БАЛАНЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАП ЖҮРМІЗ БЕ, ҚОРЛАП ЖҮРМІЗ БЕ?

БАЛАНЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАП ЖҮРМІЗ БЕ, ҚОРЛАП ЖҮРМІЗ БЕ?

БАЛАНЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАП ЖҮРМІЗ БЕ,  ҚОРЛАП ЖҮРМІЗ БЕ?
ашық дереккөзі
Бала – бауыр етің. Бала – өмірдің мәні. Бала – біздің болашағымыз. Өмірге ұрпақ әкелген кез келген отбасының көкейінде осы тіркестер жатталып қалған. Иә, шын мәнінде адам баласының өмірдегі мақсат-мұраты не? Баланы соңында ізін жалғар тұяғы деп біле ме, әлде сол перзентінің білімді, саналы, тәрбиелі болуы үшін күресе ме? Жалпы, біз балаларымызды қалай қорғап жүрміз? 1 маусым – балаларды қорғаудың дүниежүзілік күні. Бұл күн 1949 жылы қараша айында Париж қаласында өткен Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының шешімімен бекітіліп, ресми түрде 1950 жылдан бері аталып өтіліп келеді. Қандай жағдай болсын, әуелі бала жапа шегеді. Тарихта орын алған зұлмат жылдарда да тастанды балалар көбейіп, қорғансыздың қатары артты. Содан болса керек, балаларды қорғау күні әлемдік деңгейге көтеріліп, халық-аралық дәрежеде қолға алынды. Алайда, қай мемлекет қалай қорғап жүр? БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1989 жылы Бала құқықтары жөнінде конвенция қабылдады. Ондағы басты мәселелер: балаларды яғни (2-18 жас) соғыс қаупінен қорғау, денсаулығын сақтау,  демократия негізінде тәрбие, білім беруді жүзеге асыру идеялары. Осы конвенция негізінде ҚР Конституциясында Балаларды қорғаудың құқықтық негізін бекіту, отбасын қолдау, аналарды қамтамасыз ету, ерекше қиын жағдайға душар болған балаларды қамқорлыққа алу шараларын жүзеге асыру міндеттелген. Әр елдің балаларға деген қамқорлығы сол елдің экономикалық ахуалына да байланысты екенін ұмытпау керек. Қазіргі таңда әлемді түсік жасату мәселесі қатты алаңдатып отыр. Бұл күнді аборт жасатуға қарсы күн ретінде белгілеп, әлі дүние есігін ашпаған сәбилердің өмірін сақтап қалу үшін түрлі акциялар ұйымдастырады. Көптеген елде, әсіресе, Чехия, Литва, Белорусияда 1 маусым күні немесе соған жақын күндердің бірінде абортқа қарсылар жиналып, осы бір түйткілді мәселеге дүйім жұрттың назарын аударуға тырысады. Ал Ресейде абортқа қарсы пикет, автошеру секілді акциялар ұйымдастырылып тұрады. 2014 жылы 2 маусымда Воронеж қаласында медициналық көмек көрсететін мекемелер «Түсік жасатпайтын күн» деген акция өткізді. Бұл акция осы 1 маусым балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған. Сондай-ақ, бұл күні ауыр дертке шалдыққан балалардың, көпбалалы аналардың да жағдайы назарға алынады. Мысалы, 2014 жылы балаларды қорғау күніне орай «Ақ гүл» атты қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – сырқаты ауыр балаларға қаржылай көмек жинау және онкологиялық мәселелерге қоғамның назарын аудару. Жалпы, қорғансыз балалар қатарына ата-аналары жоқ кәмелетке толмаған балаларды жатқызамыз. Ал енді ата-анасы бола тұра, мейірімнен гөрі қорлық көріп жүрген қанша бала бар? Мұндай жағдайда осындай істермен айналысатын ұйымдар ондайларды әке, ана атану құқығынан айырып, баланы қайырымдылық мекемелеріне өткізеді. ВИЧ жұқтырған балалар көтерген сынақ 2006 жылы Шымкент ауруханасында 200-ден астам балаға ВИЧ вирусы жұққаны қоғамды дүрліктірген еді. Қазір сол балалар 12-13 жасқа аяқ басты. Дәрігерлердің салғырттығынан болған жағдай қаншама отбасының өмір бойғы қайғысына айналды. «Дәрігерлер ісі» бойынша 21 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, тиісті жазаға тартылды да. Алайда одан балалардың денсаулығы оңалып кеткен жоқ. Жабысқан дерттен сол күйі айыға алмады. Бұл балаларды бақылауда ұстайтын оңалту орталығы жылына үш-төрт баланың ғана диагнозын естіртіп келген. «100-ден аса балаға естіртуге уақытымыз бен мүмкіндігіміз жетпейді-ау деген қорқыныш бар. Айтпауға болмайды, жасы жетті. Әрқайсысына уақыт, көңіл бөлу керек. Балалармен топтық жұмысқа да қаржы керек. Бұл – үлкен мәселе. Ол үшін әлеуметтік жоба қажет. Осы жаста айтса, жеңіл тиетін еді» дейді мамандар. Ең өкініштісі, Түркістан облысындағы ВИЧ жұқтырған 220 сәбидің 55-інен енді СПИД дерті анықталған.   Зомбылық көрсетушілер қашанғы тайраңдайды? Қазір айдың-күннің аманында баладан көз жазып қалу, пиғылы жаман адамдардың құрбанына айналу оқиғасы көбейіп кетті. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің статистикалық мәліметтеріне сәйкес, елімізде соңғы бес жылда кәмелетке толмағандарға қарсы 964 зорлау дерегі тіркелген. 2013 жылы кәмелет жасына толмаған 258 адамға қарсы зорлау дерегі тіркелсе, 2014 жылы бұл сан екі есеге қысқарған. Ал 2015 жылы 254 бала зорлық көрсе, 2016 және 2017 жылдары 123 және 131 бала зәбір көрген ретінде тіркелген. Алайда бұл деректер бойынша қанша қылмыстық істің сотқа жеткені және сот үкімінен кейін қанша адамның шағым түсіру арқылы жазасын жеңілдеткен-жеңілдетпегені белгісіз. Сонымен қатар 2018 жылдың көктемінде кәмелетке толмаған 19 адам зорланды деген дерек тіркелген. Олар кімдерден зорлық-зомбылық көрді? Педофильдерді неге тайраңдатып қойдық? Педофилдер туралы мәліметтер ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитеттің порталындағы «Геоақпараттық жүйелер» бөлімінде электронды карта түрінде жарияланған, онда қылмыскерлер туралы мәліметтерді (фото, аты-жөні, туған жылы, мекен-жайы және сотталғаны жайлы мәліметтер) көруге болады. 2016 жылдың сәуір айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған еді. Заң жобасындағы өзгертулердің ішінде педофилдерді кастрациялау жазасын қолданысқа енгізу де бар. Бұл заң балалардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған. Осыған орай, елімізде педофилдерді кастрациялауға медициналық ұйымдарға 9,629 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражат облыстық бюджеттер мен Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне үлестіріледі. Айта кетсек, бұл мақсатта ең көп қаражат – 1,936 миллион теңге Қарағанды облысына бөлінген еді. Алайда, мұнымен іс біткен жоқ. Зинақорлықтың құлына айналып, тән рахаты үшін ештеңеден де тайынбайтындар айылын жияр емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын өзінің туған қызын зорлап келген адам ұсталып, сотталды. Өткен жылы алты жастағы бүлдіршінді зорлап, тіпті өлтірмек болған педофил өмір бойы бас бостандығынан айрылды. Қайбір жылы Астана маңындағы қамыс өскен көл жағалауына алты жастағы қызды алдап апарып зорламақ болған педофилді сол маңайда құрылыс салып жатқан жігіттер ұстап, полицияға тапсырды. Ал таяуда Алматы қаласындағы сауда үйінің бірінде дәретханада 7 жасар қызды зорламақ болған жауыз ұсталды. Олардың алшаң басып жүруіне не себеп? Неге біз әлпештеп өсірген баламызды қорғауға дәрменсізбіз?   Балабақша зомбылық көрсету ордасы ма? Күнкөрістің қамын күйттеп, баланы тезірек балабақшаға беруге асығамыз. 2 жастан асқан сәбиді жылағанына да қарамай, таңертең тәрбиешіге табыстап, кете береміз. Ол бала не үшін жылайды? Бәлкім, әлі тілі шыға қоймаған баланы ұрып-соғатын шығар?! Ата-ана мұның астарына соңғы кезде ғана үңілетін болды. Себебі балабақшада, мектепте орын алған бассыздықтар интернетте өріп жүр. Еліміз бойынша 9407 мектепке дейінгі мекеме бар. Оның 241-і жекеменшік балабақша. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Алайда соңғы кездері баланы аяусыз ұрған тәрбиешілер туралы жиі еститін болдық. Бұл жағдайлар бейне бақылау камералары мен ұялы телефонға түсірілмесе, балабақша қызметкерлерінің мұндай қатігез қылығы туралы ешкім білмес пе еді? Өзінің пасық әрекетін әлсіз балаға көрсетіп, әлімжеттік жасағанын, баланың психологиясына өмірлік жара салғанын ешкім байқамас па еді? Қызылорда облысындағы «Бибіжар» балабақшасында А.Нұрғалиева есімді әдіскер баланы ұрғаны үшін жұмыстан қуылған. Бұл хабарды естіген Қызылорда облыстық ІІД оқиғаның мән-жайын тексерді. Бұдан бөлек, соңғы бір айдың ішінде балаларды балабақшада ұру туралы бірнеше шулы оқиғаның куәсі болдық. Олардың барлығы желіде кеңінен таралып, қоғам тарапынан наразылығын тудырған еді. Ата-аналар балаларының тағдыры, денсаулығы мен тәрбиесіне алаңдайтындарын жеткізсе, енді бірі орыс тілді балабақшада мұндай оқиға өте сирек кездесетінін айтады. Пікір білдірушілердің дені қазақ тілді тәрбиешілер мен дәрігерлердің және қазақ тілді балабақшалардың балаларға дұрыс көңіл бөлмейтінін және баланы жасық қылып тәрбиелейтінін айтып сынның астына алды. Оның ішінде мектепке дейінгі балаларды тәрбиелейтін мекеме қызметкерлері көбіне грант үшін ғана аталмыш мамандықты оқитынын айтқандары да болды. Жалпы, осы саланы таңдаған маман баланы сүюі керек. Оған бар мейірімі мен махаббатын төгуі тиіс екенін білсе ғой... Ақтөбе облысында балабақшада балалардың құлағынан тартып, күш көрсеткен тәрбиешіге қатысты сот шешімі шығып, оны үш жылға педагогикалық қызметтен шектеді. Айыптау актісіне сай, балаларды ұру оқиғасы 2018 жылы қыркүйекте Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы Бадамша ауылындағы «Айгөлек» балабақшасында болған. 18 жылдық еңбек өтілі бар тәрбиешінің балаларға күш көрсетіп жатқан сәтін дайындық тобындағы тәрбиеленушілердің бірі видеоға түсіріп алған. Ата-аналар алғашында бұл жайттан хабарсыз болған. 2019 жылғы ақпан айында бұл видео желіге тарап кеткеннен кейін ата-аналар сотқа шағым түсірген. 50 жастағы тәрбиешінің үстінен Қылмыстық кодекстің «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша іс қозғалған. Ақтөбе облыстық білім басқармасының хабарлауынша, балаларға агрессия көрсеткен педагог – жоғары категориялы маман. Ол балаларға күш көрсеткені әшкере болғаннан кейін өз еркімен жұмыстан кеткен. Кейін «Айгөлек» балабақшасының меңгерушісі де орнын босатқан. Ол ол ма, мамыр айының ортасында Талдықорғанда балабақшаның екінші қабатынан 2 жасар қызбала құлап кетті. Оны терезенің алдына тәрбиешінің өзі шығарған. Әлеуметтік желіде жарияланған видеобақылау камерасының жазбасында «Қарлығаш» балабақшасының қызметкері қызды көтеріп, ашық тұрған терезенің алдындағы тақтайға тұрғызады. Тәрбиеші оның жанына тағы бір баланы алып келеді. Олар терезенің алдына сыймай, бірін-бірі итере бастайды да, қыз москит торына сүйенеді. Тор салмақты көтере алмай, баламен бірге сыртқа түсіп кетеді. Ғимараттың сыртындағы камерадан түсірілген тағы бір жазбада қыздың екінші қабаттан құлаған сәті көрінеді. Қазір кішкентай бүлдіршіннің жағдайы бірқалыпты.   Балалар үйінде қаракөздер азайды Жақында Алматы облыстық №1 балалар үйіне бас сұқтық. Мұнда 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді екен. Алдымыздан жүгіріп шыққан ұлты орыс, ұйғыр балалар «Сәлеметсіз бе?!» деп жамыраса амандасты. Әуелгіде тек амандасуды ғана қазақша жаттап алған болар деген ой келген. Сөйтсек, өзара ойнап жүргенде де бір-бірімен қазақ тілінде шүйіркелесіп жүргеніне көз жеткіздік. Мұндағы балалардың тағдыр тауқыметі де әрқилы. Бірінің анасы кісі өлтіріп, темір тордың арғы жағынан бір-ақ шықса, енді бірі есірткі саудасымен қолға түскен. Осылайша, мойнына қаншама жылды алған  анасы да, балалар үйінде жәутеңдеген сәбиі де біріне бірі жете алмайтын халде. Алматы облыстық №1 балалар үйінің директоры Гүлмира Сансызбайқызы: «Қазір 109 тәрбиеленуші бар. Оның ішінде 37-сі толық жетім, қалғаны ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала» деп бастады әңгімесін. – 2016 жылдың сәуірінен бері жұмыс істеп келемін. Сол кезде 54 қазақ баласы болған еді. Қазір 16 ғана. Мұны бір жетістік демесек те, жақсы нышан деп ойлаймын. Ол балалардың көбіне ата-ана тауып беріп, отбасына жібердік. Бүгінде қаракөздерімізден тек ересектері ғана қалды. Яғни, бұл балалардың әке-шешесі ішімдікке салынған немесе есірткіге бой алдырғандар. Одан қала берді кейбірі түрмеде жатыр. Сондықтан денсаулығында ақауы бар балалар да бар. Үш бала Есік қаласында көзі нашар көретін балаларды тәрбиелейтін интернатта оқиды. Олар бізге тек мейрам, демалыс күндері ғана келеді. – Оларды көбінесе кімдер асырап алып жатыр? Естуімізше, өз елімізде бала асырап алудың машақаты көп сияқты... – Бала асырап алғысы келетіндердің қатары көп. Қазір құжаттарды жинау да бұрынғыдай емес, жеңіл. Егер бала сүйгісі келген ата-ана шын ниеттенсе, ешқандай қиындық туындамайды. Себебі қаншама мекеме осы мақсатта жұмыс істеуде. Ал өзім келгелі шетелден ешкім бала асырап алған жоқ. – Айтыңызшы, балалар үйіне мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы жеткілікті ме? – Мемлекет біздің қызметкерлердің жалақысын, ғимаратты ұстау шығынын жауып отыр. Бірақ әр балаға бөлінген зат санаулы ғана. Бала болған соң сындырады, жоғалтады дегендей. Сондай кезде бізге өз еркімен көмектесушілердің көмегі көп тиеді. – Қазір қасиетті Ораза айында қайырымдылық жасаушылар көп пе? – Бізге жақында бір кісі келіп, түскі ас беріп, балаларды мәз-мейрам етті. Біздің мекен-жайымыз қала аумағында орналасқанмен, облысқа қараймыз. Әрине, кішкентай балалармен де, ересектермен де жұмыс істеу оңай емес. Олардың түп-төркіні қайдан шыққанын да жаңа айттым. Мұнда 23 үйірме секция ашып қойдық. Оларға бос уақыт қалдырмауға тырысамыз. Жақында 9 тәрбиеленуші Дубайға барып келді. Джи-джитсудан 2 чемпион қызымыз бар. Екі футбол команда, бокс, баскетбол үйірмесі жұмыс істейді. Қолөнер бұйымдарын жасаудан бөлек ағылшын тілін үйренеді. – Балалар үйінен кеткен балалармен байланыс бар ма? – Олар үшін арнайы грант бөлінеді. Сол арқылы жоғары оқу орнына оқуға түсіп кететіндері көп. Бізден кейін жоғары оқу орны бітіргенше қамқорлығына алады.   Кәмшат Есмұханбетқызы, заңгер:  width= – Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 141-ші бабында «Балалардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру, қызметтік бабы бойынша салғырт қарау және баланың өліміне алып келетін жағдайларда» балабақша қызметкерін 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырады және 3 жылға дейін балалармен жұмыс істейтін қызметке орналаса алмайды. Ал балабақша қызметкері абайсызда баланың денсаулығына зиян келтірсе 2 жылға бас бостандығынан айырылады және 3 жылға дейін бұрынғы қызметіне орала алмайды. Егер тәрбиеші 3 жылда ешқандай жауапқа тартылмаса, тәртіп бұзбаса сотқа қызметіне оралу туралы өтініш жаза алады. Балаға зорлық көрсетудің түрлі әдістері бар. Оның ішінде физикалық зорлықпен қоса, психологиялық қысым да бар. Психологиялық қысымды дәлелдеу үшін психологиялық сараптама жүргізіледі және нақты балалабақшадан психологиясына зақым келгенін дәлелдеу қажет болады. Үлкендердің тарапынан, оның ішінде тәрбиешілерден зорлық көрген балаларға ең алдымен сол балалардың құқығын қорғайтын ұйымдар қол ұшын беру керек. Алайда олар көбіне үнсіз қалады. Ата-аналар өздері заңгерлердің көмегіне жүгініп, мекемелердің табалдырығын тоздырады. Балалардың құқығын қорғайтын ұйымдардың жұмысы жанданса деген тілегім бар.   Майгүл Бағыбаева, психолог:  width= – Қазір қоғамда балаларға зорлық-зомбылық көрсету белең алуда. Қоғамдағы психологиялық қысымның жоғары болуының салдарынан адамдарда депрессия мен созылмалы шаршау байқалады. Содан кейін ондай адамдар көбінесе білім беру мекемелеріне барып жұмыс істеуге тырысады. Отбасындағы шешілмей жатқан сан қатпар мәселесі бар, жоқшылық қысқан адамнан қандай нәтижелі жұмыс күтеміз. Ол сосын іштегі қайнап жатқан ыза мен кекті сыртқа шығарады. Мұның зардабы балаға да тиіп жатыр. Психологиялық зомбылық дегеніміз – бұл бір адамның екінші адамға қысым көрсетуі. Физикалық, эмоциялық және вербалды қысым бар. Бұл адам көп шоғырланған жерде жиі көрініс табады. Ал психологиялық зардап шеккен бала қашан да өзін кінәлі сезінеді, өзін басқалардан төмен көреді. Бұл баланың болашағына да кері әсерін тигізеді. Өскенде де «қорғансыз» күйді басынан өткізіп жүреді. Мүмкін, балаға талапты түрліше қоятыны тәрбиешінің тұлғалық ерекшелігімен байланысты болар. Бала алдындағы ботқаны жегісі келмейді. Оны мәжбүрлі түрде жеуге итермелеуі ғажап емес. Осыдан баланың мінез-құлқы өзгереді. Мұны кей ата-ана білмей қалуы мүмкін. Себебі, жұмыстан қолы тимей, балаға көңіл бөлмейді. Сондықтан ата-ана баланың тәрбиешісі кім, сынып жетекшісі қандай адам, осының бәріне мән беруі қажет. Тіпті, кез келген ата-ана балабақшадағы баласының немен айналысатынын, кіммен қалай қарым-қатынас жасайтынын білуіне, күні бойы бақылауына құқығы бар. Көптеген Еуропа мемлекеттерінде, АҚШ-та, Канадада арнаулы қызметтер (полиция) жұмыс істейді. Балалар соларға телефон соғып, ата-аналарының дөрекі қылықтары, күш қолданып жөбірлеуі туралы хабарласса, олар тездетіп сол араға жетіп шара қолданады, ата-аналарына айыппұл салады. Ал бізде туған баласын аяусыз сабап, ауыр жағдайға түсірген ата-ана көбейіп барады. Тіпті, 5 жасар баласын күрекпен ұрған әкені де көрдік. Мұның бәріне кім кінәлі? Қоғам ба, әлде...

Динара Мыңжасарқызы