Жаңалықтар

Қазақстан әскерінің болашағы сөз болды

ашық дереккөзі

Қазақстан әскерінің болашағы сөз болды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрлігі алқасының кеңейтілген отырысына қатысты. Қазақстан президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Елбасының тұрақты қолдауының арқасында Қазақстанда ықшам, мобильді және соғысқа қабілетті армия құрылды. Оның негізгі миссиясы – мемлекеттің егемендігі мен аумағының тұтастығын қорғау. "Қарулы күштердің басшылық құрамының алдында болып жатқан өзгерістерге бейімделу ғана емес, сондай-ақ алдын алу жұмыстары тұр. Бұл қауіп-қатерлерге жан-жақты талдау жасауды талап етеді. Бүгінде біз геосаяси қайшылықтардың шиеленісе түскеніне, жаңа қақтығыстардың пайда болғанына куә болып отырмыз. Әскери іс-қимылдарды жүргізудің формалары мен тәсілдері өзгерді, дәлдігі жоғары қарулар мен басқа да заманауи қару-жарақтардың үлесі артты. Сондықтан мен "Айбалта" оқу-жаттығуы кезінде қорғаныс министріне Қарулы күштерді құру және дамыту тұжырымдамасына тиісті өзгерістер енгізу жөнінде тапсырма бердім", – деді Қазақстан президенті. Қазақстан президенті жауынгерлік дайындықтың деңгейін көтеру мен шұғыл әрекет ету, әскери білім беру жүйесін жетілдіру мәселелеріне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, оқу-жаттығу бағдарламалары түрлі жағдайларды, ұрыс жүргізудің заманауи формалары мен әдістерін, қару-жарақ пен техниканың жаңа түрлерін үйретіп, қолдануы тиіс