Рахима Нұриден: Халықаралық журналистер қат болып тұр

Рахима Нұриден: Халықаралық журналистер қат болып тұр

Рахима Нұриден: Халықаралық журналистер қат болып тұр
ашық дереккөзі

Рахима апайды журналистика саласында жүрген орта буын өкілдері мен жастар жағы жақсы таниды. Журфак қабырғасындағы жас әріптестерін кәсіби біліктілікке үндейтін жанашыр ұстаз білгенін студенттерімен бөлісуге дайын тұрады. Бірнеше жыл шет елде қызмет атқарған тәжірибелі тәлімгер ол жақтағы жағдайы жақсы болса да, Атамекенін қимай, елге қайтып оралды. Бүгінде алпыстың асқар шыңын бағындырған Рахима Нұриден Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры. Рахима Шәріпқызымен өткізілген бүгінгі сұхбат қазақ журналистерінің әлемдік деңгейде жұмыс істеуі, кәсіби шеберлікті шыңдау, ақпараттық технологияларды жетік меңгеру, айтылған сыннан нәтиже шығару т.б. күрделі мәселелер туралы.

«Ізденсең, мүмкіндік мол»

– Рахима апай, сіздіңше, қазір елімізде халықаралық деңгейдегі журналис­тер дайындаудағы басты қиындықтар қандай? – Бұдан біраз уақыт бұрын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде «халықаралық журналистика» мамандығы ашылғанда, «әлемдік деңгейде мәселе қозғай алатын қалам иелерін дайындаймыз» деген ойдың болғаны рас. Факультет ұжымы шетелдердегі өз әріптестерімен жақсы қарым-қатынастарға қол жеткізіп, тәжірибе алмасуды жолға қойған еді. Кейбір пәндер ағылшынша оқытылып, шетелдік оқытушылармен қатар, кезінде дипломат болып қызмет істеген мамандар да жұмысқа тартылды. Ағылшын тіліне сағаттар көбірек бөлінді. Кейіннен осы мамандық жабылып, қазірге дейін өз шешімін таппай келеді. Мүмкін содан бері жалғасып келе жатса, қазіргі күні біраз тәжірибе жинақталып қалар ма еді? Қазір университеттерде халықаралық деңгейде журналистер дайындалып жатқан жоқ. Бірақ ондай мамандардың қажеттілігі қатты сезіліп отыр. «Халықаралық журналистика» мамандығын ҚР Ғылым және білім министрлігі мамандықтар классификаторынан алып тастағанымен, журналист мамандарды дайындайтын ЖОО өздерінше қарекет жасай бастады. Мысалы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналис­тика және саясаттану факультеті тіл білетін студенттерді курс бойынша топтастырып, кейбір пәндер ағылшынша оқытылады. Шетел ғалымдары дәрістер оқиды, тренингтер өткізеді. Студенттерге жарты жылға басқа елге барып оқып келуге жағдай жасалған. Ал, магистранттар мен оқытушылар тағылымдамадан өте алады. Мұның барлығы да «білсем» деген адамға пайдалы болмақ. Біздің есеміз сол өткен жылдарға кетіп отыр. Дер кезінде қолға алсақ, қазір әлемнің кез келген нүктесінен өз журналистеріміз репортаж жүргізген болар еді. Қазір ізденген адамға мүмкіндік мол. Ең бастысы – тіл үйрену. Бұл күндері студенттер арасында шет тілдеріне ұмтылушылық өте жоғары. Түрік, ағылшын, корей, қытай тілдерін меңгеруге талпынып жүрген болашақ журналистер баршылық. Ал халықаралық дәрежедегі журналист сол тілде сөйлеп қана емес, жаза да білуі тиіс.Ол үшін арнайы мамандандыру қажет. Шетелде жұмыс істейтін журналистің соған сай мәртебесі мен дәрежесі болуы талап етіледі. Сондықтан ҚР Ғылым және білім министрлігі мамандықтар классификаторынан алып тастаған «Халықаралық журналистика» мамандығын қайта қалпына келтірудің уақыты жетті. Оның қажеттілігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. – Бүгінде шет елдерде тәжірибе алмасуға қазақ журналистері қанша­лықты дайын? – Қазақ журналистері үшін шет елдерге барып, тәжірибе алмасу қазір қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Жедел тілдік курстардан өтіп, дайындалып барса, журналистер алмайтын қамал жоқ. Сақа журналистер шет тіліне шорқақ болғанымен, көрген-білгені көп, ал жас журналистердің тәжірибесі аз болғанымен жаңа технологияға жетік, оның үстіне сөйлеу машығы бар. Аз уақыт қиналғанымен қатарға қосылып кететіндігіне күмән келтірмеймін. «Иран журналистикасынан үйренеріміз көп» – Сіз біраз уақыт Иранда қызмет еттіңіз. «Әр елдің салты басқа» дегенмен, журналистикасы қалай? Ирандағы үдерістер, журналиске қойылатын басты талаптар өзгеше ме? – Негізі 32 тілде хабар тарататын бұл бірлестіктің миссиясы ерекше. Дәстүрлі ақпараттар берумен қатар парсы әдебиетін, Иран тарихын, Ислам дінін насихаттау. Сол отыз екі тілде хабар тарататын редакцияларда басқа ұлттың, басқа діннің өкілдері де қызмет етеді. Бірақ хабарларында исламдық көзқарасты ұстанады. Әлемдік журналистикадағы үдерістерді қолданады. Иранның діни көсемі Аятолла Хомейнидің артына қалдырған өсиеттері мен афоризмдерінде сөз бостандығы мен пікір еркіндігіне мол мән берілген. «Қаламды халықтың кәдесіне жаратсаңдар, қарудың қажеті жоқ», «бұқараны оятатын қалам пайдалы», «өз қаламдарың мен шешендіктеріңді Исламды жетілдіруге, ел мен халық үшін пайдаланыңдар» деген сияқты ғақлиялары молынан кездеседі. Радио мен теледидардың да тәрбиешілік қызмет атқаруын қалаған пікірлері бар. Мен Иран Ислам республикасының халықаралық телерадиобірлестігінің қазақша хабар тарату редакциясында қызмет істедім. Мұндағы қызметкерлерден қазақ және парсы тілін білу талап етіледі.Олардың барлығы парсы тілін жақсы білгенімен, бірінде жергілікті, екіншісінде орысша оқыған қазақтың кедір-бұдыр тілдік қолданыстары аудармаға кесірін тигізіпті. Соны реттеу үшін қазақ тілін жақсы білетін және журналист деп мені қызметке шақырды. Шынын айту керек, маманға деген сый-құрметтері айтуға тұрарлық. Жұмысқа арнаулы таксимен апарып, алып келеді. Пәтер жалдайды, тұрақты істейтіндер жатақханамен, үймен қамтамасыз етіледі. Жанында балалар бақшасы, ауруханасы, асханасы, спорттық орындары бар. Көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Әйелдерге деген құрмет ерекше. Сырт көзге бүркеніп жүргенімен, нағыз еркіндік соларда. Әсіресе, орта жастағы әйел адамдарды ана ретінде, қызметкер ретінде бағалай біледі. Менің журналистикадағы тәжірибемді бағалап, маған барлық жағдайды жасады. Тіпті, бала-шағамды көшіріп алдыруға дейін барды. Бірақ «өзге елде сұлтан болғанша, өз елімде ұлтан болайын» деп оралдым.

«Журналистика – билік емес, дәнекер»

– Қазіргі қазақ журналистерінің кәсіби білігін арттырудың тиімді жолдары қандай? – Қазір журналистика конвергенцияланып барады. Бұрынғыдай газетші қаламмен, радиотілші репортермен, тележурналист камерамен ғана шектелмейді. Қазіргі журналист әмбебап болуы үшін осы құрал-жабдықтардың бәрінің тілін меңгеруі тиіс. Барлық БАҚ-тың сайттары бар.Көпшілігі электронды нұсқаға көшіп жатыр Осындай бәсекелестікке төтеп беруі үшін журналист өз біліміне ғана сене алады. – «БАҚ – төртінші билік» деген сөзге қалай қарайсыз? Қазір БАҚ-тың қоғамдағы рөлі мен ықпалы қаншалықты? – Алдындағы үш биліктің аузына қараумен келе жатқандықтан, осы сөзді онша ұнатпаймын. Әйтеуір билік пен халықтың арасына дәнекер бола алады.Өзі айта алмаса да, депутаттың аузына сөз салып, аузының дуасы бар өтімді адамға айтқызып, қоғамның проблемаларын шешуге тырысады. Десек те қоғамда ролі мен орны бар. Елдегі тыныштық, ауызбіршілікке шақыру, діни сауат ашуға ықпал жасап келеді. – Қаншама жылдан бері ұстаздық етіп келесіз. Сіздіңше, жас журналис­тер жіберетін басты қателіктер қандай? – Журналистиканы жеңіл-желпі мамандық санайтындар қателеседі. Сен журналистиканы емес, журналистика сені таңдайды. Сондықтан оның осал жаңғақ еместігін білмей, тек романтика іздеген адам не кете алмай, не жете алмай әуре-сарсаңға түседі. Айтатыны аузына түспей, жазатыны іштен шықпай қиналады. Журналистика жазу өнері. Ол адамға тумысынан беріледі. Мұндай қасиет болмаса, басқа мамандық таңдау керек. Қазіргі журналистердің басты қателігі – ізденістерінің аздығы, бар сүйенері – Интернет, өз хабарынан басқаның хабарын тыңдамайды, қарамайды, газет оқымайды. – Елбасы былтыр Бодрумдағы Түркі кеңесінің саммитінде түбі бір түркіге ортақ ақпараттық кеңістікті қалыптастыруды ұсынды. Осы ұсынысты орындаудың алғышарттарын атасаңыз? – Бізде халықаралық ақпараттық кеңістік қалыптасқан. Ал, түбі бір түркі тектес ақпараттық кеңістік әлі жоқ. Бір-бірімізді білмейміз. Кеңестік кезеңде көршілес түркі елдерімен телехабарлар алмасулар болып тұратын. Қазір ондай алмасулар жоқ. Ортақ телеарна қажет. Түркі тілдес журналистердің халықаралық орталығы болса. Мұндай орталық осы елдердің ақпарат саласында ортақ ой-пікір қалыптастыру мақсатында түрлі жиындар өткізіп, өзара іс-қимылдарға қол жеткізеді. – Түркі журналистерінің бүгінгі бірлігін қалай бағалайсыз? – Оң бағалаймын. «Түбі бір түркі» деген сөз енді ғана емес, әлмисақтан айтылып келе жатыр. Демек, біздің туыстығымыз, бірлігіміз аты жоқ атамзамандардан үзілмей келе жатқан, көзге көрінбейтін жібек тіні бар ғажап құбылыс. Қазір әдебиетте, өнерде, мәдениетте жақындасу процестері жүріп жатыр, оны тіпті дәлелдеудің де қажеті жоқ. Бірін-бірі тілмашсыз-ақ түсінісіп, бірінде жоқты екіншісі толықтырып тұратын мұндай тұтастықты әрі қарай дамытып, насихаттау үшін журналистердің бірлігі мен ынтымағы ауадай қажет. ЖаҺандану кезеңінде басқалардан жұғатын қатыгездік, имансыздық, тағы да басқа жаман дағдыларға бірлесе отырып қарсы тұруға болады. – Қынжылтатын жайт, қазір біздегі журналистер атына сын жиі айтылатын болды. Бұған не себеп? – Ол әсіресе, теледидардағы журналистерге көп қатысты. Қазір жұрттың бәрі – көрермен.Телесериалдан кейін бір тұщымды хабар көрейін десе, телешоу бас­талады. Одан қалды тілін төсеп сөйлейтін тілші, сақау емес, бірақ сөзі түсініксіз жас журналистің репортажы сияқты болып кете береді. Бұрынғы қалыптасқан «телевизиялық мектеп» жоқ. Қазір теледидардан жасамыс адамды көрмейсің, олар оның «сынын» бұзады. Сондықтан жастарға жөн сілтеп отыратын аға ұрпақ өкілдері де болса, сын түзелер еді. Тұшымды, талдамалы хабарлар, комментарилер көп болса, көрермен сүйсінер еді. Тіл жұтаңдығы, сөйлеу мәдениеті, сұрақ қоя білу өнері жетіспейді. Әрине, ондай журналистер жоқ емес, бар, бірақ солар қызметке алынбайды, олардың орнына басқа «форматтағы» мамандар келеді. Мамандық бойынша қызметке алу, таңдау, іріктеу, қабілетін байқау сияқты параметрлер ескерілмей, тек «сырты жылтырағандарды» жұмысқа алу опа бермесі анық. – Еңбегіңіз жана берсін. Әңгімеңізге рахмет!