ҚОСШЫ ҚОЛЫН БЫЛҒАСА, БАСШЫНЫҢ БАСЫ ИІЛЕ МЕ немесе вице-министрлер кімдер?

ҚОСШЫ ҚОЛЫН БЫЛҒАСА, БАСШЫНЫҢ БАСЫ ИІЛЕ МЕ немесе вице-министрлер кімдер?

ҚОСШЫ ҚОЛЫН БЫЛҒАСА,  БАСШЫНЫҢ БАСЫ ИІЛЕ МЕ немесе вице-министрлер кімдер?
ашық дереккөзі
Таяуда ҚР Президенті Қ.Тоқаев жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңесте: «Ешкім де заңнан биік емес. Қол астындағы қызметкерлердің жемқорлыққа қатысы болса, орталықта да, өңірлерде де бірінші басшылар тікелей жауап береді», – деді. Яғни қосшысы қолын былғаса,басшысы басымен жауап беруі тиіс. Жалпы биыл елімізде саяси өзгерістер көп болғаны белгілі. Жыл басында Елбасы Үкіметті отставкаға жіберіп, министрлер кабинетін қайта жасақтады. Әлбетте, қайта құрылған министрліктердегі өзге кадрлар да өзгеріссіз қалған жоқ. Әсіресе, жұрт назары жаңа келген вице-министрлерге ауды. Сонымен, бүгінгі министрлердің орынбасарлары кімдер? Жаңа тағайындалған вице-министрлер мұндай жауапты қызметке қайдан келді? 2019 жылғы 25 ақпанда қайта жасақталған 14 министрліктің көпшілігінде бұрынғы басшылары өз орындарын сақтап қалды. Министрлер орындарында қалғанымен, олардың орынбасарлары ауыс-түйістен сырт қалған жоқ. Әуелі еліміздегі Үкіметте вице-министр қызметін атқарып отырғандарға тоқталып өтелік. Министрі де, вице-министрлері де өзгеріссіз қалған ведомство – Қаржы министрлігі. Ведомство басшысы Әлихан Смайылов пен оның 5 орынбасары да (Руслан Бекетаев (44 жаста), Татьяна Савельева (43 жаста), Берік Шолпанқұлов (43 жаста), Қанат Баеділов (52 жаста), Руслан Еңсебаев (38 жаста) жылы орындарынан қозғалмады. Ал Әділет министрі Марат Бекетаевтың 3 орынбасары бар. Оның екеуі бұрыннан осы қызметті атқарып келе жатқан Наталья Пан (40 жаста) және Эльвира Әзімова (46 жаста). Үшінші вице-министр Алмат Мадалиев биыл наурыз айында бұл қызметке жаңадан келді. 1986 жылы Алматы қаласында дүниеге келген Алмат Құрманғазыұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, сондай-ақ Джордж Вашингтон университеті жанындағы Заң мектебін тәмамдаған. Үкіметке 2010 жылы небары 24 жасында келіпті. Содан бері ҚР Әділет министрлігінің Мемлекеттік мүліктік құқықтарын қорғау бойынша департаментінде бас сарапшы, директордың орынбасары, басқарма басшысынан төрелікте іс қарауға дейін қызмет еткен. 2019 жылдың қаңтар айында аталған министрлікке қарасты Заңнама департаментінің директоры болып сайланды. Арада 2 ай өткенде 33 жастағы Алмат Мадалиев вице-министр лауазымына көтерілді. Елжан Біртанов тізгіндеп отырған Денсаулық сақтау министрлігінің жиі сынға ілігетіні жасырын емес. Сондықтан да болар, бұл ведомствода ауыс-түйістер жиі орын алады. Біртановтың да 3 орынбасары бар: Ләззат Ақтаева (54 жаста), Қамалжан Надыров (36 жаста), Олжас Әбішев (36 жаста). Аты аталған вице-министрлер арасындағы Қамалжан Надыров 2019 жылдың наурыз айына дейін Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарған. Ал наурыз айында Үкімет қаулысымен Денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалды. 2007 жылдан бері медицина саласында қызмет етіп келе жатқан азамат 2014 жылға дейін Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығында клиникалық ординатор, бөлім меңгерушісі, бас директордың орынбасары қызметтерін атқарды. 2014 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігінің құрылымында жұмыс істеді. 2017-2018 жылдары Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінде болды. Мәдениет және спорт министрлігіндегі 3 вице-министрдің (Ақтоты Райымқұлова (55 жаста), Ерлан Қожағапанов (51 жаста), Елдос Рамазанов (48 жаста) біреуі жаңадан тағайындалған. 48 жастағы Елдос Рамазанов бұған дейін экономика саласында, спорт саласында бірқатар лауазымды қызметтерді атқарған. 2019 жылдың ақпан айынан бері жаңа қызметке тағайындалып, Мәдениет және спорт министрінің орынбасары ретінде жұмысқа кірісті. Биыл жаңадан құрылған Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің тізгіні Асқар Жұмағалиевтің қолында. Оның 5 бірдей орынбасары бар. Әрине, мойнына бірнеше міндетті қатар жүктейтін бұл ведомствода вице-министрлер санының көп болуы орынды-ақ. Дегенмен, орынбасарлар өз міндеттерін қандай деңгейде атқарады? Бұл жағы әзірге беймәлім. Сонымен Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш вице-министрлерімен таныс болайық: Талғат Жанжүменов (51 жаста), Марат Нұрғожин (62 жаста), Абылайхан Оспанов (33 жаста), Дарын Тұяқов (50 жаста), Асхат Оразбек (43 жаста). Бірінші вице-министр Талғат Жанжүменов бұған дейін Қорғаныс министрінің орынбасары болған. Ал 62 жастағы Марат Нұрғожин бұрынғы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі ретінде аэроғарыш өнеркәсібі мәселелері бойынша жетекшілік етуді жалғастырады. Абылайхан Оспанов министрлік құрамына жаңа енген орынбасарлардың бірі. Бұған дейін «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Басқарма төрағасы қызметінде болған. Енді аталмыш ведомствода электрондық қызметтерді дамыту мәселелері бойынша жұмыс жүргізуі тиіс. Бұрынғы Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі болған Дарын Тұяқов бұл ведомствода да байланыс саласы бойынша жетекшілік етеді. Ал ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне жауапты Асхат Оразбек бұған дейін «ҚР блокчейн мен криптотехнологияларды дамыту қауымдастығы» КЕҰ вице-президенті қызметін атқарған. Вице-министрлері жемқорлықпен «танылған» министрлік Вице-министрлері үнемі дауға ілігетін бір министрлік бар ел Үкіметінде. Ол – Энергетика министрлігі. Өткен 2018 жыл Энергетика вице-министрлерінің жемқорлық әрекеттерімен есте қалды десек қателесе қоймаспыз. Тіпті, былтыр Бозымбаевтың орынбасарлары пара алудан сайысқа түскендей әсер қалдырды. Мәселен, Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков Щучинск-Бурабай демалыс орнындағы көлдерді тазартуға бөлінген бюджеттік қаражатты ірі көлемде жымқырғаны үшін ұсталды. Және ол мұндай қылмысқа жалғыз өзі бармаған. Министрлікке қарасты департамент басшысымен сыбайласа отырып арам ойларын жүзеге асырған. Ал тағы бір Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев те Бурабайдағы көлді тазарту жұмыстары кезінде сыбайлас жемқорлыққа барып, қазынаға қыруар шығын келтірді. Қызметінен босатылып, үйқамаққа алынған Жақсалиевтің орнын басқан Анатолий Шкарупа да бір ай уақыт өтпестен ақша жымқырды деген күдікке ілінген болатын. Күні кеше сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңес өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоластындағыларының жемқорлыққа қатысы болса, бірінші басшылар жауап беретінін айтқан болатын. Мемлекет басшысының бұл сөзі Энергетика министріне де сабақ болуы тиіс. Энергетика министрлігіне қатысты жиі қозғалатын тағы бір мәселе – бензин тапшылығы. Бұл түйткіл жыл сайын жұртты әбігерге салғанымен, мәселенің шешімін тапқан министрлікті байқамадық. Тіпті, 2017 жылы бұрынғы Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бензин тапшылығын тудырған Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовты қызметінен алып тастау туралы бұйрық та берген еді. Бір қызығы, сол Мағауов Үкімет қайта жасақталғаннан кейін бұрынғы лауазымына қайта ие болды. Үстіміздегі жылдың 1 сәуірінде ҚР Үкіметінің қаулысымен 47 жастағы Әсет Мағауов Энергетика вице-министрі болып тағайындалды. Ал 2 жыл бұрын қызметімен қоштастырған бензин тапшылығын биыл вице-министр қалай шешеді екен? Мұны уақыт еншісіне тапсырғаннан өзге шара жоқ. Жаңа орынбасарлар сыннан сүрінбей өте ала ма? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Жұрт жиі сынға алатын да, көмек сұрайтын да, қарсылық көрсететін де осы ведомство. Неге? Өйткені қарапайым халық үшін өзекті мәселелерге осы министрлік жауапты. Тіпті, биыл Үкіметтің отставкаға кетуіне де осы министрлікте туындаған мәселе (көпбалалы аналардың түйткілдері) себеп болды деп жүргендер көп. Сондықтан бұл министрлік тізгіні халыққа жақын Бердібек Сапарбаевқа тапсырылды. Дегенмен, министр орынбасарларының біразы бұрынғы орындарын сақтап қалды. Мәселен, 51 жастағы Светлана Жақыпова көпбалалы аналар мәселесі көтерілгенде жұрттың әбден ашуын туғызса да, вице-министр лауазымынан айрылған жоқ. Бұл министрлікке жаңадан келгендердің бірі – Ержан Жылқыбаев. 1982 жылы туған азамат бұған дейін Алматы қаласындағы Медеу ауданының әкімі болған. Ал биылғы наурызда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі лауазымына тағайындалды. Арада бір ай өткенде Жылқыбаев Бердібек Машбекұлының бірінші орынбасары ретінде бекітілді. 2003 жылдан бері қызметке араласқан бірінші вице-министр әртүрлі кезеңдерде әкімдіктер мен министрліктерде лауазымды қызметтерді атқарған. Ал жаңа қызметте қандай оң істерімен көзге түсері алдағы уақытта белгілі болмақ. 42 жастағы Ақмәди Сарбасов та Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі лауазымына жаңадан тағайындалды. Сарбасов 2005 жылдан бері аталған министрлікте түрлі қызметтер атқарып келген. Сондықтан оны орта жолдан қосылған кадрлар қатарына жатқызуға болмас. «Білетіні бір тоғыз, білмейтіні тоқсан тоғыз» Ал Ішкі істер министрі орынбасарларының да біразы жаңадан тағайындалғандар. Бірақ олардың бәрі құқық қорғау саласында талай жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан әскери азаматтар. Сыртқы істер және Қорғаныс министрлігіндегі жағдай да осындай. Алайда Ішкі істер вице-министрлері сын садағына жиі ілінетіндердің қатарынан екенін айта кетейік. Мысалы, өткен жылы бұрынғы премьер-министр Бақытжан Сағынтаев сол кездегі Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменовке ұрсып тастаған болатын. Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқынымен күрес тақырыбына қатысты қойылған Үкімет басшысының сауалына нақты жауап бере алмаған вице-министр ол сауалдың өз баяндамасында жазылмағанын айтып, Үкімет басшысының әбден ашуын туғызған еді. Жасыратыны жоқ, билік басында қолына дайын баяндаманы алып, жазылған есепті судыратып оқып беретін қызметкерлер жеткілікті. Ал есептен тыс сұрақ қоя қалса, ненің не екенін айыра алмайтындарды да телеарналар арқылы талай көрген боларсыздар. Әсіресе, депутаттардың сан қилы сұрақтарынан сүрінген Үкімет мүшелері көп-ақ. Талай жылдан бері еңбек етіп жүрген вице-министрлер мұндай жауапсыздыққа бой алдырып жатқанда, жаңа келген жас кадрлардан не күтуге болады? Әрине, жаңа кадрлармен бірге жаңа тыныс, жаңа бастамалар келер деп үміт артатындар баршылық. Бірақ сол үмітті ақтайтынына күмәнмен қарайтындардың қарасы одан да қалың. Өз жұмысын жете білмейтін мамандар қай салада да бар. Бірақ Үкімет құрамында мұндай кадрларды ұстап отыру қаншалықты дұрыс? Естеріңізде болса, осыдан 3 жыл бұрын депутат, генерал Бақытжан Ертаев сол кездегі Қорғаныс және аэроғарыш министрлігін қатаң сынға алған еді. «Мен министрлікте азаматтық вице-министрлер отырмауы қажет деп жатқан жоқпын. Иә, олар – жас жігіттер, құптаймын. Осы саланы алға қарай сүйресін. Оған дау жоқ. ...Қорғаныс және аэроғарыш министрлігінде болдым. Бірақ ол жерде әскери адам жоқ. Екі вице-министр отыр, екеуі  де әскери адам емес. Бұл не масқара?! Бұлай болмауы керек. Министрлікте тым болмағанда бір вице-министр әскери адам болғаны міндетті.  Әлгі екі вице-министр танк пен БТР-ді ажырата  да алмайды», – деген болатын Бақытжан Ертаев. Оның сөзінің жаны бар. Бүгінде жұмысының мәні мен мақсатын жете түсіне бермейтін кадрлар министрліктерде жетіп артылады. Бәріне бірдей күйе жағудан аулақпыз. Дегенмен, әр министрліктен сондай бір маманның табылатыны анық. Біздің елде министрлікте қызмет ететіндердің көпшілігі шетелде білім алып келген, экономика саласында жетістікке жеткен, басқару қабілеті бар азматтар. Бірақ кей министрліктерге мұндай «қасиеттердің» қажеті шамалы-ақ. Кейде «елдегі кей шаруаның шайқалып тұрғаны биліктегі осындай «білетіні бір тоғыз, білмейтіні тоқсан тоғыз» мамандардың кесірінен бе?» деп те ойлайсың. Жоғарыда аталған вице-министрлердің көбінің еңбек жолына қарасаң, бәрі бірдей жастайынан басшылық қызметте болған. Еңбек жолын қарапайым жұмыстан бастағандар санаулы-ақ. Әрине, басқара білу де – өнер. Алайда жұмыстың ауырын, еңбектің зейнетін көрмеген жандар қарапайым халықтың базынасын тыңдап, жағдайын ұғына алар ма екен? Қалай десек те, биыл Үкімет қайта жасақталып, министрліктер құрамы жас әрі жаңа кадрлармен толықты. Тек сол мамандардың жұмысы ел дамуына ықпал етсе игі.

Әсел ӘНУАРБЕК