16 Мамыр, 15:58 108 0 Жаңалықтар "Түркістан" газетінің авторлары

Жұмахан ӘБДІҚАДІРОВ: ӨНЕР АДАМЫНА ЖАРАТУШЫБАСҚАША БІР ӘЛЕМ СЫЙЛАҒАН

Мұң аңқыған күрсініс өзегіңді өртеп, көмейіңді тілгілейді.

Ауырлығы қорғасындай алапат ойдың ішінде сенделткен ширек ғасыр! Ол мұны тағдырдың жазуы дейді. Бәлкім, солай да шығар. Соқпақты сын мен бұралаң жолдары бар, салмақты жүк пен жауапкершілікке толы өнер өлкесінде жүрген Жұмаханды пешенесі осынша жыл иіріміне алды.

Бұрындары нұр шашып тұратын отты жанары шау тартып, ойлы тұңғиыққа айналған ба?! Өзегін өрттей жалмаған ой мен әлгі өкініш самайдағы шаштың да әрін алып, бурылдана түскен. Алайда, қапсағай денелі, жуан білекті, зор тұлғалы «Батыр Баян» қалпынан шөге қоймапты. Қайсарлығы болса керек. Өзіндегі үмітпен ертеңгі таңнан сәуле күтеді. Сол үміті өзіне үкілі! Әлі-ақ аяғынан тік тұрып, үзеңгіге табан тіреріне, сол өнердің бір пұшпағын илеуін жалғастыратынына сенімді.

Жуырда ғана көне Тараз шаһарында тұратын актер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жұмахан ӘБДІҚАДІРОВПЕН тілдескен едік. Өнер өлкесінің белді өкілімен амандық-саулықтан кейін, әңгімеміз әріден бастау алған.

– Жұмахан аға, азабы мен ләззаты мол, қиындығы мен машақаты маңдайдан асатын өнер өлкесіне қалай келдіңіз?

– Менің туған жерім кие мен құт дарыған, таланттар мен дарындарға қанат қақтырған қасиетті Қаратау өлкесі ғой. Алайда, әкем де, шешем де қарапайым шаруалар. Анам мұғалім болған екен. Әкем жағынан да, анам жағынан да өнер адамдары болмаған. Шынын айту керек. Біреулер «Маған өнер киесі нағашымнан дарыған, атамнан дарыған, пәленшемнен дарыған» деп айтып жатады ғой. Бірақ анамның аздап, ауыл-аймақ арасындағы той-томалақтарда ән айтып, домбыра шертетіні бар көрінеді. Ол кісі мен ес білмей өмірден озып кетіп еді, сондықтан өмірімдегі аяулы жан жайлы ағайындардың, әкемнің аузынан ғана естідік қой.

Негізі, о баста, мектеп қабырғасын тәмамдаған жылы әр түрлі армандадық. Біреу дәрігер, біреу инженер, біреу басқа мамандық иесі болуды мақсат тұтты. Мен ұшқыш болуды қалаған едім. Бірақ бір досым «Әртістің оқуына бар, әртістің өмірі қызық, ел алдында жүреді, айналасы толған сұлу қыздар, жүрген жерің думан-той» деп, қалжыңдай отырып, ой тастады. Ол кезде бәріміз де солай ойладық. Өнер жолының ауыр екенін ол кезде қайдан білейік.

Ауылымыздан арманымызды арқалап 4-5 жігіт Алматыға жол тарттық. Өзіміздің өлкеден ұшқан Тұңғышбай ағамыз сол шақта Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясы театр факультетінің актер бөлімінде үшінші курста оқиды. Біз алып-ұшып сол Тұңғышбай ағамызға барамыз ғой, «Аға, әртіс болайық деп едік» деп. Ағамыз күліп, өнер жолының ауыр екенін, қиын екенін айтып, «Сендер өзі ойландыңдар ма, толғандыңдар ма жақсылап?», – дейді ғой.

Біздің қолымыздан не ән айту, не домбыра тарту келмейді, «Өй, аға, үйренеміз», – дейміз басымызды төмен салбыратқан күйі.

Содан не керек, ағамыз бізді апарды да Асқар Тоқпановпен таныстырды. Талпынысымыздың, бойдағы сол өнердің ұшқынының арқасында әупірімдеп жүріп, тиісті конкурстардан өтіп, консерваторияның студенті атандық. Сөйтіп алғашқы курста-ақ Асқар Тоқпанов ағамыздың курсына түстім, сонымен бірге сол ағамыздың туған қызы Зейнеп Асқарқызынан да тәлімді дәрістер алдым. Басқа да жауапты пәндерден өнердегі белгілі актерлерден тәлім алып, төрт жыл студенттік өміріміз өтті.

Оқу орнын тәмамдаған соң, осы Жамбыл облыстық драма театрына жолдамамен келіп, 1976 жылдан жол апатына түскенге дейін, яғни 1994 жылға дейін сол қара шаңырақта еңбек еттім.

– Сізді әлі күнге көрермендеріңіз Жұмахан Әбдіқадыров емес, «Батыр Баян» деп таниды. Тіпті, мен де осы сұхбатқа батырмен ой бөлісіп, сырлассам деп дайындалдым іштей. Осыншалықты болмысыңызға сіңген Баян бейнесі сізге қалай бұйырды?

– Кейде актерлердің оң жамбасына келе қалатын рөлдер болады. Егер сол образды сәтті сомдап шықса, ол төлқұжатына айналып, мәртебенің өсуіне, кеңінен танылуға ықпал етеді. Әрине, ол бірақ оңай емес, үлкен еңбекпен келетін дүние. Оның үстіне көп шаруа ұжымға, қасыңдағы әріптестерге де байланысты. Мүмкін сондай қажеттіліктің бәрі ымдасып-жымдасып, сәтті үйлескендіктен шығар, жұрт мені сол киноға түскелі бері «Батыр Баян» атап кетті.

Одан бұрын да біраз киноларда негізгі кейіпкерлерді сомдадым. Смағұл Елубаевтың сонау ашаршылық нәубеті хақындағы «Ақ боз үй» романының желісі бойынша түсірілген режиссер Дамир Манабайдың «Сұрапыл Сұржекей» фильмінде негізгі кейіпкерлердің бірін алып шықтым. Түсірілім жұмыстары Маңғыстау өңірінде өткен сол фильмде Халық әртісі Нұрмұхан Жантөринмен бірге еңбектендім.

Осы жерде менің «Батыр Баян» фильмінде басты рөлді сомдауыма, қазақ киносы тарихында есімімнің қалуына себепкер болған бір азаматқа жүрекжарды алғысымды айтуға тиіспін. Ол – менен кейін Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның актер бөлімін аяқтаған, содан кейін Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрында жемісті еңбек еткен, өмірінің соңына дейін қазіргі Түркістан облыстық телерадио компаниясында режиссер қызметін атқарған білікті маман Арыстан Отарбаев. Кейін, 1993 жылы Алматыға шақырту алдым. «Батыр Баян» киносына іріктеу жүріп жатыр екен. Ол кезде кинобайқау дейтін, бұрынғы еңбектеріммен таныс шығармашылық топ жетекшілері мені Баян батырдың бейнесіне бекітіп қойыпты. Режиссер Исламбек Тәуекеловпен де сол жерде таныстым.

Кинодағы інім Ноян мен қалмақ қызының рөліне лайықты өнер иелері таңдалған соң, көп ұзамай Көкшетау өңірінде, Бурабай баурайында түсірілім басталып, бар-жоғы үш айда кино көрерменге жол тартып кетті.

– Айтпақшы, бұл киноға түспей тұрып, сценарий желісіне арқау болған ақын Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын оқып па едіңіз?

– Жоқ. Мен – өтірік айта алмайтын адаммын. Бұл бұрын мен оқыған поэмам емес-тұғын. Тіпті, Мағжан Жұмабаевтың кім екенін де әлсін-әлсін ғана білетінмін. Оның себебі де бар. Біздің шағымызда Алаш арыстарының шығармалары түгілі, аттары да аталмайтын. Аталғанның өзінде «халық жауы» ретінде еміс-еміс есімдері естілетін. Содан шығар, олар туралы не мектеп бағдарламасында, не институт оқулықтарында деректер кездеспеген. Тек егемендігімізге қол жеткізгеннен кейін ғана біртуар асылдарымыздың тарихи болмыс-бейнелерімен қауыша бастадық қой.

– Жұмахан аға, кино саласында да, театр саласында да ойнап келесіз. Рөлдеріңіз өнерсүйер жұртшылықтың есінде. Жаныңызға театр жақын ба, әлде кино жақын ба?

– Енді... актер болғаннан кейін екі саланы да бөліп, жарғым келмейді. Себебі, екеуі де маған жақын. Екеуінде де актер ойнайды. Сондықтан мен үшін екі саланың орны бірдей. Бірақ екеуін бір өнердің бір арнасынан демесек, егіз ұғым деп кесіп айтуға болмайды. Қиыспайтын тұстары бар. Театрда бір рөл аяғына дейін бір темппен, бір сезіммен ойналады. Ол қойылымды екінші мәрте сахналағанда алдыңғы қателіктеріңді түзеуге де мүмкіндік бар. Кейбіреулер тіпті түрлендіріп ойнауға тырысып жатады. Ал камераның алдында өзіңді басқаша сезінесің. Театрдағыдай әр ойнаған сайын образды көрерменге әртүрлі екпінмен жеткізуге мүмкіндік жоқ. Бір эпизод пленкада сол күйі сақталады. Оны өзгерте алмайсың. Кейін пленкадан көріп отырып «Әттеген-ай» дейтін жерлерді байқағанмен, «Қолымды мезгілінен кеш сермедімнің» кері болады.

Десек те, екеуі де үлкен төзімділік пен шеберлікті қажет етеді. Кино саласында тез танымал болуға мүмкіндік мол.

Осы орайда айтқым келетіні, бүгінде кез келген қаймана қазақ өнердің есігін именбей ашатын болды. Театр мен киноға үш қайнаса сорпасы қосылмаса да. Олар қандай образды болмасын өз деңгейінде алып шыға алады деп айта алмаймын. Ол артист емес. Себебі, сахнаның шеберлігін оқымаған, тілін меңгермеген.

Шәкен Айманов ағамыздың кезінде түсірілген киноларда ойнаған актерлардың барлығы театрдың актерлары ғой, бәрі өнерді түсінетін жандар. Содан кейін ол туындылар көрерменнің жадында, тарих парақтарының бетінде сақталды. Заманынан өз бағасын алды, керек жерінде суырылып шықты да.

Тағы бір айта кететін дүние, кез келген өнер адамы негізгі рөл мен эпизодтық рөлді бөле жармайды. Кішкентай образ болса да соның ішіне кіріп, бар ақылын, есін, сезімін, энергиясын, күш-қуатын сарп ету мықты актерге тән қасиет деп білемін. Өйткені, кішкентай образ болмайды, кішкентай актер болады.

– Сөздің реті келгенде, «Өнер адамы қандай болу керек?» деген сауалға да жауап бере кетсеңіз...

– Өнер адамы да халықтың арасынан шыққан. Олардың басқалардан бір айырмашылығы – ерекше бір қабілеті болады, кісілігі болады, өзіне тән мінезі, еркелігі болады. Оған Жаратушы басқаша бір әлем сыйлаған. Жан дүниесі де, табиғаты да, жүрегі де таза, әдемі.

Ол – халықтың адамы. Сондықтан біз идеал болуымыз керек, халықтан бір табан алда, яғни үлгі болып жүруге тиіспіз.

– Жұмахан аға, соғыстан кейінгі жылдары бір спектакльдің әсерінен залдағы жауынгер сахнадағы актерді атып тастаған дегенді естігенбіз. Бұл театрдағы қойылымның өз көрерменін өмірге сүйіндіріп немесе түңілдіріп жіберердей құдіретке ие екенін аңғартады. Бүгінгі қазақ театрлары сол үдеден шығып жүр ме?

– Қазақ театрларының құрылғанына бір ғасырдай ғана уақыт болса да, көп жетістіктерге жетіп үлгерді. Өркениеті дамыған Еуропа елдерімен салыстырғанда, біреулер айтып жүргендей, қалып кеткен ештеңеміз жоқ. Біз көбіне орыс мектебінен тәлім алып, солардың жүйесімен жүрдік. Десе де, бүгінгі жастар жаңалыққа құмар, қазақ театрына жаңа леп алып келуге ұмтылуда.

Әр ұлттың өз рухы, көзқарасы болады, құрылғанына ғасыр толмаса да, қазақ театрлары басқалар жасай алмайтын бөлек образдар арқылы өзінің болмысын айқындай білді. Біз үнемі театр туралы айтқанда кемшіліктерді тізбектеуге құмармыз. Жоқ, олай емес, тиісінше, жетістіктер мен жемісті жұмыстарды да марқайып айту керек. Біз шетелдік классикаларды өз ойымызбен жеткізуде де шеберлік танытып, театр өнерінде айтарымыз бар екенін аңғарттық.

Бір өкініштісі, қазір заманауи театр, дәстүрлі театр деген ұғым пайда болып келе жатыр. Меніңше бұлай бөле-жара қараған дұрыс емес. «Шоу» деген нәрсе санамызды сансыратып бітті. Керек десеңіз, «эстрада әншісі», «дәстүрлі әнші» деген теңеулер мен үшін қисынсыз. Жаяу Мұса, Біржан салды, тіпті бертіндегі Әмірені алсақ, олар өз заманының қандай әншісі болды екен деген ой келеді. Әнші ол қашан да әнші, сол атқа дарынымен де, даралығымен де лайық болуы керек. Құдай талант берсе, оны олай орынсыз жіліктеуге болмайды. Кем талант «жұлдыздар» жайлы әңгіме басқа.

– «Армансыз адам болмайды», өміріңіздің өкінішті тұстары бар ма? Жалпы, қазіргі ахуалыңыздан да хабардар етсеңіз...

– Не сұрағың келгенін түсіндім. Енді... Қалай десем... 1994 жылы жол апатына ұшырадым ғой, «Батыр Баянға» түскеннен кейін көп уақыт өтпей. Содан бері тұп-тура жиырма бес жыл өтіпті. Менің «Қап, әттеген-ай!», – дейтінім сол. Жасайтын көп (!) істерім бар еді... Енді тағдыр ғой... Ешкімді де кінәлай алмаймын. Кейде мұны Тәңірдің басыма салған сынағы ма деп ойлаймын. Тіпті, түсіндіріп, ақтарып айта алмаймын да!.. Өкінгеннен не пайда?! Бірақ шамам келгенше жұмыс істедім. 2-3 фильмге түсіп, спектакльдерде ойнадым дегендей...

Ал жақсы секілдімін. Денсаулықты айтып болмайсың. Бірде ауырып, бірде сау боп өмір өтіп жатыр. Театрдан кетіп, Тараздың шетіндегі автотұрақтардың бірінде қарауыл болып жүрдім. Сахнаға да оралып көрдім. Бірақ омыртқа мен жұлын зақымданған соң, қайтадан икемге келе қоймады екен. Дәрігерлерге қаралып, емшіге де бардым. Бұл туралы кезінде республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында көп мақала шықты. Бірнеше рет ота жасаттым. Жағдайымнан хабардар болған Елбасы пәрмен беріп, Тұңғыш Президент қоры қажетті қаражатты аударды. Сол арқылы Германиядағы білікті дәрігерлердің қолымен соңғы отамды өткердім. Содан бері жағдайым бір қалыпты. Аяқтан тұрып кетуім уақыттың еншісінде көрінеді. Әзірге қыздарым алып берген мүгедектерге арналған арбамен қозғаламын. Жаттығу жасап, жиі қимылдауды әдетке айналдырғанмын. Бір жағынан жасқа да байланысты ма деймін. Жас болсам тез бітіп кетер ме еді... Ал мен алпыс бестен де асып барамын.

Жаңа «Өкінішіңіз бар ма?» деп сұрадың, өмір өкініштен құралса, онда ол адамның өмірінде өзгеге үлгі боларлықтай ештеңе жоқ, зая кеткені. Мен өзімді ондайлардың қатарына қоспаймын. «Әттеген-ай» дейтін кездерім жоқ емес... Әйтсе де, осы күніме деген шүкіршілік аузымнан бір түскен емес. Түспейді де!..

Сөзімнің соңында бір назымды білдіре кетсем, артық болмас деп ойлаймын. Қазір үйден ұзап шығу қиынға соғып кетті. Өңірімізге келгелі көптеген өзгерістер жасап, көне шаһарды барынша түрлендірген облыс әкімі Асқар Исабекұлына көлік жағынан жәрдемдессеңіз деп өтініш-хат жазған болатынмын. Аймақ басшысы мәдениет саласы ардагерінің бір тілегін жерге тастамас деген үмітім зор.

– Әлбетте, Асқар Мырзахметовтің көмек қолын созатынына біз де сенім білдіреміз. Әсерлі әңгімеңізге рахмет, аға! Аман жүріңіз!

 

Сұхбаттасқан Асхат РАЙҚҰЛ

Соңғы жаңалықтар