ҰЛТ КОМПОЗИТОРЛАРЫ ҰЯЛА БІЛСЕ...

ҰЛТ КОМПОЗИТОРЛАРЫ ҰЯЛА БІЛСЕ...

ҰЛТ КОМПОЗИТОРЛАРЫ ҰЯЛА БІЛСЕ...
ашық дереккөзі

Қазақ әні әлемді жаулар еді

Өнерді құдірет, өнерпаздықты қасиет десек те, оның өресін өсіретін талант. Бірақ талантты қалғытпай, алға ұмтылдыратын – ар-қамшы мен намыс-от. Қазақ талантқа қай кезде де кенде болмаған дейміз, ол рас. Бірақ соңғы жылдары ұлттық ән өнеріміздің сазы сұйылып, тұғырдан түсе бастауы ойлантпай қоймайды... Осыдан ширек ғасыр әріде композиторлар шығарған әнін орындайтын лайықты әнші таппай, сенделіп жүретін жағдайлар болушы еді, қазір болса керісінше секілді. Бірақ нағыз ән, нағыз әнші деген ұғым бүгінгі шоу-бизнестің еркетотайларына арналмаған-ау... Ендеше фанераның артына тығылып жан сақтайтындар әнші атанып жүрген заманда  ДИМАШ ФЕНОМЕНІ деген нәрсенің сырын ұғып, байыбына бара аламыз ба?! Әлем бүгінгі қазақты өнері, өнері болғанда да, әншілік өнері арқылы таниды. Сол өнерді өрге сүйреп, құдай берген талантымен әлем сахналарында жұлдыз болып жанып, ғажайып даусымен тыңдаушысын естен тандырып жүрген Димаш деген бала бар.  width= Қазір әнді талғаммен тыңдайтын әлем халқына «Димаш Құдайберген» деген есімнің өзі талай нәрсені аңдатады. Өйткені бұл есім – нағыз әншіліктің, бөлекше таланттың, ән әлеміндегі өзгеше құбылыстың, ән орындау шеберлігінің жаңа деңгейінің – бәрінің синониміне айналып барады. Бүгінде Димаш Құдайбергенді өз елінде еленбей, шетелдік байқауларда танылған соң ғана аты шыға бастады дегендей, екіұштылау пікір жоқ емес. Алты жасында-ақ (2000 жылы) «Айналайын» Республикалық байқауының қатысып, «Фортепиано» номинациясында жеңімпаз болған, 16 жасында «Байқонырдың Әсем дауыстары» Халықаралық фестивалінде бірінші орын, 18 жасында «Жас қанат» республикалық жас әншілер байқауының Гран-приін алған дарынды әншіні бағаланбады дей аламыз ба? Әрине, тар аренаға ірілер сыймайды, бірақ сыймағаны үшін ірілер кінәлі ме? 2013 жылы елімізде өткен телевизиялық «Саз әлемі» ән конкурсына қатысқан Димаш Құдайбергеннің салған әніне көңілі толмаған, әділқазылар алқасындағы бір кәсіби музыкант пен бір әнге сөз жазатын айтыс ақыны жас таланттың даусына мін тақты. Біреуі «вокалдық мүмкіндігіңді бұл арада көрсетудің қажеті жоқ» десе, екіншісі «шыңғырып айтатын әншілердің өзіне ұнамайтынын» айтты. Бұл кәсіби сыннан гөрі, әншінің талант қуатын жете бағалай алмағандықтың көрінісі еді. Дегенмен 2012 жылы Украинада өткен Халықаралық «Восточный базар» ән байқауында бірінші орын алып, 2013 жылы Қырғызстанда өткен «Мейкин Азия» конкурсында бас жүлде, 2015 жылы Белоруссияның Витебск қаласында өткен «Славянский базар» конкурсында бас жүлдені иеленгені Димаштың әншілік дарынының ашыла түсіп, атының әлемге таныла бастауына әсер еткені анық. Бірақ Димашты шетелдік сарапшылармен бірге, қазақстандық музыка саласының кәсіпқой тұлғалары да танып, оның талант құдіретінің бөлекше сипаты туралы айта бастаған. Сол жылы ол елімізде халықтың ашық дауыс беруімен өткен «Жыл адамы» таңдауында «Жыл әншісі» атанды. 2017 жылдың басында Димаш Құдайберген Қытайдың Чанша қаласында өткен I Am a Singer (Мен әншімін) жобасына қатысып, бірнеше сатыдан тұратын ән сайысының алғашқы сатысында-ақ француздың «Sos dun terien un detresse» атты әнін орындап, жеңімпаз болды. Кереметі сол, аталған ән сайысындағы бірінші орындаған әнімен-ақ Димаштың даңқы дүние жүзіне таралды. Әншінің дауыс диапазонының кеңдігі мен тембрінің бояуы және ән орындау шеберлігі күллі әлемді таңдай қақтырды. Ән конкурсының әр сатысы сайын Димаштың әнін күтіп отыратын миллиондаған фанаттардың тобы пайда болды, әсіресе Қытай елінде Димаштың өнеріне қол соқпаған жан қалмады. I Am a Singer жобасы Димаштың даусын әлемге жеткізсе, кезегінде Димаш та жобаны әлемге танытты. 13 раундтан тұратын жобада қазақ әншісі үш рет бірінші орында, екі рет екінші орыннан көрініп, ақтық бәсекеде екінші орынға табан тіреді. Дегенмен I am a singer жобасын ғаламтордан бақылап отырған әлемнің барлық түкпіріндегі әнсүйер қауым Димаш Құдайбергенді нағыз жеңімпаз деп танитынын, оның таланты ерекше екенін айтып, ғаламтор желісіндегі оның әндері берілген бейнежазбалардың пікір жазатын жерлерін сүйсінісі мол ыстық лебіздерге толтырды. Бұның бәрі қазақ әншісін әлемде бұрын-соңды болмаған даңққа бөлеген-ді. Ал одан кейінгі кезеңде Бейжің, Лондон, Париж, Нью Йорк, Мәскеу, Астана, Ташкент қалаларының сахналарында ән салып, концерттер қойған Димаштың аты бұрынғыдан да бетер аспандап, АҚШ, Еуропа елдерінде, Ресейде оның ән салу шеберлігін талдап, артықшылығын айтып, ерекшелігін түсіндіріп отыратын мамандар көбейді. Бұл да бір құбылысқа айналып барады. Алайда... Соңғы кезде Димаштың әншілік қабілетіне шек келтірмесе де, оның бүгінгі бағытына сын көзбен қарап, ДИМАШҚА ӨЗІНІҢ ХИТ ӘНІ КЕРЕК деген ойды айтып қалатындарға қарап, бұл мәселені де ойлауымыз керек секілді. Неге? Қазақта «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деген сөз бар. Оны өнерге қатыстырсақ... Мәселен, қайсы әнді қай әнші алғаш орындаса, әннің бүкіл болмысы тыңдарманның ойына сол әншінің шеберлігімен еніп, өзгелерді жатырқайтындай бір сезім қалыптасады. Әрине, «күштіден күшті шықса» не болатыны белгілі ғой, бұрын өзгелер бағын аша алмаған әнді басқа бір әнші құлпыртып орындап, тыңдаушының құлақ құрышын қандырып, әнге екінші өмір сыйлап жіберсе, ол да бір бақыт. Ал талантты әншілер орындап, танытқан әсем әндерді екінші бір әнші орындап, жаңа қырынан танытып жатса ше? Музыкада оны «кавер-версия» дейді. Бірақ ол бәрібір жаңа ән емес, тек бұрыннан бар әннің жаңаша орындалуы. Бұл жағына келгенде... біз Димаштың орындауында тыңдап, тамсанып жүрген әндердің біразы бұрын танымал әншілердің орындауында тыңдармандарға жетіп, бағасын алған шығармалар екенін білеміз. Алайда Димаштың феноменальды дарыны бұрыннан бар нәрсенің өзін су жаңа дүние секілді танытып тұрғанда, бізге ол «кавер-версия» сияқты әсер ете қоймайды. Десек те, жоғарыда шеті шыққан әңгіменің түбі түйінді мәселеге айналу мүмкін екенін қаперден шығармауымыз керек. Димаш I аm a singer жобасының екінші кезеңінде ресейлік танымал әнші Витастың репертуарындағы «Опера 2» әнін орындап, сайыста өзгелерді шаң қаптырғанын былай қойғанда, бұрын кім көрінген орындай алмайтындай көрінген әнді Витастың даусынан төрт есе биікке көтеріп, тыңдармандарын шексіз қуанышқа бөледі. Қанша жоғары нотаға көтеріп шырқаса да дауыс тембрі бұзылмаған Димашқа әлем қол соқты. Бірақ Витастың продюссері аталған әнді Димаш рұқсатсыз орындады деп, авторлық құқық қорғайтын ұйымдарға шағым түсіріп, біраз шулатқаны бар. Есесіне Димаштың табынушылар армиясы интернет арқылы Витасқа, оның продюссеріне ақпараттық шабуыл жасап, оларды іске алғысыз етті. Тіпті Витас өзінің сұхбатының бірінде «Қазір өзімнің хит әнімді («Опера 2»-ні айтады) орындауға да қорқып қалдым. Не жазғанымды білмеймін. Маған шоу-бизнестен кет деп, аузына келгенін айтып жатқан адам көп болды», – дегені бар. Расында, бұл мәселеде Витастың да, Димаштың да кінәсі жоқ. Бірақ әлгі «кавер-версияның» әлегі екені анық... Димаш туралы пікір білдіріп, оған қатысты «кавер-версия» мәселесін алғаш айтқан әнші Әли Оқапов еді. Ол: – Димаш дегенде, біз біріншіден Димаштың өзін және оның даусы ойға келеді. Ал Димаштың әні, осындай ән дейтіндей, өкінішке қарай, бірде-бір ән шықпаған. Ол енді ақиқат, ол – шындық! Бірнеше бейнебаяндары бар екенін білемін. Қаншама концерттерді бергенін білемін. Бірақ Димаш – әлемдік әндердің каверін орындаудан өз тыңдармандарын тапқан немесе жаулаған әнші. Менің ойымша әрбір әншіге хит керек! – деген-ді. Бірақ Димаштың табынушыларын былай қойғанда, кейбір өнер адамдарының өзі Әлидің пікіріне қарсы шықты. Мәселен, белгілі әнші Майра Ілиясова былай дейді: – Оның барлық әні хит. Мен келіспеймін. Бізде «хит» деп арзанқол әндерді хит қылып алған ғой. Бүгін «ымба-ымба» дейді. Таңертең ол хит болып шығады. «Дайдидауды» төрт жасар балаға дейін айтады және бәрі Димаш сияқты айтуға тырысады. Ал композитор Ринат Гайсин болса: – Димаштың әр орындаған әндері, өзінің жеке авторлық әндері болсын немесе каверлері болсын – бір жаңалық болып шығады. Димаштың ерекшелігі сол. Ол әр әнге фишкаларды қосады, әр әннің структурасын өзгертеді. Сол үшін Димаштың басқа әншілерден айырмашылығы көп! – деп, бағасын берді. Шынын айту керек, үш пікірдің де өз уәжі бар, бірақ музыка әлемінде ХХ ғасырдың соңғы ширегінде қалыптасқан қағидаға Әли Оқаповтың пікірі дұрыс келеді. Бірақ оны тыңдайтын халық па, дәлел-дерегі бар пікірдің өңін айналдырып, «өзі оңды әнші бола алмағасын Димаштың даңқын қызғанып жүр» дегенге дейін барып, Оқаповтың дымын қалдырмады. Ақырында Әли өз пікірінің жанашырлықтан туғанын, Димаштың талантын түк те қызғанбайтынын, керісінше оны әнші ретінде құрметтейтінін айтып, желіге жазба қалдыруға мәжбүр болды. Бірақ «кавер-версия» әңгімесі мұнымен тоқтап қалған жоқ, арада аз уақыт өткенде қазақстандық танымал эстрада әншісі, Қазақстан Халық әртісі Лаки Кесоглу да бұл жайға өз пікірін білдірді. «Расымен де Димаштың өзінің хит әндері жоқ. Ол халық әндерін орындап танылды. Бірақ бұл жерде Димаштың кінәсі жоқ. Бар кінә Димаш үшін жұмыс істемейтін композиторларда. Осындай жетістікке жеткен жалғыз Димашқа бүкіл Қазақстан болып жұмыс істеуіміз керек. Бүкіл әлем солай жұмыс істейді. Ал бізде, өкінішке қарай, композиторлар жоқ. Оған нағыз хит жазып бере алмайтын мелодистер, жекелеген авторлар бар. Ал сауатты бұл азамат той әндерін орындамайды. Сондықтан да ол қазір әлемдік хит әндерді орындауда, онда тұрған ештеңе жоқ, осылайша ол тәжірибе жинайды. Ал Әли – өте сауатты адам әрі талантты музыкант. Жеке пікірі үшін оны осыншалықты сөгудің қажеті жоқ. Фанаттар сәл де болса істің ақ-қарасын ажырата алса, Димашқа лайықты ән тауып берудің жолын іздеулері керек», – деді ол. Сондай-ақ, Димаштың Мәскеудегі концертінен соң пікірін айтқан А Студио тобының әншісі Байғали Серкебаев та, Димаштың таланты туралы жақсы пікір білдіре келіп, «енді Димаш Құдайбергеннің өзінің хит әндері болғаны дұрыс» деген еді. Бұл жай сөздер емес, расымен де назар аударарлық ойлар. Қытайдан кейін Ресейді бағындырған Димаштың репертуарында бірнеше орысша әндер пайда болды. Олар композитор Игор Крутойдың Лара Фабиан орындаған танымал әндері еді. Әрине, Крутойдың «Любовь уставших лебедей» әні тамаша ән, Димаштың орындауында тіпті керемет. Бірақ жаңа ән емес... Қарап тұрсақ, Димаштың репертуарына қатысты пікір айтқан, ән өнерінде орны бар тұлғалардың бәрінің пікірі бір мәселеге саяды: «Димаш өзін әлемге әнші ретінде танытты, енді оның өзінің хит әндері болғаны дұрыс». Рас Димаштың репертуарында «Ұмытылмас күн», «Махаббат бер маған» секілді бірді-екілі қазақша жаңа әндер бар, бірақ олар аты әлемге белгілі әншінің дәрежесіне сай дей алмаймыз. Ал хит әндерді кім жазады? Расымен хит ән маңызды ма? Әрине маңызды. Түркиялық Таркан, ирандық Араш секілді әлем білетін әншілерді танымал еткен олардың хит әндері болатын. Ендеше неге біздің Димашқа өз тілінде жаңа бағыттағы, әлем тыңдайтын ерекше әндер жазбасқа? Расында бізде Димаштың талантына сай ән жазып бере алатын ҰЛТТЫҢ НАМЫСТЫ КОМПОЗИТОРЛАРЫ ЖОҚ ПА? Түсіне білген композиторларға Димаш Құдайберген – құдайдың бере салған сыйы емес пе? Керемет ән жазсаң, әлемге сол сәтінде алып шығатын әнші тұрғанда, біздің композиторлардың үнсіздігі қалай? Әлемге танылған әндер дегенде есімізге түсетін әншілер мен композиторлар жоқ емес. Кезінде Роза Рымбаеваны әлемге алып шыққан композиторлар болып еді ғой! Роза 1977 жылы Болгарияда өткен «Золотой Орфей» фестивалі мен 1986 жылы Түркияда өткен «Алтын микрофон» ән сайысында бас жүлде алғанда, Сейдолла Бәйтереков, Кеңес Дүйсекеев  width= секілді композиторларымыздың әндерін орындап, шашасына шаң жұқтырмай – аламанның алдында келген жоқ па еді? Қазір сол дәстүр үзіліп қалды дегенге кім сенеді? Мың жерден әнші болғанымен әншінің талантын ашып, оның мүмкіндігін көрсетуге үлкен әсері тиетін – композиторлар. Бұрын орысша әндерімен ғана танылып жүрген Батырхан Шүкеновке «Сағым дүние», «Отан-Ана» атты екі тамаша ән жазып беріп, оны қазақтың төл әншісіне айналдырып жіберген композитор Қуат Шілдебаев емес пе еді?  width= Ол әндерді Батырханның орындауында өзге жұрттың өкілдері де сүйсіне тыңдамаушы ма еді? Сол сияқты, небір керемет конкурстық әндер жазып, талай әншінің бағын ашқан композитор Бейбіт Оралұлы ағамыздың да  width= Димаштың диапазонына лайық, хит болатын тамаша ән жазу қолынан келмейді деп кім айтады? Құрметті, өзін қазақтың талантты, намысты, профессионал композиторымын деп санайтын азаматтар! Көз алдымызда болып жатқан құбылыстың – Құбылыс екеніне мән берейік те. Димаш секілді әнші ғасырда бір тууы қиын. Ол – бізге берген Алланың сыйы, ол әнін әлемге танытам деген композиторларға керемет мүмкіндік. Сіздердің әндеріңіз әлемге танылса, күллі әлем «Қазақ деген қандай талантты халық» деп таңданып, тамсанып жатса – ұлтымызға абырой, рухымызға мерей емес пе? Димаш өз күші, өз талантымен әлемді мойындатты, енді өзімен бірге халқын да мойындату жолында тер төгіп жатыр. Қазақ әні жаһанды жалт қаратып, сенің шынымен де ұлы халықтың ұрпағы екеніңді танысын десеңіздер – ән жазыңыздар. Өз елінің композиторлары қолдамай, өзгенің әнінің мерейін өсіріп жүрген Димаштай дарынды ұлымыздың қазақ перзенті ретінде әрдайым еңсесі биік болсын десеңіздер – ән жазыңыздар! Ұлт композиторлары ұяла білсе, арманымыз орындалады деп сенгіміз келеді. Ахмет ӨМІРЗАҚ