Жаңалықтар

Министр көпбалалы аналармен кездесті

ашық дереккөзі

Министр көпбалалы аналармен кездесті

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Нұр-Сұлтан қаласында көпбалалы аналармен кездесті. Кездесу барысында көпбалалы аналарға мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат берілді. Көпбалалы аналар «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында тұрғын үй жағдайын жақсарту, жалпы білім беру қоры аясындағы қолдау, санаторлық-курорттық емдеу, медициналық қызмет көрсету, соның ішінде стоматологиялық қызмет көрсету және басқа да мемлекеттік қолдау шараларын алу туралы сұрақтар қойған. Еңбек министрлігі ведомство құзыретіне кіретін мәселелерді шешуді жеке бақылауға алды. Ағымдағы жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда «Алтын алқа» және «Күміс алқамен», «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған, бұрын «Батыр ана» атағын алған 235 мыңнан астам көпбалалы ана бар. Оның 4787-сі Нұр-Сұлтан қаласында тұрады екен. Әкімдіктердің мәліметінше, 2019 жылы 287 мың бала мектептерде тегін тамақпен, 553 мың адам тегін жол жүрумен, 219 мың оқушы мектеп формасымен және керек-жарақтармен, 30 мыңға жуық бала балабақшаларда орынмен қамтамасыз етіледі, 186 мың бала лагерьге жолдама алады, 460 мыңнан астам адам бір жолғы көмек алады, 5 мың АӘК алушы жұмыспен қамтылады, 5 мың адам тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы баспана жағдайын жақсартады. Жалпы әлеуметтік көмектің барлық түрлерімен 83,1 млрд теңгеге 821 мың адамды қамту жоспарлануда.