16 Мамыр, 15:32 555 0 Білгенге маржан "Түркістан" газетінің авторлары

ЖҮРГЕНОВ ЖҮРІП ӨТКЕН ЖОЛДЫҢ БЕЙМӘЛІМ ТҰСТАРЫ

1964-1965 жылдардан бастап, қоғам және мемлекет қайраткері, есімі Орта Азияға белгілі Темірбек Қараұлы Жүргеновті ауыз әдеби мұраларды зерттеуші, ғалым Мардан Байділдаев, тарих ғылымдарының докторы Рамазан Сүлейменов, содан кейін осы жолдардың авторы зерттеп, жүргеновтануға зор үлес қосты. Кейіннен жүргеновтанушылар көбейді. Осы зерттеулерде Т.Жүргеновтің өмір жолы, ол атқарған қызметтер, жазған мақалалары жайлы айтылып, жазылып келгендіктен қайталап жазбай, көпшілік оқырмандар ғана емес, тіпті жүргеновтанушылардың өздері біле бермейтін бірсыпыра қыры мен сырларын қысқаша баяндап өтпекпін.

Т.Жүргенов те ет пен теріден жаралған адам ғой. 1919 жылы «Көңтөбеде» отырған әкесінің үйіне келіп, замандастары Ысмахан, Ысқақ, Кіребайлармен әңгіме дүкен құрады. Ол сол кезде Ырғыздағы шағын милиция отрядын басқарады екен. Ет үстінде жіліктегі асықты алу үшін Ысмаханмен ағаш сапты бәкіге таласқан оқиғасын сол дастарқанда Т.Жүргеновпен бірге болған әкем Майлыбай Бекбергенов 1960-1961 жылдары айтқан-ды. Бұл оның туған ауылына келгесін балалығы ұстап кеткенін көрсетеді.

Екінші бір әңгімені Темкеңнің немере ағасы Нұржан Жұдырықов айтқан еді. Ол кісі қай жылы екенін ұмытыпты. «...Теміршеге Ырғыздың Жағалбайлы руының байы (әрі би) Қалинұрдың қызын айттырып қойған болатын. Бірақ Қара көкесіне хат жазып, арнайы адам жіберіп, әкелер уәдесін бұздырды!» – деген.

Үшінші бір дерек көзінде 1921 жылдың 25 желтоқсан күні Ырғыз уезі басқару комитетінің Орынборға уездің өкілі болып барған Т.Жүргеновті атқару комитетімен келіспей қамағанына қарсылық білдіріп комитетке Ырғыз атқару комитетінің төрағасы Тойбазаров орталыққа телеграмма жіберген. Ол телеграмма 1921 жылдың 26 желтоқсанда тіркелгені жөнінде белгі қойылған.

Төртінші дерек – құжатта: 1922 жылы Орынбор облыстық партия комитеті Ә.Жангелдинмен бірге Т.Жүргеновті Адай округіне НКВД қызметке жіберуге шешім қабылдады. Алайда Т.Жүргенов өзінің денсаулығына байланысты бара алмайтынын және дәрігер А.В.Райбштейннің 1922 жылдың қарашасында берген анықтамасын да ұсынады.

Облыстық партия комитеті мен партиялық комиссия мүшелері одан Адай округына баруды талап етеді. Алайда олар дұрыс шешім шығармағаннан кейін Т.Жүргенов 1922 жылдың 16 қарашасындағы және 4 желтоқсандағы арызымен өзін партия қатарынан шыққан деп есептеуін сұрайды.

1922 жылдың 8 желтоқсанында Орынбор қаласында «Т.Жүргеновтің партиялық қылмыстық ісі» арнайы қаралады. «РКП(б)-ның мүшесі Т.Жүргеновтің партия мүшелігінен шығу туралы арызына сәйкес оны өзінен-өзі шыққан деп есептелсін», – деп қаулы қабылдайды. Бұдан қоғам және мемлекет қайраткері болған Т.Жүргеновтің сол тұста-ақ большевиктер партиясына ықыласының төмен болғандығын аңғарамыз.

1924 жылдың 24 ақпанында Ташкент қаласынан Орынбордағы қазақ орталық атқару комитетіне Түркістан республикасындағы қазақ өкілі Т.Жүргеновтің баяндамасынан көп нәрсені оқып, біле аламыз. Маңыздылығы сол Түркістан Республикасындағы сол тұстағы саяси-әлеуметтік жағдайдың, ондағы адамдардың Түркістан Республикасында алда жүргізілетін межелеуге деген түрлі көзқарастар мен пікірлер жайлы өз пайымдауларын және Ташкенттің Қазақстан Республикасымен қосылуына айырықша мырзашөлдіктердің қарсылығын жазған. Сондай-ақ, Т.Жүргенов уақытша болса да Ташкент қаласының Қазақстанға қосылуы – үлкен саяси, экономикалық жағдайды жақсартатынын да сөз еткен.

Осы жазба мәлімдеме негізінде Т.Жүргенов кейіннен «Орта Азия мен Қазақстанды ұлттық-территориялық жағынан межелеу» атты еңбегін баспасөзде жариялады.

Белгілі тұлғалардың белгісіз, беймәлім сырлары мен қырларын жаза отырып, жүргеновтанушылардың жаңа тобына Т.Жүргеновті алғаш зерттеп, зерделеген зерттеушілердің еңбегін сыйлай отырып, өздерінің жазбаларында олардың еңбектерін пайдаланғанда сілтеме жасау қажеттігін есіне саламыз. Көп орайда 2000 жылдан бері құрастырылған бірсыпыра кітаптарда бұрынғы зерттеушілердің жазғандарының басым көпшілігі еш жерде сілтеме жасалмаған.

 

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,

ҚР Мәдениет қайраткері,

жазушы, «Құрмет» орденінің иегері

Тэгтер жүргенов

Соңғы жаңалықтар