Билеттің «жыры» бітпей, жолаушының мұңы бітпес

Билеттің «жыры» бітпей, жолаушының мұңы бітпес

Билеттің «жыры» бітпей, жолаушының мұңы бітпес
ашық дереккөзі
Әдетте жаз маусымы таяса, билет іздеп, сабылып жүргендерді жиі кездестіреміз. Ал мереке күндері жұрт теміржол кассаларынан «билет бар ма?» деп те сұрамайды. Себебі, еститін жауап біреу – «билет жоқ». Тіпті, тура сол күні емес, бірер апта бұрын іздесе де, емге таппайды. Сонда жаз мезгілінде көбейіп жатқан пойыз бен вагон санының не пайдасы бар? Бір қызығы, теміржол вокзалына бас сұқсаң, «Қайда жол жүресіз? Билет керек пе?» деген алыпсатарлар жаныңнан табыла кетеді. Ол ол ма, қанша билет керек десең де, тауып беруге әзір. Ал бағасын сұрасаңыз, айды аспанға бір-ақ шығарады. Үстеме бағамен билет сататындардың жолын кес-кестейтін амал қарастырамыз дегелі қашан? Алайда, қандай іс-шара қолданылып жатқанын қайдам, алыпсатарлардың тайраңдағаны – сол тайраңдау. Таяуда Семей қаласында тұратын туыстарымыз жол апатына түсіп, қайғылы жағдайға тап болды. Біз де дереу билет іздеп, теміржол кассасына асықтық. Билет жоқ. Әйтеуір ертесіне отырып баратын вагонға билет табылды. Онда да бағасы арзан емес. 5 мың теңге. Ал 23 сағат бір орында қақиып отыруды елестете беріңіз. Білуімізше, кеңестік кезеңнен бері кенеттен болатын жағдайларды ескеріп, қосымша билет қоры сақталған екен. Өзі де қайғы жұтқан адамға билет іздеп, шарқ ұру да оңай емес. Осы үрдіс қазір неге жүйелі түрде жолға қойылмаған? Бүгінде барлық теміржол билетін сататын кассалар, сайттар мен терминалдар «АСУ-Экспресс» жүйесіне қосылған. Бұл ресейлік сервис (Бағдарлама Кеңес Одағы кезінде жасалған) арқылы кеңес кеңістігіндегі  елдерде билет алу-сату жүзеге асырылады. Билетті қайтарған кезде бос орынға «АСУ-Экспресс» жүйесімен билет сатып алуға мүмкіндік туады. Ал алыпсатарлар осы ұрымтал сәтті тиімді пайдаланады. Олар алдын ала бір топқа немесе жолаушыға билет сатып алады. «Жәрдемшілер» вокзалда клиенттер іздеп, олармен бағасын (тиісті бағадан жоғарыға) келіседі. Сөйтіп, алдын ала сатып алған билетін қайтарып, билет нақты жолаушыға ресімделеді. Ол үшін екі кассир ымыраласады. Біріншісі, билетті қайтарған бойда екінші кассир қағып алып, босаған орынға жаңа жолаушыны ресімдейді. Мұны барлық кассада жасауға болады. Көптеген адамдар барлық теміржол кассалары «Жолаушылар тасымалы» АҚ қарамағында деп есептейді. Бұған дейін «Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілінің айтуынша, Қазақстанда 4,5 мың теміржол кассасы бар. Олардың тек 208-і ғана «Жолаушылар тасымалы» АҚ қарамағында. Мәселен, Астана-1 вокзалындағы 29 кассаның 7-еуі «Жолаушылар тасымалы» АҚ қарауында болса, қалған 22-сі жеке компаниялардың меншігінде. Жолаушылар агенті болып қызмет атқару үшін теміржол билетін сатуға кез келген заңды тұлға қарапайым талаптарды орындаса жеткілікті. Мұндай жолаушылар агенттіктері (Жолаушылар тасымалы» АҚ, «Түрксіб-Астана» ЖШС, «Жолаушылар тасымалы» «Тұран Экспресс» ЖШС, «Марал Нұр» ЖШС, «Арлан Транс» ЖШС, «Сұңқар-1» ЖШС, «Nomads» ЖШС) тасымалдаушы компаниялармен олардың билетін вокзал аумағындағы өз кассалары арқылы немесе вокзал аумағынан тыс жерде сайт арқылы сатуға келісім жасасады. Қазіргі кезде тасымалдаушылар өз мәселесін өз күштерімен шешуге ынталы. Мәселен, билет қайтару комиссиясы 1000 теңгеге өсті. Билетті алып сатудан «жәрдемшілер» арқылы орындалған билет ақысы мұны толығымен жабады. Бұл өте жоғары үстемеақы. Яғни, алыпсатарлар тасымалдаушы компанияға билеттің комиссиясын да жауып билетпен қамтамасыз етеді. Соңында тасымалдаушының бірқатар билеттері сатылмай қалып, пойыз вагондары  бос орындарымен кетеді. Бұдан тасымалдаушы компания зардап шегуі әбден мүмкін. Делдалдың айы оңынан туған заман Бұл мәселенің көтеріліп жүргені бүгін ғана емес. Қаншама жолаушыны титықтатып, діттеген жеріне жеткізбеген түйткіл көпшілікті алаңдатқаны рас. Тіпті, бұл жөнінде былтыр Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арнайы мониторингтік топтармен бірге акция да ұйымдастырған. Агенттік қызметкерлері осы шараның барысында билетсіз жүрудің бағасы ресми бағадан 50 пайызға дейін асатындығына көз жеткізген. Мәселен, билет құны 5 мың теңгелік бағыттарға жолсеріктер жолаушыларды 10 мың теңгеге заңсыз тасымалдап келген. Мониторингтік топ, сонымен қатар делдалдық қызметке пойыз жолсеріктерінің қатысы барлығын анықтаған. Бұл мәліметтердің барлығы қоғам өкілдерінің жасырын бейнежазбаларымен нақтыланғанын ескеру керек. Агенттіктің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Данияр Бауыржановтың айтуынша, арнайы акция еліміздің аумағын тұтас қамтыған. «Билет сатылымымен вокзалдың күзетшілерінен бастап белгісіз тұлғаларға дейін айналысып отыр. Олардың қолындағы билетті кассалардан да, билет сатудың онлайн қызметінен де таба алмайсыз. Осы мәселеге Агенттік араласқан соң Алматыда жол жүру құжаттары пайда бола бастады. Жинақталған деректерді саралай келе, үш мәселеге назар аударып отырмыз» деген ол. Біріншіден, билетті кассалардан тыс сату заңсыз болғандығына қарамастан, қат билеттерді делдалдар ашықтан-ашық, еш қымсынбастан, еш тайсалмастан сатуда. Бұл заңсыз сауданың әбден жүйеленгеніне дәлел. Екіншіден, тасымалдаушылар билетті делдалдар арқылы сату техникалық тұрғыда мүмкін еместігіне сендіруге тырысқанымен, күнделікті сол алыпсатарларға жеке куәлігіңізді берсеңіз, керек бағытқа билетті он минутта әкеліп алақаныңызға салады. Ол билет кассада жоқ. Бұған байланысты да түбегейлі шешім қажет. Үшіншіден, пойызға мінуде әрбір жолаушының куәлігі талап етіледі. Ал жолсеріктердің пойызға билетсіз мінушілерден құжат талап етіп жатқандығын байқамайсыз. Бүгінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жылына 18 млн жолаушы тасымалдайды екен. «Жолаушылар тасымалы» АҚ вице-президенті Данияр Нұрмағанбетов: «Делдалдардың қолындағы билеттердің пайда болуына күн сайын еліміздің аумағындағы барлық пойыздарда күштік құрылымдарға және мемлекеттік органдарға сақталатын 1500-1700 брондалған билеттер себеп болып отыр. Біз олардың санын азайтуды соңғы бес жылда үнемі сұрап келеміз. Іс жүзінде сол брондалған билеттердің 80 пайызы қолданылмайды. Ол билеттер пойыздың жүру уақытына 24 сағаттан 6 сағатқа дейін сақталады. Кейін сатылымға шығарылады» дейді. Алайда, сол брондалған билеттер неге өз иелеріне сатылмайды? Ендеше, қоғам белсенділері мен финполиция өкілдері кінәратты басқа жерден іздеу керек. Негізінен бронға министрлік және ведомстволар басшылары тапсырыс береді. Мәселен, ІІМ басшысы пойызбен бір жерге бара қоймас және де ол өз басы билеттерді таратпайтыны да түсінікті. Мұнымен аумақтық бөлімшелер – желілік полиция, көлік прокуратурасы, ұлттық қауіпсіздік департаменті, тағысын тағы орган басшылары айналысады. Демек, кеңестік кезеңнен келе жатқан бронь – бұл көлеңкелі нарықты толықтырып отырудың бір тәсілі. Алайда, полицияда, прокуратура да, қаржы полициясы да бұл толықтыруды жою бастамасын көтерген емес. Бір айта кетерлігі, арнайы рейд жүрсе, тек пойыз бастықтары мен жолсеріктері ғана жазаланады, сонда акционерлік қоғамның жоғары лауазымды басшыларының бұған титтей де қатысы жоқ па? Теміржол саласындағы мұндай бассыздықты жоюға құзырлы орындардың өзі дәрменсіз сияқты.  Пойыз билеті – 53 мың! Әсіресе, билеттің тапшылығы жаңа жыл, Наурыз мейрамы қарсаңында қатты білінеді. Биыл да жаңа жыл қарсаңында теміржол билеттерінің бағасы күрт қымбаттады. Тіпті, шектен шықты десек артық емес. Кей бағыттағы билеттердің алды 60 мың теңгеге жетті. Бұл қалта қағу емес пе?! Компания өкілдерінің айтуынша, коммерциялық теміржол бағыттарының бағасын қалай қойса да өздері біледі. Билет құнын өсіре отырып, өз шығындарын жауып, жыртығын жамайтын көрінеді. Бірақ билет қымбаттады екен деп, толық жаңарып біткен вагонды көрген жоқпыз. Жаз болса терезесі ашылмайды, қыс болса жабылмайды.  Сыртынан терезесі көрінбейтін қырық құрсау вагондар әлі қолданыста жүр. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме. Мәселен, Астана-Шымкент бағытындағы пойызға билет іздеген жолаушы Перизат Ермаханқызы әншейінде 10 мың теңге тұратын билеттің жаңа жыл қарсаңында 40 мың теңгеге қымбаттап кеткенін айтады. «Декреттегі анамын. Негізі пойызбен біз сияқты қарапайым адамдар жүреді ғой. Бұл дегеніңіз халықтың қалтасын тонау емес пе?! Сондықтан «Қазақстан темір жолы» ойына келген бағаны қоюын қалай және немен түсіндіреді?» деген ашынып. Ең сорақысы, жаңа жыл алдында Астана-Қызылорда бағытындағы пойыздың билеті 53 мың теңгеге, Астанадан Оралға 64 мың теңгеге шарықтап кетті. Мұндайда «Жолаушы тасымалы» АҚ өкілдері билетті 45 күн бұрын алсаңыз ғана ақша үнемдей аласыз дейді мазақ еткендей. Ал өмірін бір, бір жарым ай бұрын жоспарлай алмайтындар қайтпек?  Азаматтардың шағымы қашан ескеріледі? Жалпы, теміржол саласында халықты толғандыратын мәселе бір бұл ғана емес. Мәселен, былтыр жыл басынан бері азаматтардан 2 жарым мыңнан астам арыз-шағым келіп түссе, басым бөлігінде сервистік қызметтің нашарлығы мен вагондардың ескілігі алға тартылған. Осыған орай, алдағы 10 жылда еліміздің темір жолдарында жүретін мыңға тарта вагон жаңартылады деп күтіліп отыр. Тәуелсіздік алған жылдары 2,5 мың шақырым жаңа теміржол салынды. ТМД елдері бойынша теміржол құрылысының осындай қарқынмен жүргізіліп жатқанын құлағымыз шала қойған жоқ. Дегенмен, біздің территориямыздың үлкендігін ескерсек, теміржол жүйелері ғана емес, жолаушы және жүк вагондарының жетіспеушілік мәселесі туындап жатады. Демек, сұраныс бар деген сөз. Ал заманауи вагондар өз елімізде неге көптеп шығарылмайды? Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму экс-министрі Жеңіс Қасымбек:  «Қазақстан Республикасының аумағында жүк вагондарын шығаратын 2 зауыт бар, оның біреуі Павлодар облысындағы «Қазақстанның вагон құрастыратын компаниясы» және екіншісі Солтүстік Қазақстан облысындағы «ЗИКСТО» акционерлік қоғамы. Олардың жобалық қуаты жылына 3000 бірлік жүк вагонын құрайды. Сонымен қатар, 2011 жылдың желтоқсанында Астана қаласында жылына 150 вагон жобалық қуатымен «Тұлпар-Тальго» жылдам жолаушылар вагондарын шығаратын жоба жүзеге асырылды. Осылайша, бүгінгі күні «Қазақстанның вагон құрастыратын компаниясы» серіктестігі шамамен 5 мың жүк вагонын шығарды. Соның ішінде «ЗИСКТО» АҚ зауыты шамамен 1,5 мың бірлікті шығарса, шығарылған өнім толығымен еліміздің ішкі нарығына қызмет етуге кірісіп кетті. Сонымен бірге «Тұлпар-Тальго» зауыты қазақстандық нарыққа 436 жолаушы вагонын пайдалануға енгізгеннен бастап, жаңа вагондармен қызмет көрсететін 12 жаңа жылдам маршруты ашылды. Жаңа вагонды сатып алуды несиелеу немесе лизинг кезінде пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау механизмін енгізуді қарастырдық. Міне, осындай ауқымды шаралар арқылы жолаушылар вагондары тапшылығы мәселесін шеше аламыз» деген еді. PS Қазір еліміздің аумағында 52 әлеуметтік, 16 коммерциялық бағыттағы пойыз бар. Үкімет өзі қаржыландыратын осы 52 пойыздағы жолақыны ғана реттей алады. Ал коммерциялық 16 бағыттағы пойыздардың қожайындары жеке пайдасына қарай билет құнын қаласа түсіреді, қаламаса қымбаттата салады. Инвестициялар және даму министрлігінің хабарлауынша, нарықта 4700-ден астам билет кассалары жұмыс істейді. Соның ішінде мемлекеттік («Жолаушылар тасымалы» АҚ-на тиесілісі) 238. Демек, бұдан өзгесі ойға келген бағаны қоя береді деген сөз. Алайда, жолаушы қалаған бағытына дер кезінде билет таппаса, онда пойыз бен вагон санының артқаны кімге керек? 

Динара Мыңжасарқызы