Жаңалықтар

Ақтөбенің 150 жылдығы аясында қайырымдылық аукцион өтті

ашық дереккөзі

Ақтөбенің 150 жылдығы аясында қайырымдылық аукцион өтті

Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына орай «Өнер орталығында» «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық аукцион-концерті өтті. Оған Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысты. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік-патронаттық қолдау көрсетуді мақсат еткен шарада өңірдің танымал әншілері мен мәдениет майталмандары өнер көрсетіп, өз үлестерін қосты. Қайырымдылық концерттен және өткізілген аукционнан түскен қаражат иелеріне сертификаттар тапсырылды. Ал, жетім балаларға мейірімділік көрсетіп, демеушілік танытқан азаматтар Алғыс хаттармен марапатталды. «2016 жылдан бастап ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін облыс және қала басшылығы өткізетін арнайы акциямыз жүріп жатыр. Оған жетістікке жеткен ақтөбеліктер, бизнесмендер қатысуда және оларға көмектесуге мүмкіндігі бар. Осы уақыт ішінде балаларға 38 миллион теңге жиналды. 120-дан астам бала өз пәтерлерінде тұрып жатыр. Сіздерге де осындай көмектеріңіз үшін алғысымды білдіремін", - деді Ілияс Испанов көпшілікке. Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде көптеген қайырымдылық іс-шаралары өтті. Ақтөбе облысы әкімінің тапсырмасымен қалада жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау бойынша кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда. Қала әкімдігі де осындай мұқтаж жеткіншектерге қолдау көрсетуде әрдайым белсенділік танытады. Мәселен, қала әкімі Ілияс Испановтан бастап, бөлім басшылары мен олардың орынбасарларына, қалалық мәслихат депутаттарына, ведомстволық бағыныстағы кәсіпорындарға жетім балалар бекітілген. Олар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да ашылған сол балалардың жеке шоттарына ай сайын жалақылары есебінен қаражат салып отырады.

Асхат Райқұл