Жаңалықтар

САУДА СОҒЫСЫНЫҢ САЛҚЫНЫ

ашық дереккөзі

САУДА СОҒЫСЫНЫҢ САЛҚЫНЫ

АҚШ пен Қытай арасында ұзақ уақыт бойы жалғасып келе жатқан сауда соғысы қайтадан ушыға түсті. Әлемде өз үстемдігін орнатуға таласып жүрген қос держава осы уақытқа дейін жүргізілген келіссөздердің текке кеткенін аңғартып, бір-біріне тағы да санкция жариялай бастады. Ал екі ел арасындағы мұндай текетірестің дүниежүзілік экономикаға әсерін тигізбей қоймайтыны анық.   Кезекті кезең: Huawei-дің күні не болмақ? Мамыр айының алғашқы аптасында Вашингтонда АҚШ пен Қытай тарапы келіссөздер өткізген. Өкінішке қарай, қос тарап бір мәмілеге келе алмады. Салдарынан АҚШ Қытайдан енгізілетін 200 млрд доллардың тауарларына салынатын баж салығын 25 пайызға дейін көтеретінін мәлімдеді. Бұған дейін де Вашингтон салықты 10 пайызға арттырған еді. Ақ үй басшылығы мұнымен де тоқтамайтынын ашық ескертіп, алдағы уақытта тағы 300 млрд доллардың тауарына салынатын салық көлемін арттыратынын сенімді түрде хабарлады. «Біздің ұстанған бағытымыз айқын. Бұған дейін барлығы бізді жұлып жеп, қажетінше пайдаланып келді. Енді ондайға жол бермейміз. Қытайдың саудадағы арсыз әрекеттерінің салдарынан жыл сайын 300-500 триллион доллардың табысын жоғалтып келдік. Енді бұлай болмайды. Қытайдың Президентімен ара қатынасымыз тамаша. Алайда ол Қытайдың, ал мен АҚШ-тың мүддесін ойлаймын», – деген болатын АҚШ президенті Дональд Трамп. Трамп әкімшілігінің мұндай қадамын Бейжің жауапсыз қалдырсын ба?! Қытай да 60 млрд көлеміндегі америкалық тауарларға баж салығын арттыратынын кесіп айтты. Аспан асты елінің бұл шешімі маусым айынан жүзеге аса бастайды. Қытай қаржы министрлігі келтірген мәліметтерге сенсек, маусым айынан бастап 5140 түрлі америкалық тауарға салынатын баж салығы 5-тен 25 пайызға дейін көтерілмек. Бұған дейін де Пекин әрекетсіз қалған жоқ. Қытай 110 млрд доллар болатын АҚШ тауарына баж салығын арттырған. Өздерінің қысымға көнбейтінін ашық мәлімдеген Бейжің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаудан ешқашан тартынып қалмақ емес. Келіссөздер уақытынан бір апта өткеннен кейін АҚШ Бейжің билігіне қарсы тағы бір қадам жасағандай болды. Бұл жолы Дональд Трамп ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін шетелдік телекоммуникациялық жабдықтарды қолдануға тыйым салды. Трамптың тыйымы, әсіресе, қытайлық Huawei компаниясына қатысты болса керек, «жергілікті компаниялар бұл брендтің өнімін пайдаланбауы қажет» деген шарт қойылды. Huawei өнімдерінен бас тарту үшін Трамп компанияларға 90 күн уақыт белгілеп берді. Тіпті, АҚШ-тың сауда министрлігі Huawei өнімдерін қара тізімге енгізуге ниетті. Олардың түсіндіруінше, Қытайдың мемлекеттік қауіпсіздік органы Huawei компаниясының тауарларын басқа мақсатта қолдануы мүмкін екен. Яғни, Вашингтонда бұл компания өнімдері тыңшылық әрекеттер үшін қолданылады деген күдік туындап отыр. Оның үстіне, Huawei компаниясына америкалық санкцияларды айналып өту үшін Иранға көмек қолын созды деген де айып тағылуда. Айта кетейік, Huawei – Қытайдың телекоммуникациялық жабдықтар өндіретін ең ірі компанияларының бірі. Сондықтан болар, Huawei әзірге Трамптың бұл әрекетін «шыбын шаққан құрлы» көрмейтінін дәлелдеуге тырысуда. Сөйтіп, Huawei компаниясының президенті Жэнь Чжэнфэй «компанияның күні қараң» деуге негіз жоқ» деген мәлімдеме жасады. Сондай-ақ, компания басшысы Huawei-ді технология әлемінен сызып тастау мүмкін еместігін, олардың мүмкіндігін бағаламаудың үлкен қателік екенін ерекше атап көрсетті. Расымен де, қазір ұялы байланыстың 5-ші буынын әзірлеуде қытайлар өзге бәсекелестерінен бір қадам алда. Оған патенттердің көпшілігі Huawei-ге тиесілі екендігі дәлел. Сондықтан алдағы уақытта америкалық ұялы телефон шығарушы компаниялар жылдам интернет үшін Huawei-ге тәуелді болуы мүмкін. Десек те, АҚШ Huawei-ді қара тізімге енгізгелі «Amazon» интернет-дүкенінде бұл компанияның тауарларына тапсырыс күрт төмендеген. Бірақ Қытайда қолданушылар саны сол қалпы. Ал Қытайдың мұндай жауаптарын естіген Вашингтон билігі қарап отыра бермек емес. АҚШ қазір Еуропа елдеріне Huawei өнімдерінен бас тартуды ұсынып отыр. Бұл ретте қытайлар өзге әріптестері жағдайды дұрыс таразылап, оң шешім қабылдайды деген сенімде. Талас-тартыс қалай басталды?