16 Мамыр, 15:22 200 0 Білгенге маржан "Түркістан" газетінің авторлары

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК ИНДЕКСІ – МАҢЫЗДЫ ЖҮЙЕ

Дүниежүзілік экономикалық форум 2018-2019 жылдарға арналған жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің жыл сайынғы рейтингісін өткен жылдың 17 қазан күні ресми түрде жариялады. ДЭФ жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің есептеріне сәйкес Қазақстан 140 елдің ішінде 59-орын алған еді. Бұл 2017 жылғы орналасуға сәйкес келеді. 12 бәсекеге қабілеттілік факторының бес факторы бойынша жақсы нәтиже көрсетілген. Олар «Институттар» (+12), «Тауарлар нарығы» (+10), «Инфрақұрылым» (+3), «Еңбек нарығы» (+3), «Қаржылық жүйе» (+2). Үш фактор бойынша жайғасым өзгерген жоқ – «АКТ», «Нарық көлемі» және «Инновациялық әлеует». Сонымен қатар, Қазақстан 2017 жылмен салыстырғанда өз жайғасымын 0,7 ұпайға жақсарта отырып, 61,8 ұпай жинақтады. Бұл Колумбия, Түркия, Перу тәрізді елдерді басып озуға мүмкіндік берді.

Сол кезеңдегі Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов Қазақстан әлем бойынша корпоративтік басқару саласындағы акционерлердің құқығы, тарату және қайта құрылымдау рәсімдеріне қолданылатын құқықтық базаның баламалылығы мен тұтастығы, электрлендіру дәрежесі (электрлендіруге қолжетімділік) параметрлері бойынша бірінші орын алғанын атап өткен болатын.

Бұдан өзге, Қазақстан бизнес ашу құны бойынша жетінші орында және мүдделер қайшылығын реттеу бойынша 11-орынға жайғасты. Экс министр Тимур Сүлейменов: «Көптеген факторлар бойынша Қазақстан аймақтағы елдерден және табысы салыстырмалы деңгейдегі елдерден озық тұрғанын айрықша атап өткен жөн. Табысы бірдей дерлік деңгейдегі елдермен салыстырғанда Қазақстан «Макроэкономикалық тұрақтылық», «АКТ», «Еңбек нарығы», «Нарық көлемі», «Білім және дағдылар», «Бизнестің қарқындылығы» факторлары бойынша жоғары көрсеткішке ие», – деген еді.

«Институттар», «Инфрақұрылым», «Тауарлар нарығы» факторлары бойынша Қазақстанның орташа көрсеткіштері ұқсас елдердің орташа көрсеткішімен тең. ТМД елдерімен салыстырғанда, Қазақстан «АКТ», «Макроэкономикалық тұрақтылық», «Еңбек нарығы», «Нарық көлемі» және «Бизнестің қарқындылығы» факторлары бойынша бәсекелестік артықшылықтарға ие. Қалған факторлар бойынша Қазақстанның көрсеткіштері орташа алғанда ТМД елдерінің көрсеткіштерімен тең. Жалпы алғанда, Дүниежүзілік экономикалық форум Қазақстанды «Еңбек нарығы» – 30 орын және «Бизнестің қарқындылығы» – 37 орын секілді факторлар бойынша бәсекелестік артықшылыққа ие деп белгіледі.

«АКТ» (44), «Нарық көлемі» (45), «Білім және дағдылар» (57), «Тауарлар нарығы» (57), «Институттар» (61), «Макроэкономикалық тұрақтылық» (62) және «Инфрақұрылым» (69) факторлары орташа деңгейде бағаланды.

Бір айта кетерлігі, Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің соңғы рейтингісі жаңа формат бойынша есептелді, ол 70 пайыз жаңа индикаторлардан тұрады. Бұл жайында мамандар жан-жақты пікір білдірді. Әдістемесі айтарлықтай өзгерген. Көрсеткіштер төмендеген кездер де бар. Мәселен, Әзірбайжан 33 болған болса, қазір – 69. Сондықтан да бұрынғы әдістемемен тікелей салыстыруға келмейді. Есептер мүлдем басқа базамен жүргізілген. ДЭФ жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің әдістемесі сирек өзгереді. Мәселен алдыңғы әдістеме 14 жыл бойы өзгеріске ұшырамаған.

Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің рейтингісі 35 жылдан бері шығарылып келеді. Қазақстан рейтингке 2006 жылдан бері қатысады.

 «Түркістан-ақпарат»

Соңғы жаңалықтар