапсырып жатса, дұрысы сол болар еді. Ал бізде күмән-күдікке бой алдырып, әлі болмаған сайлау нәтижесіне болжау жасау басым. Қандай дода болса да, бәйгенің кермесіне жақындаған сайын өзгелерден оқ бойы озып, жұрт назарын бұратындар болады. Ал біз сайлау күні жақындаған сайын ел президенттігіне басты бәсекелес ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әміржан Қосановтың көрініп жатқанын байқап отырмыз. Несі бар, біреуі ұзақ жыл мемлекеттік қызметкер ретінде еліміздің қоғамдық-саяси өміріне әсер еткен тұлға болса, екіншісі – кезінде мемлекеттік қызметте болған, бірақ одан кетіп ұзақ жылдардан бері ел билігіне оппозициялық көзқараста екенін жасырмай, ашық көрсетіп келе жатқан халыққа танымал тұлғаның бірі. Қайсысы сайлауда жеңіске жетсе де, мемлекеттің дамуына қызмет ететін тұлға деп санауға болатын қайраткерлер санатында. Шыны керек, сайлаушылардың ақыл-парасаты қандай болса, сайлаудың нәтижесі де сондай болмақ. Кейбіреулер әлі болмаған сайлаудың әділ өтетініне, оның нәтижесінің дұрыс болатынына күдікпен қарап, елді сайлауға қатыспауға үгіттеп жүр. Бірақ бойкот жариялау неге әсер етпек? Одан да ел президенттігіне ұсынылып отырған жеті тұлғаның бірін таңдап, даусыңды соған берген дұрыс емес пе? Сонда сенің қолдауың да, қарсылығың да заңды түрде өз шешімін таппай ма? Сосын сайлау кезінде өзі ұнатпаған кандидатқа қара күйе жағып, аузына келгенін айту да мәдениетіңнің қандай екенін көрсетеді. Ертең сайлау өтеді, адамдар қалады, мемлекет орнында тұра береді. Сондай кезде күні кеше өзіміз жақтырмаған, кемсіткен, жала жауып қаралаған адамдардың жүзіне қалай қараймыз? Соны да ойлауымыз керек. Жалпы, бірен-саран көңілсіз жағдайды есепке алмағанда, биылғы сайлау науқаны алдындағы қоғамдық пікірлер – халқымыздың саяси мәдениетінің өскенін, ұлт деңгейінде ойлау дәрежесіне көтеріліп келе жатқанын мойындатады. Бұдан бұрынғы кездердегі сайлаудағыдай жұрттың жерге, тайпаға бөлінуі көрініп жатқан жоқ. Демек, бұл сайлауда әрбір сайлаушының өз таңдауын дұрыс жасайтынына үміттенуге болады. Президент сайлауының мемлекет байлауы екенін естен шығармағанымыз абзал.

Ахмет ӨМІРЗАҚ