ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙДЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙДЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙДЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ
ашық дереккөзі
Қасиетті шаһар – Түркістанның аты дәуірлейтін күн алыс емес. Бүгінде 2017 жылы түркі мәдениетінің астанасы деп танылған көне қалаға арнайы ат ізін салушылардың қатары артып келеді. Оның үстіне 2020 жылға қарай туристердің санын 5 млн-ға жеткізу керек деген жоспарды есепке алсақ, бұл межеге де жету қиындық тудырмас. Алайда, шаһарға алыс және жақын түркітілдес мемлекеттерден ниет етіп, келушілерге қиындық туғызатын бір нәрсе бар. Бұл – келіп-кету мәселесі. Сондықтан қаланы әлеммен байланыстыратын халықаралық әуежай салмай, түйткіл шешілмейтіні анық. Бұл жайт Түркістан облысы құрылып, оның орталығы Түркістан қаласы аталған күннен бастап күн тәртібіне алынған. Міне, көптен күткен әуежайдың іргетасы қаланып, сәтін салса 2020 жылдың аяғында қолданысқа берілмек. Азаматтық авиация комитетінің басқарма басшысы Амантай Қоқатаевтың айтуынша, әуежай Түркістан қаласына жақын орналасқан Шаға ауылынан 3 шақырым қашықтықта бой көтереді. Бұл таңдауға түскен 8 жер телімінің бірі. Таңдалған жер әуежай салуға барлық жағынан сәйкес келеді екен. Оның құрылысына қаржыны түркиялық инвесторлар құятын болды. Салатын мердігер мекеме туркиялық «Ида Иншаат Санайи ве Тиджарет Аноним ширкети» (YDA INŞAAT SANAYI VE TICARET ANONIM ŞIRKETI). Түркістан облысына кезекті іссапармен келген Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин бастаған жұмыс тобы алдымен Түркістан қаласында бой көтеретін халықаралық әуежайдың капсуласын салуға қатысты. Асқар Мамин халықаралақ әуежайдың іргетасы қалануымен құттықтап, халықаралық маңызы бар нысанның уақытылы пайдалануға беру қажеттігін айтты. Өз кезегінде компания басшысы Арслан Хусейн Үкімет басшысына терминалдың халықаралық және ішкі рейстерде сағатына 250 адам қабылдауға қауқарлы екендігін жеткізді. Жалпы, жаңа әуежай болашақта жылына 3 млн-нан астам жолаушыға қызмет көрсететін болады. «Біздің компания Қазақстанда 18 жылдан бері әріптестік бағытта жұмыс атқарып келе жатыр. Осыған дейін Ақтау қаласындағы әуежайды салдық. Біздер осынау тарихи сәтте ата-бабаларымыздың шыққан түп қазығы, тарихи отаны – Қазақстанда қызмет етіп жатқанымызды қуанышты түрде айтамын. Бұл нысан барлық халықаралық талапқа сай салынатын болады. Алла бұйыртса, енді 1,5 жылдай уақыт ішінде мына жерде адам танымастай ғажап нысанды көретін боласыздар, – деді Арслан Хусейн. Жұмыспен 420 адам қамтылады. Жалпы аумағы 905,3 гектарды құрайтын әуежайдың құрылысы биыл, яғни 2019 жылы мамыр айында басталды.

Жәнібек Әшім