ҰЛТ КОМПОЗИТОРЛАРЫ ҰЯЛА БІЛСЕ...
ҰЛТ КОМПОЗИТОРЛАРЫ ҰЯЛА БІЛСЕ...
Қазақ әні әлемді жаулар еді
Өнерді құдірет, өнерпаздықты қасиет десек те, оның өресін өсіретін талант. Бірақ талантты қалғытпай, алға ұмтылдыратын – ар-қамшы мен намыс-от.
Қазақ талантқа қай кезде де кенде болмаған дейміз, ол рас. Бірақ соңғы жылдары ұлттық ән өнеріміздің сазы сұйылып, тұғырдан түсе бастауы ойлантпай қоймайды...
Осыдан ширек ғасыр әріде композиторлар шығарған әнін орындайтын лайықты әнші таппай, сенделіп жүретін жағдайлар болушы еді, қазір болса керісінше секілді. Бірақ нағыз ән, нағыз әнші деген ұғым бүгінгі шоу-бизнестің еркетотайларына арналмаған-ау... Ендеше фанераның артына тығылып жан сақтайтындар әнші атанып жүрген заманда
ДИМАШ ФЕНОМЕНІ
деген нәрсенің сырын ұғып, байыбына бара аламыз ба?! Әлем бүгінгі қазақты өнері, өнері болғанда да, әншілік өнері арқылы таниды. Сол өнерді өрге сүйреп, құдай берген талантымен әлем сахналарында жұлдыз болып жанып, ғажайып даусымен тыңдаушысын естен тандырып жүрген Димаш деген бала бар.
секілді композиторларымыздың әндерін орындап, шашасына шаң жұқтырмай – аламанның алдында келген жоқ па еді? Қазір сол дәстүр үзіліп қалды дегенге кім сенеді?
Мың жерден әнші болғанымен әншінің талантын ашып, оның мүмкіндігін көрсетуге үлкен әсері тиетін – композиторлар. Бұрын орысша әндерімен ғана танылып жүрген Батырхан Шүкеновке «Сағым дүние», «Отан-Ана» атты екі тамаша ән жазып беріп, оны қазақтың төл әншісіне айналдырып жіберген композитор Қуат Шілдебаев емес пе еді?
Димаштың диапазонына лайық, хит болатын тамаша ән жазу қолынан келмейді деп кім айтады?
Құрметті, өзін қазақтың талантты, намысты, профессионал композиторымын деп санайтын азаматтар!
Көз алдымызда болып жатқан құбылыстың – Құбылыс екеніне мән берейік те. Димаш секілді әнші ғасырда бір тууы қиын. Ол – бізге берген Алланың сыйы, ол әнін әлемге танытам деген композиторларға керемет мүмкіндік. Сіздердің әндеріңіз әлемге танылса, күллі әлем «Қазақ деген қандай талантты халық» деп таңданып, тамсанып жатса – ұлтымызға абырой, рухымызға мерей емес пе?
Димаш өз күші, өз талантымен әлемді мойындатты, енді өзімен бірге халқын да мойындату жолында тер төгіп жатыр.
Қазақ әні жаһанды жалт қаратып, сенің шынымен де ұлы халықтың ұрпағы екеніңді танысын десеңіздер – ән жазыңыздар.
Өз елінің композиторлары қолдамай, өзгенің әнінің мерейін өсіріп жүрген Димаштай дарынды ұлымыздың қазақ перзенті ретінде әрдайым еңсесі биік болсын десеңіздер – ән жазыңыздар!
Ұлт композиторлары ұяла білсе, арманымыз орындалады деп сенгіміз келеді.
Ахмет ӨМІРЗАҚ