23 Мамыр 2019, 16:26 643 0 Білім "Түркістан" газетінің авторлары

АДАМЗАТ ПЕН ҒАЛАМЗАТТАНУШЫ

 

Адам мәселесі сонау орта ғасыр философиясынан бері шешімін таппай келе жатқан, сыртқы қалыбы қаланса да, ішкі күйі белгілілік пен белгісіздіктің бел ортасында тұрған аксиома іспетті. Антропологиялық философия өкілдері – Макс Шелер, Хельмут Плесснер, Э.Ротхаккер, Арнольд Гелен және М.Ландман сияқтылар аталған мәселенің шешілуіне өз бетінше зерттеулер мен тұжырымдар жасап, айтарлықтай үлес қосты. Бұл кезеңнің ең ірі әрі беделді өкілі Макс Шелер өзінің «Космостағы адам жағдайы» туындысында философия айналасындағы күллі мәселелерді бір ғана «адам» дейтін сұраққа сыйғызды. Ал негізгі зерттеу объектісі «адам» болып, ой-толғаныстары мен философиялық пайымдауларына адамды арқау етіп, өз болмысы мен шығармашылық бағытын адам бойынан тапқан қазақ философтарының бірегейі, ұлы шайыр Абайдың да (Ибраһим) көздегені адамды барынша жоғары деңгейге жеткізу болды. Халқына «Адам бол!» деп үндеу тастаған ұлы ойшылдың ұят, иман мен ар мәселесін қозғау жолындағы ізденістері философтың инсани қасиеттерді бірінші орынға қойып, халық тағдырын, ұлттың рухани күйі мен құндылықтар бастауын адамға тірегенін көрсетеді.

Дәл осы үдерістерді әлі күнге жалғастырып, әлемді, адамды танып қана қоймай, жұртшылыққа танытып жүрген жандардың бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор, журналист, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі, түрколог, теолог, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Берікбай Сағындықұлы. Ғылымның сан саласында ерен еңбек етіп, әр салада да айтары көп ұлт ұлының бүгінгі мақаламызға елтанымдық, дінтанымдық, адамтанымдық бағытын бағдар етпекпіз.

Сексеннің сеңгірі ғана емес, ғылым мен адами сеңгірдің ұшар басына шыққан Берікбай Сағындықұлы қаршадайынан-ақ ауыл ақсақалдарынан дінтанымдық әңгімелер мен қиссаларды қызыға тыңдап, бала шақтан болашақтың негізін қалады. «Көкалташ» медресесін бітірген бірқатар ірі ғұламалардан сабақ алып, тіл білімінде ғана емес, дін білімінің айдынында да еркін қалықтап, сусындауға машықтанды.

Берікбай Сағындықұлы «Ғаламның ғажайып сырлары» атты қиссалар жинағында адамзатқа уақыттан адаспай, көксегеніне жетудің 5 түрлі логикасын меңгеруді ұсынады. Олар: адами логика; ғалами логика; ислами логика; рухи логика; ладуни логика. Мұндағы Ладуни логика деп отырғанымыз Алла тағаланың өз логикасы, яғни мүлде қателеспеудің жолын ұстану, – деп түсінік береді ғалым.

Антропология философиясында адам туралы ғылым екі үлкен топқа жіктеледі: фәнилік дүние ғылымы және бақилық дүние ғылымы. Фәнилік деп отырғанымыз – дәл қазіргі біз өмір сүріп жатқан әлем де, бақилық дегеніміз – бұл дүниеден өткеннен кейінгі әлем, мағынасы «мәңгілік» дегенге саяды. Ал мәңгілік әлемнің қайнар көзі рухта. Ғалым адамның денесі үш бөліктен: жан – дене – рухтан тұратынын атап, оның ішінде негізгі қызмет рухқа тиесілі екендігін түсіндіреді. Батыстың ортағасырлық философиясында да адам денесінің дәл осы аталған үш бөліктен құралғандығы айтылады. Ғалымның айтуына сүйенсек, Алла адамзатқа 999 қасиет берген. Адам бойында 999 түрлі жақсы қасиетпен қатар, 999 жаман қасиеті бірге дамып отырады екен. Олардың 900-і дене қасиеттері болса, 99-ы рух қасиеттері. Рухтың жүзінші сапасы адам толысып, кемеліне келгенде пайда болады екен. Рух қасиеттерінің саны аз болғанымен, арқалаған жүгі ауыр, атқарар қызметі орасан.

Айтпағымыз – Берікбай Сағындықұлы Еуропаның ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген философ, ғұламаларының айтқандарына барабар келетін, солардан кем түспейтін ой-толғамдар мен субъективті көзқарас, пікір білдіріп, қазақ қоғамының, жалпы адамзат қоғамының пайда болуынан бастап, қалыптасу кезеңдерін нақтылап, даму сатыларын жік-жікке бөліп берді. Қазақстанның қазіргі, ХХІ ғасырдағы рухани жаңғыру мәселелерін ғалым өз зерттеулерінде ертеректе-ақ сөз етіп үлгерген-ді.

Ғалым қиссаларының бірінде «батин көз» тіркесіне анықтама береді. «Батин» араб тілінде «ішкі» деген мағына береді. Керемет, құдіретті адамдардың батин көзі ашылады екен. Біз жиі қолданатын «көкірек көзі» тіркесімен мәндес, мағыналас. Батин көз бен жай көздің айырмашылығы жер мен көктей, – дейді ғалым. Батин көзге ғарыш, жер жүзі, жерасты толық көрінеді екен. Берікбай ағамыздың ғасырға жуық өмірінде жасаған еңбегі мен зерттеулерінен оған «батин көзі»/«көкірек көзі» ашылған ғұлама деп айтуға айғақ жетерлік. Яғни ғалымның өзі сөз еткен тіркестен өз бейнесін көре аламыз.

Философия ғылымы, негізінен, онтологиялық сұрақтар аясында туындаған материализм мен идеализмнің қарама-қайшылықтарынан өрбіген мәселелерді қарастырады. Дүниенің екі бірдей бастауын – материя мен рухты, материалдылық пен идеалдылықты өзара тепе-тең субстанция ретінде қарастыратын дуализм бағыты да жоқ емес. Бұл екі бағыт арасындағы айырмашылықтарды айшықтап, ерекшеліктерді екшелеу жолында зерттеушілер екі топқа бөлінді. Кезінде, ХІХ ғасырдың екінші жартысы, ХХ ғасырдың басында бұл екі бағытты ұстанғандар тең түсті. Ал қазір ше? Қазір қай бағыт үстемдік етуде? Бұл сұрақтар төңірегінде Берікбай Сағындықұлы да өз пікірін ашып айтты.

Ол деизм тұжырымдамасының (дүниенің негізін Құдай жаратты) жақтаушысы ретінде өзінің барлық зерттеулерінде идеализмді насихаттайды. Яғни адамды Алла жаратты, адамның әлемді танудағы басты құралы – рух, рухпен өмірге келіп, рух арқылы дамып, қалыптасады, фәнилік және бақилық дүниеде де пенденің ажырамас серігі – рух, – деген қорытындыға келеді. Адамның өсіп, рухани жетілуінде қоршаған ортаның, қоғамның ықпалы белгілі дәрежеде жоғары. Тарих беттерін парақтасақ, Кеңестік кезеңнің қираған шағында сыртқы экономикалық, әлеуметтік жағдайды былай қойғанда, рухани мүшкіл халге түскенін білеміз. Сол кезеңдегі құдайсыздардың насихаты бүгінде де белең алып, материализмнің қанатын кеңге жайғаны көп жағдайда көрініп-ақ жүр. Қазіргі қоғамның оғаш һәм кемшін тұстары: адамдардың бірін-бірі тонау, өз анасын немесе баласын бауыздау жағдайы, жаңа туылған нәрестелердің қоқыстан табылуы, мұсылман қауымның ит немесе жыландарды жеу мәселесін айтпағанда, адамжегіштердің пайда болуы, қызтеке ерлер мен еркекшора қыздарымыз көбейіп, еркек пен еркектің немесе әйел мен әйелдің бір-біріне ғашық болып, үйленуі, 6-7 жасар титімдей бүлдіршіндердің зорлық-зомбылықтың астында қалуы т.т. материализм билеген заманның айқын көрінісі. Құдайды жоққа шығарушылардың жолы болған заман. Ғалым бүгінгі қоғамның шегірткедей қаптаған мұндай мәселелердің шырмауынан құтылуының бірден-бір жолы – Ислам деп топшылайды. Алланың бар екендігін ұмытпау, Алланы мойындап, оған шәк келтірмеу, ғибадат ету – мәселенің оң шешімі. Ал бұл шешімдер туралы айтылатын негізгі орын – отбасы. «Әр отбасы – бір мешіт», – дейді ағамыз. Тәрбиенің бастауы – отбасы – ошақ қасында.

Ғалым-ақсақалдың ғибратлы 80 жылдық ғұмырында шықпаған шыңы, бағындырмаған биігі, жетпеген жетістігі жоқ шығар, сірә. Гуманитарияның қай саласында да қалам тербеп, қаламының қарымды, санасының сан қырлы екендігін дәлелдеген ұлт ұлығы өмірін ғылыммен өріп, дүнияуи мәселелердің, ғылыми пайымдаулар мен қорытындылар жасау барысында жолыққан қандай да бір күрмеуі қиын түйткілдің түйінін математикалық формулалармен тарқатып отырды.

Отбасында алып бәйтеректің діңін ата-анаға теңесек, ата-анадан тараған үрім-бұтақ сол бәйтеректің жапырақтары мен бұтақтары іспетті. Ал ғылымдағы бәйтеректің діңгегі ұстаз да, ұстаздан тараған шәкірттер бәйтеректі мәңгі жасартып, көркіне көрік, салтанатына сән беретін бұтағы, жапырағы тәрізді. Берікбай Сағындықұлы – бұл екі түрлі миссияның екеуін де сәтті орындаған, әлі де орындап келе жатқан алып бәйтерек. Оның перзенттері мен шәкірттері күні бүгін бір-бір ғалым, ұлтын сүйген, ұлты сүйген абзал азамат. Қазақтың маңдайына жарқырап біткен жарық жұлдызы, Жаратушы хақтың сүйікті пендесі, ғалымның өзі айтқан Алланың мұғжизалары мен құдірет, кереметтерінің бірі – Берікбай Сағындықұлы ғаламның ғаламат сырларын халыққа мағлұм ете келе, өзінің де ғажайып қырларына қанық қылды.

Оның адамзат пен ғаламзат жайлы толғаныстары мен тұжырымдарынан «ХХІ ғасыр философы» деп атауымызға әбден болады. Бүгінде мерейлі жасты еншілеген еңселі тұлғаға асқақ абырой, ғылымның машақаты мол, ауыр жолында зерделі зерттеулермен өрнектелген өнегелі өмір тілейміз.

 

Сағира Оданова,

ф.ғ.к.,қауымдастырылған профессор,

 Жұлдызай Абдуманапова,

магистр-оқытушы

Соңғы жаңалықтар