«Жиырманың» жиыны: түйін қандай?

«Жиырманың» жиыны: түйін қандай?

«Жиырманың» жиыны:  түйін қандай?
ашық дереккөзі
Анталья саммиттің басты қорытындылары
Түркияның Белек курорттық қаласында (Анталья провинциясы) 15-16 қараша күндері «Үлкен жиырмалық» (G20) саммиті өтті. Франция президенті Франсуа Олландтан басқа «үлкен жиырмалық» елдерінің көшбасшылары түгел қатысқан жиын бұл жолы дәстүрдегіден өзгеше болды. Париждегі терактілерге байланысты алдын ала жоспарланған ойын-сауық шаралары шегерілді. Сондай-ақ, саммит төрағасы – Түркияның ұсынысымен экономикалық мәселелер қаралатын басқосудың күн тәртібіне алғаш рет терроризмге қарсы бірлескен күрес және босқындар проблемасының гуманитарлық мәселелерін талқылау енгізілді.

«Үлкен жиырмалық» саммиті бір минут үнсіздіктен басталып, мемлекет басшылары Париждегі лаңкестік шабуылдардың құрбандарын аза тұтты. Күн тәртібіндегі басты мәселе ретінде жиында Донбастағы жағдайды реттеу түйткілдері талқыланады деп жоспарланған болатын. Алайда Франиядағы терактілер сериясы саммиттің жұмыс жоспарына өзгерістер енгізіп, украиналық дағдарыс тағы да екінші планға ысырылды. Мемлекет басшылары жаһандық қауіпсіздік, босқындар мәселесіне және ең маңыздысы – лаңкестікпен күреске баса мән берді. Саммит басталған күні Түрцияда лаңкестің өзін-өзі жарып жіберуі, оқиға салдарынан 5 полицейдің жапа шегуі де жиналғандарға түйткілдің ушығып бара жатқанын ұқтырып, бүкіл әлемге төнген қауіпті еңсерудің жолдарын бірлесіп іздеуге итермелегені хақ. Саммиттің Франциядағы қайғылы оқиғалардың қарсаңында өтуі «Үлкен жиырмалық» көшбасшыларының бірлігін арттырып, мәмілеге келуін жеделдеткені де халықаралық БАҚ-тың қырағы назарынан тыс қалған жоқ. Сейсенбі күні басылымдар басқосу қорытындысы бойынша жарияланған мәлімдеме мен Лаңкестікпен күрес жөніндегі декларацияны жариялады. Лаңкестіктің ешқандай дін, ұлт және этникалық топқа қатысы жоқ екенін қуаттаған декларация 9 бөлімнен тұрады. Осы құжат арқылы «Үлкен жиырмалық» елдері лаңкестікпен бірлесе күресіп, атышулы лаңкестік топты қаржыландыру көздерін жою үшін әріптестік жасауға ниетті екендерін, іс-қимылдар туралы мәлімет алмасу қажеттігін және шекараларда бақылауды күшейтіп, әуе тасымалының қауіпсіздігін арттыруды қалайтындықтарын білдірді. Бұл мақсатта саммитке қатысушы елдер «Қаржы амалдарының арнайы тобы» (FATF) атты қаржы ережелерін басшылыққа алмақ. Мәлімдемеде әртүрлі елдердің лаңкестікпен күресуге бағытталған шаралары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің экстремистік қатігездіктер және экстремистік топтармен күрес, лаңкестерді ғаламтор көздері мен жарнамалық қызметтерге қолжетімдік пен соған қатысты мүмкіндіктерден шектеу туралы №2178 қарарына сәйкес болуы тиістігі баса айтылған. «G20» тобы басшыларының саммиті сондай-ақ, лаңкестердің әлемнің жер-жерінде шабуыл жасап жатқанын назарға ала отырып, елдердің лаңкестікпен күрес жолындағы әріптестігі белгілі бір аймақта ғана шоғырланбауы тиіс деген мәселеге назар аударылды. Ақ үйдің: «АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Италия мен Францияның басшылары «G20» тобы отырысы аясында ИГИЛ лаңкестік тобын ауыздықтау үшін ортақ шара қолдануға келісті», – деген мәлімдемесі саммиттің маңызды нәтижелерінің бірі болғанын айта кеткен жөн. Түркиядағы жиынның тағы бір елеулі тұсы – АҚШ перзиденті Барак Обаманың Ресей президенті Владимир Путинмен Сирия мен Донбастағы ахуал туралы келіссөздер жүргізуі. Халықаралық БАҚ-тың хабарлауынша, аудармашылардың көмегімен 20 минут пікір алмасқан көшбасшылар аталмыш мәселелерді БҰҰ-мен ынтымақтаса отырып шешуге келіскен көрінеді. Алайда тараптардың ешқайсысы жоспардан тыс өткен бұл келіссөздер туралы ресми мәлімдемес жасаған жоқ. «Үлкен жиырмалық» саммитінде Сирия президенті Башар Асадтың тағдыры да талқыға түсті. Сириялықтардың көшбасшысына тіс қайрап жүргендер көбейгенімен, жиынға қатысушылар ортақ мәмілеге келіп, Башар Асадтың болашағын байыппен шешуге келісті. «Бастапқыда көзқарастарымызда алшақтық көп еді. Башар Асадты көп созбай биліктен тайдыру керек деп есептейтіндер мен оның билігін жақтайтындар бірте-бірте тіл табыса бастады. Алдағы уақытта пікір қайшылығы мүлдем жойылады деп ойлаймын», – деді саммиттен кейін журналистермен кездескен Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон. «G20» елдерін таңғалдырған мәлімдеменің бірі – Ресей президенті Владимир Путиннің Украина қарызын үш жылға ұзартуға келісім беруі. Бұл украиндар үшін Халықаралық валюта қоры талап еткен шарттардан әлдеқайда тиімді мүмкіндік болмақ. «Біз Украина қарызын қайта қарауға келісім беріп қана қоймай, Халықаралық валюта қоры ұсынған шарттарға қарағанда анағұрлым оңтайлы жағдай жасадық», – деді Путин. Алайда Ресей тарапынан қарызды қайта құрылымдау туралы ресми ұсыныстың түспегенін айтып, Украинаның Қаржы министрлігі Владимир Путиннің мәлімдемесіне жауап беруден әзірге бас тартып отыр. Ресейге қарсы санкциялар мәселесін талқылау үшін саммит аясында арнайы кездесу өтті. Бұл басқосуға Ұлыбритания премьері Дэвид Кэмерон, Германияның канцлері Ангела Меркель, Италия премьер-министрі Маттео Ренци мен Францияның Сыртқы істер министрі Лоран Фабиус қатысты. Олар бірауыздан Минск келісімінің шарттары толық орындалғанша, Ресейге қарсы санкциялардың өз күшінде қала беретінін мәлімдеді. Украина түйткілі бұл саммиттің негізгі өзегіне айнала алмады. Есесіне, жаһандық қауіпсіздік, лаңкестікпен күрес мәселелері басымдыққа ие болды. «Үлкен жиырмалық» саммитінің қорытындыларына баға берген халықаралық сарапшылардың айтуынша, Қырым мен Донбастағы түйткілдерді шешудің келешегі күңгірт болып қала бермек. «Өкінішке қарай, әлемдік геосаясаттағы жаңа оқиғалар шешімін ұзақ уақыттан бері күтіп тұрған өзге мәселелерді тағы да кейінге ысырды. Украина дағдарысының әлемдік күн тәртібіне қайта қойылатынына күмәнім бар. Украина үшін тығырықтан шығар жалғыз жол – Минск келісімінің жүзеге асырылуы», – дейді Украинаның саясатты басқару және сараптау институтының директоры Руслан Бортник. "Пента" саяси зерттеулер орталығының басшысы, белгілі саясаттанушы  Владимир Фесенко әріптесінің бұл пікірімен келіспейді. «Бұл жағдайды трагедияға айналдырудың қажеті жоқ Украина мәселе күн тәртібінен тек уақытша шегерілді. Оған белгілі бір деңгейде Париждегі терактілер де себеп болғаны рас. Алайда өзге де факторларды ұмытпаған жөн. Еуропадағы босқындар мәселесінің ушығуы мен Шығыс Украинада тыныштық орнауы да аталмыш тақырыпты кейінгі планға ысырды. Бірақ әлем Украина мәселесін ұмытқан жоқ, ерте ме, кеш пе оған қайта оралады», – дейді маман. «Үлкен жиырмалық» келер жылдың қыркүйегінде Ханчжоуда, ал 2017 жылы Германияда бас қосады. Алайда ол кезде мемлекеттер Украина түйткіліне үңіле ме, жоқ па – белгісіз. Әлемдік геосаяси ахуал күніне қырық құбылып тұрғандықтан, келер жыл тұрмақ, ертеңгі күнді болжау қиын.