Шардарадағы «Денсаулық мектебі»
Шардарадағы «Денсаулық мектебі»
Қоғамның ең басты байлығы – адам екенін ескерсек, сол қоғамдағы адам денсаулығын жасқарту – мемлекеттің алға қойып отырған басым бағыттарының бірі болуға тиіс. Бұл бағытта егемен елімізде денсаулық саласын дамытуға, халықтың денсаулығын нығайтуға арналған мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Мемлекет тарапынан жасалынып жатқан осынау қамқорлықты Түркістан облысындағы шағалалы ауданның халқы да жете сезініп келеді. Шардара ауданы облыстың ең шалғайында орналасқан, табиғаты төзімділікті талап ететін ерекше аймақ болып саналады. 80 мыңға жуық халық қоныстанған өлкеде соңғы жылдар бедерінде денсаулық саласында болып жатқан оң өзгерістерді бағалағанымыз жөн.
Әсіресе, соңғы жылдары аудандық медицина саласында бұрын-соңды болмаған шаруалар қолға алынып жатқанына куә болып отырмыз. Атап айтар болсақ, Шардара қаласында 1 млрд 600 мың теңгеге екі қабатты, 150 орындық заманауи үлгідегі емхана ғимаратының құрылыс жұмысы жүргізіліп жатыр. Аудан көлемінің ұзақтығына және елді мекендердің шалғайда орналасуына байланысты медициналық көмекті жедел, сапалы көрсетуді ұйымдастыру үшін «Қазақстан» елді мекенінен жедел жәрдем бөлімі ашылды.
Сондай-ақ, былтырғы жылы ауданымызда тұңғыш рет медициналық көмекті жедел түрде көрсетуді ұйымдастыру мақсатында халықтың көп шоғырланған аймағына 13 жаңа үлгідегі модульдық медициналық пункттер салынды. Соңғы қырық жылға таяу уақыт ішінде денсаулық саласында дәл осыншама қарқынды құрылыс жұмысы жүргізілмеген еді. Бұлардан басқа қала және ауылдық округтердегі бірнеше емхана ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жағдайы айтарлықтай жақсарып отыр. Мұның барлығы да мемлекетіміздің қолдауымен ауданымыздың денсаулық сақтау жүйесін, оның инфрақұрылымын дамыту бағытында жасалынып отырған игі тірлік деп айтқан болар едік. Осы ретте өңіріміздің ерекшелігін ескеріп, медициналық қызмет сапасын арттыруға айрықша қамқорлық жасап отырған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевқа, Елбасы саясатын ауданда өз деңгейінде жүргізіп келе жатқан аудан әкімі Болатбек Қыстауовқа, кешеге дейін аудандық орталық аурухананың тізгінін ұстаған Жанар Оспановаға аудан тұрғындарының алғыстары шексіз.
Медицина ғылымдарының кандидаты, халықаралық дәрежедегі менеджер Жанар Оспанова аудандық емханаға, одан орталық ауруханаға бас дәрігерлік қызметке келгелі халық игілігі үшін қыруар тірлік атқарып кеткенін айтып өтуіміз керек. Жанар Мықтыбекқызының ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетінің арқасында ауданда «Денсаулық мектебі» ашылып, жұмыс жүргізіп келеді. Облыс бойынша тұңғыш рет Шардарада іске қосылған «Денсаулық мектебінің» негізгі міндеттеріне адамдардың денсаулығына қатысты тұрақты жұмыс істеп тұрған ақпараттық-дәрістік оқыту жүйесін құру, денсаулыққа кері әсерін тигізетін қауіпті факторлары туралы тұрғындардың біліктілігін арттыру және өз денсаулығына деген жауапкершілігін күшейту сияқты түрлі аурулардың алдын алу шаралары кіреді. Қазіргі таңда 2 қабатты ғимарат ішінде аудандық емхананың дәрігерлері келушілерге тегін консультациялық кеңестер беріп келеді.
Бүгінгі күні аудандық емхана ғимаратына бас сұққан адам ондағы үлкен өзгерістерді бірден байқайды. Көзге бірден түсетіні, бұрынғыдай әр кабинеттің алдындағы ығы-жығы кезек сап тыйылып, келушілерге дәрігерлік қызмет көрсету тәртібі бір жүйеге түскен. Тұрғындар электронды кезек арқылы тиісті дәрігерге қаралып, лабораториялық тексерудің нәтижелерін интернет арқылы алып жатыр. Электронды қызмет көрсету жүйесіне көшкен соң барлығы да реттеліп, оңтайланғанына еріксіз риза боласың.
Аудандар арасында алғашқылардың бірі болып шағалалы өңірде қолданысқа енгізіліп отырған 3Н жүйесі де науқас жандарға жедел түрде көмек көрсетіп, олардың денсаулығын нығайтуға үлесін қоспақ. Мұның барлығы да білікті басшы, ұтымды ұйымдастырушы Жанар Мықтыбекқызы мен аудандық орталық аурухана ұжымының ерен еңбектерінің арқасында болып жатқан игі жаңалықтар. Халық үшін еткен еңбек текке кетпесе керек, былтырғы жылдың тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Елбасының Жарлығымен Жанар Оспанова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Кешегі аптада Қазақстанның бар аймағынан жиналған дәрігер- гинекологтар алғаш рет Шардара ауданында бас қосты. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының ұйымдастыруымен ауданда «Тиімді перинаталды технологиялар» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар өткізілді.
Бұрын соңды болмаған ауқымды жиынға Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда қалалары мен Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан 100-ге жуық гинекология саласының білікті мамандары тәжірибе алмасу мақсатында арнайы келді.
«Сыр нұры» демалыс аймағында өткен алқалы жиында аудан әкімі Болатбек Қыстауов сөз сөйлеп, шардаралық дәрігерлердің нәтижелі еңбектерін атап өтті.
– Еліміз тәуелсіздік алғалы бері халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында көптеген арнайы бағдарламалар қабылданып келеді. Мемлекетіміз әсіресе, ана мен бала денсаулығына ерекше мән беріп, осы бағытта ана мен баланы қорғайтын ғылыми-зерттеу орталықтарын ашқаны егемен еліміздегі жасалған игі шаралардың үлкені болғанын атап өткеніміз дұрыс. 2018 жылы облысымызда алғашқылардың қатарында аудандық орталық ауруханада жаңа талапқа сай, заманауи үлгідегі 3Н жүйесі іске қосылып, жұмысын бастады. Бұл жаңа жүйе алғашқы медициналық көмек көрсетуді оңтайландырып, өзінің оң нәтижесін көрсетіп отыр, – деді Болатбек Дүйсенбекұлы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының башысы Мұқан Егізбаев жоғары деңгейлі медицина ұйымдары мамандарының шалғайдағы Шардара ауданында бас қосып, осы жерде білімін жетілдіруі мақтанарлық жағдай екеніне тоқталды. Сонымен бірге, соңғы 4 жылда шағалалы ауданда бірде-бір ана өлімі болмағаны бірінші кезекте ақ халаттылардың үлкен жетістігі екенін жасырған жоқ.
Екі күнге созылған семинар-кеңесте алыс-жақыннан келген медицина мамандары орталық ауруханада болып, мұндағы жұмыс барысымен кеңінен танысты. Қонақтар білікті дәрігер Жанар Оспанова басшылық жасайтын аудандық орталық ауруханадағы соңғы жылдары іске қосылып жатқан жаңа жүйелер мен адам денсаулығын жақсарту бағытындағы атқарылып жатқан тынымсыз тірліктерге жоғары баға берісті.
Мейрамгүл МЫРЗАҒАЛИЕВА