Қайрат САҚ: ЖУРНАЛИСТЕР ӘРКЕЗ ХАЛЫҚТЫҢ МҮДДЕСІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУІ ТИІС
Қайрат САҚ: ЖУРНАЛИСТЕР ӘРКЕЗ ХАЛЫҚТЫҢ МҮДДЕСІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУІ ТИІС
Қайрат САҚ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Журналистика және саясаттану факультетінің деканы,
Қазақстан Журналистика академиясының академигі
– Мамыр айының басында әлемде баспасөз бостандығы күні аталып өтіледі. 1991 жылғы мамырда Намибия астанасында барлық мемлекеттердің үкіметтерін баспасөз бостандығы мен оның демократиялылығын қамтамасыз етуге шақырған «Виндхук» декларациясына қол қойылған болатын. Сіз журналистика теориясын зерттеуші ғалым ретінде ұлттық баспасөздің еркіндігі жайлы салыстырмалы түрде әңгімелеп берсеңіз.
– Журналистикада сөз бостандығы, баспасөз еркіндігі өте маңызды. Бұл – қоғамның ақпараттық еркіндігінің нағыз кепілі. Сол себепті біз баспасөз бостандығын қамтамасыз етуіміз керек.
Әр нәрсенің мәні салыстыру арқылы ашылады. Кеңес заманында баспасөзге цензура болды. Патшалық Ресей кезіндегі ахуал да осындай еді. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін Ата заңымыздың 20-бабында цензураға тыйым салдық және әркімнің өзінің қалаған ақпаратын алуына құқық бердік. Яғни, біздің елімізде заң бойынша баспасөз еркіндігі қамтамасыз етілді. Бірақ оның жүзеге асуы өз деңгейінде деп айта алмаймыз. Оның бірінші себебі қоғамдық сананың өзгермеуімен байланысты деп ойлаймын. Яғни, Кеңес заманындағы сана тәуелсіздік кезеңінде де өзінің әмірін жүргізуде. Сананы өзгерту қиын, әбден жалтақ болып қалған сана бір күнде өзгеріп кете алмайды. Сондықтан, кезінде әбден таяқ жеген зиялылар қауымы әділін, шындығын айтуға келгенде қаймығады. Мұндай жағдайда адамдардың ішкі цензурасы жеңіп кетеді.
Екіншіден, баспасөздің еркіндігін қамтамасыз ету үшін журналистер экономикалық тәуелсіздікке ұмтылуы керек еді. Баспасөз экономикалық жағынан тәуелсіз болса, яғни, өзін-өзі қаржыландыра алса, оның тәуелсіз ақпарат беру мүмкіндігі артады. Қазір біздің елдегі ақпарат құралдарының басым бөлігі мемлекет бюджетінен, я болмаса жекелеген бай-бағыландар тарапынан қаржыландырылады. Сондықтан, экономикалық жағынан тәуелді болып тұр.
Дегенмен, салыстырмалы түрде айтсақ, Кеңес заманына қарағанда баспасөз бостандығы көш ілгері озды. Қазір әркімнің жеке пікірін айту мүмкіндігі артты. Баспасөздің меншік иелері өзгерді. Бұрын барлығы тек мемлекеттік меншіктегі баспасөз болса, қазір жеке меншіктегі баспасөз де көбейді. Әртүрлі партиялардың, қаржылық топтар мен қоғамдық ұйымдардың газет-журналдары бар. Осының өзі бізде баспасөз бостандығы бар екенін көрсетеді.
Мен негізі журналистиканы оппозициялық, мемлекеттік деп бөлуге қарсымын. Журналистика біртұтас болуы керек. Ол әркез халықтың мүддесіне қызмет етуі тиіс. Мемлекеттің мүддесін көздейтін баспасөз халық үшін қам жемейді деп айта алмаймыз. Оппозициялық баспасөз де солай болуға тиіс. Өкінішке қарай, бізде біржақтылық орын алатыны жасырын емес. Мемлекеттік баспасөз де халықтың ойындағы, көңіліндегі пікірді, сөзді айтуға міндетті. Оппозициялық деп жүрген баспасөзіміз де халықтың мүддесі тұрғысынан биліктің оң істерін де көрсетуі қажет. Журналистика қай заманда, қай кезеңде болса да халыққа қызмет ететін дербес әлеуметтік институт дейтініміз сондықтан. Журналистиканың мүддесі біреу: халыққа шынайы ақпарат таратып, халықтың ақпараттық сұранысын қамтамасыз ету.
– Сіз басқарып отырған білім ордасы, яғни ЕҰУ-дің Журналистика және саясаттану факультеті – Қазақстанда журналистер даярлайтын орталықтың бірі ғана емес, бірегейі. Толағай табыстарыңыз бар. Осы орайда, жетістеріңіздің сырын ашсаңыз. Сонымен бірге кейінгі кездері құлағымыз шалып жүрген «журналистерді арнайы оқытудың қажеті жоқ» деген пікірге БАҚ саласына кәсіби мамандар даярлап отырған жетекші ұжымның басшысы ретінде ойыңызды білгіміз келеді.
– Университетімізде журналистика мамандарын дайындау 1995 жылдан жүзеге аса бастағанымен, жеке дара факультет болып ашылғанына келесі жылы 10 жыл толады. Осы 10 жыл ішінде факультетіміз үлкен асулардан асып, биіктерді бағындыра алды. Қазір республикада ғана емес, ТМД елдерінде де журналист мамандарын даярлаудың бірегей орталығына айналды. Республикамызда маман дайындау бойынша сараптама жасайтын Тәуелсіз агенттіктердің рейтингісінде алдыңғы орындамыз. Бұл рейтингті жасауда тәуелсіз агенттіктердің сарапшылары әртүрлі критерийлерге мән береді. Соның ішінде факультет түлектерінің табысты жұмысқа орналасуына, олардың жетістіктеріне, материалдық-техникалық базамызға, профессор-оқытушылар құрамына, олардың сапасына қарайды. Одан бөлек академиялық ұтқырлық бойынша шетелде білім алып жатқан шәкірттеріміздің жетістіктері, сондай-ақ шетелден бізге келіп оқып жүрген білім алушылардың саны мен сапасы ескеріле отырып рейтинг жасалады. Міне, біз сол рейтингте бірінші орын алып жүрміз. Қазір факультетімізде 4 мамандық бойынша мамандар дайындаудамыз. Олар: журналистика, қоғаммен байланыс, баспа ісі және саясаттану мамандығы. Бұл мамандықтың қай-қайсысы туралы айтсақ та, ауызды құр шөппен сүртпейміз. Біздің факультеттен түлеп ұшқан білім алушыларымыз жұмысқа орналасу жағынан да жақсы көрсеткіш көрсетуде. Табысты жұмыс істеп, өздерін үлкен жетістіктерімен көрсетіп жатқан шәкірттеріміз көп.
Ал енді «журналистика мамандарын арнайы оқытудың қажеті жоқ» деген пікірге ойыссақ, онымен мүлде келіспеймін. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарын басқарып отырған, жетекші журналист болып жүргендердің дені журналистика факультетінде 4-5 жыл оқыған кәсіби мамандар. Журналистерді университеттерде арнайы даярлау қажеттігі дамыған елдердің өзінде баяғыда дәлелденген. Қазір әлемнің қай еліне барсаңыз да, жоғары оқу орындарында журналистика факультеттері бар екеніне көз жеткізесіз. Алпауыт ел саналатын Американың өзінде журналистер университеттерде даярланады. Батыс Еуропадағы дамыған елдерде де журналист кадрлары университеттерде арнайы оқытылатынын көріп жүрміз. Олар әбден зерттеп, журналистерді университеттерде даярлау қажеттігіне көз жеткізген.
Журналистердің мойнындағы жауапкершілік өте үлкен. Егер журналистер сол жауапкершілікті арқалап алып жүре алмаса, ол елде даму болмайды, ол елде әртүрлі қиыншылықтар туындайды. Сондықтан да, журналистерді университеттерде дайындау қажет. Ал «алуан түрлі курстар арқылы журналист дайындап аламыз» деу орынсыз. Курстар арқылы БАҚ техникасын үйретуге болар, бірақ білім көкжиегін кеңейту мүмкін емес. Ал журналист болу үшін білім мен интеллектің болуы аса маңызды. Содан кейін жауапкершілікті сезіне алатындай өзіндік көзқарас, өзіндік позиция керек. Оның бәрі терең білім арқылы келеді.
Біз басқалардың қателігінен сабақ алуымыз керек. Көршіміз Өзбекстанда жаңағыдай шикі пікірлердің салдарынан кезінде журналистика факультеттері жабылып, БАҚ мамандарын қысқа курстар арқылы даялау жүзеге асқан еді. Артынан оның қателік болғаны мойындалып, қазір қайтадан журналистика факультеттерін ашумен ғана шектелмей, арнайы журналистика академиясы құрылғанынан зиялы қауым хабардар. Яғни, журналистиканың қоғамдағы рөлінің өте жоғары екеніне көздері жетіп, журналист кадрларын дайындауға бей-жай қарамай, мемлекеттік тұрғыда ерекше назар аудару қажеттігін түсініп отыр деген сөз.
Көршілеріміз кезінде жіберілген қателіктерін түзетіп жатқан уақытта бізде әлгіндегідей пікір қалыптастырып жүргендердің ойлағаны не екенін түсіну қиын. Меніңше, осы пікірді қоздататындар журналистикада жүрген басқа саланың мамандары. Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет ететін басқа саланың мамандары көп. Осының өзі жетістік пе, кемшілік пе? Меніңше, үлкен кемшілік. Қазақта «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дейтін мақал бар. Мамандарымыз кәсіби болмаса, біз басқалармен қалай бәсекелесе аламыз? Отандық ақпарат құралдарының әлемдік бәсекеде ұтылып жатқанының бір себебі сол, елімізде журналистикада кім болса соның жүруімен байланысты деп санаймыз. Кәсіби маман болмағандықтан олардың бітіргенінен бүлдіргені көп. Сондықтан, БАҚ саласында арнайы дипломы бар кәсіби мамандар қызмет етсе, бәсекеге қабілеттілік артып, бұл еліміз үшін де, халқымыз үшін де пайдалы болар еді. Біздің көзқарасымыз осы.
– ЕҰУ соңғы жылдары магистрлар мен PhD докторлар даярлауға көбірек көңіл бөлуде. Осы орайда, өзіңіз басқарып отырған факультеттегі жас ғалымдар даярлау барысына тоқтала кетсеңіз. Қандай жетістіктер немесе қиындықтар бар?
– Елімізде білім саласы реформадан көз ашпай келеді. Сол реформалар аяғына дейін жетпей, нәтижесін көре алмай қор болудамыз. Біз үш баспалдақты оқу жүйесіне (бакалавр, магистратура, докторантура) көштік. Мұндағы басты мақсат – ғылымға бейімделген мамандарды шығару еді. Осы бағытта біз магистрлар мен PhD докторларды дайындаймыз. Бірақ ғылымға бөлініп жатқан қаражаттың тапшылығынан, ғылыми жобалардың жеткілікті қаржыландырылмауынан қиыншылықтар туындауда. Магистрант, докторанттардың көбі отбасылы. Олар өздерінің отбасының жағдайын да ойлаулары керек. Ал шәкіртақымен бір жанұяны асырау мүмкін емес. Сондықтан олар біржола ғылыммен айналысуға мүмкіндік ала алмай отыр. Егер ғылыми жобалар тиісті деңгейде қаржыландырылса, алаңсыз ғылыммен айналысуға мүмкіндік туар еді. Дегенмен, болашақта қазақ ғылымын дамытатын бүгінгі шәкірттеріміз екеніне сенемін. Сондықтан оларды ғылыми-теориялық құндылықтармен қаруландырумен бірге қолданбалы ғылыммен айналысуға бейімдеудеміз.
Біздегі бір артықшылық, облыстардағы мемлекеттік жоғары оқу орындарына солардың тапсырысымен кадр дайындаудамыз. Яғни, мақсатты жолдамамен келіп жатқан магистранттар, докторанттар бар. Олар үшжақты келісімшартпен білім алады. Бітіргеннен кейін біздің дипломымызбен өздерінің жоғары оқу орындарына барып, сол жерде 3-5 жыл қызмет етуге міндеттеледі. Осылайша біздің потенциалымыз басқа университеттерге кадр дайындау ісіне де пайдасын тигізуде.
Бүгінде елімізде ғылыми дәрежесі бар профессор-оқытушылар тапшылығы қатты сезілуде. Еліміздің барлық жоғары оқу орындарында ондай мамандарға сұраныс өте жоғары. Жергілікті жоғары оқу орындарын айтасыз, астаналық университеттердің өзінде ғылыми дәрежесі бар оқытушылар жетіспейді. Себебі ғылым кандидаты, ғылым докторы деген ғылыми дәреже алу үшін диссертация қорғайтын бұрынғы жүйе тоқтады. Қазір тек PhD докторантураны тәмамдап барып қана дицертация қорғау талабы енгізілді. Докторантураны тәмамдағандар түгел диссертацияларын қорғап, ғылыми дәреже алып үлгермей жатыр. Оның әртүрлі себептері бар. Басты қиындық – шетелдік «Scopus» базасындағы журналдарға ғылыми мақала жариялау. Онсыз елімізде диссертация қорғауға заң рұқсат етпейді. Бұл талап жаратылыстану, техника ғылымдары салалары үшін қажет шығар. Себебі математика, физика,химия т.б. барлық елде бірдей, оның жаңалығы бүкіл әлемге ортақ. Ал енді гуманитарлық, әлеуметтік ғылымдар саласындағы жаңалықтар әлемдік жаңалық бола алмайды. Ол ұлттық құндылықтарға негізделген. Сол себепті ондай тақырыпта жазылған ғылыми мақалаларды жариялауға әлгі «Scopus» базасына енген журнал редакциялары құлықсыз. Осы себепті ғылыми мақалалары жарияланбай қайтып келген докторанттарымыз не істерлерін білмей, сең соққан балықтай сенделіп жүр. Сондықтан ұлттық құндылықтарға негізделген білім бағдарламалары бойынша докторантарға отандық маңызды журналдарда жарияланған ғылыми мақалалары жеткілікті болса, диссертацияларын қорғауға мүмкіндік туғызылуы қажет деп санаймын. Бірақ ол «Ғылым туралы» заңмен бекітілгендіктен, қанша айтсақ та, заң өзгермей, шешім таппайтынын Парламент депутаттарына құлағдар еткіміз келеді.
– Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық байланысы жақсы. Журналистика және саясаттану факультеті студенттерінің шетелде білім алу мүмкіндіктері қаншалықты жолға қойылған?
– Біз қазір әлемдік білім кеңістігіне толық ендік. Бұл үдерістің бір артықшылығы – студенттеріміздің академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелде білім алуы. Аталған бағдарлама біздің факультетте толық қамтамасыз етіліп отыр. Әр семестр сайын ондаған білімгер (олардың ішінде бакалаврларымыз да, магистранттарымыз да бар) шетелдің жоғары оқу орындарында 1 семестр немесе 1 жыл оқып келуде. Ал докторанттарымызға 3 айлық ғылыми тағылымдаманы шетелде өту міндеттеледі. Оның қаражаты бюджеттен қарастырылған. Бұл жерде де шешуді қажет ететін бір мәселе бар. Докторанттарымыздың шетелдегі ғылыми тағылымдамалары зерттеп жүрген тақырыптарымен сәйкес келе бермейді. Мысалы, біз көбіне қазақ журналистикасының проблемаларына байланысты тақырыптар береміз. Шет мемлекеттерде қазақ журналистикасының проблемаларын зерттеп жүрген ғалым жоқ. Қазақ баспасөзі мен телевидение және ұлттық радио мәселелерін айшықтайтын материалдар да аз. Докторанттар 3 ай бойы шетелдік ғылыми кеңесшісінің тәжірибесін меңгергенімен, ғылыми тақырыбына сәйкес зерттеу жүргізуден алшақтап қалатыны өкінішті.
Мұндай тағылымдама жаратылыстану, техника саласы мамандықтары докторанттарына өте қажет шығар. Себебі олардың ғылыми нәтижелері лабороториялық зерттеу арқылы көрінеді. Ал біздегі оқу орындарында лабораториялық зерттеу жүргізетін мүмкіндіктер болмағандықтан, докторанттар шетелдің зертханаларында жұмыс істеп, оң нәтижеге қол жеткізуді. Ал журналистерге лабораториялық зерттеу жүргізудің қажеті шамалы. Сондықтан гуманитарлық, әлеуметтану ғылымдары бойынша тәлім алып жатқан докторанттарға өз елімізде де ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігін берсе, ғылымға көбірек пайдасын тигізер еді деп ойлаймын.
Жалпы, біздің магистранттарымыз бен докторанттарымыздың ғылыми жұмыстары қазір сапалы орындала бастады. Олардың диссертациялары өз уақытында аяқталып, қорғауға шығу талабы күшейтілді. Ал диссертация – ғылыми зерттеулердің нәтижесі екенін ұмытпауымыз керек.
– Студенттердің теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыра жүзеге асыру аса маңызды. Факультеттеріңізде осы мәселенің түйінін шешуге, яғни білім алушыларыңыздың тәжірибе жинақтауларына қай деңгейде көңіл бөліп отырсыздар?
– Біздің факультетте қай мамандық болсын теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға үлкен мүмкіндіктер жасалуда. Біріншіден, біз өзіміздің техникалық базамызды күшейтуге аса мән берудеміз. Бүгінде оқу-тәжірибелік 2 телестудия, 1 радиостудия білім алушыларымыздың игілігіне жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге, факультетімізде «Хабар» агенттігінің арнайы жабдықталған аудиториясы ашылған. Былтыр қазақ телевизиясының 60 жылдық мерейтойы аясында «Қазақстан» телерадиокорпорациясы да мамандандырылған аудиториясын факультетімізге сыйға тартты. Ол аудиторияларда студиялық сабақтар өткізілуде, сонымен бірге аталған агенттік пен телерадиокорпорацияға қарасты телеарналар мен радиоарналардың жетекші журналистері студенттерге арнап шеберлік сыныптарын тұрақты ұйымдастырып келеді. Студенттер білім ордамыздың айнасы – «Еуразия университеті» газетін шығаруға, басылымның арнайы студенттік бетін даярлауға атсалысу арқылы да тәжірибе жинақтауда. «Баспа ісінің» болашақ мамандары жыл сайын өздерінің оқу-тәжірибелік кітаптарын шығарып жүр. Кітаптың мәтінін дайындаудан бастап, беттеу, өңдеу, безендіру, типографиядан шығару процестерінің бәрін өздері атқарады. Осының бәрі – студенттеріміз үшін үлкен тәжірибе алаңы.
Сондай-ақ, факультетіміздің бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысы өте жоғары деңгейде десек, асыра айтқандық болмайды. Қазір еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде, ТМД елдеріне кең танылған «Фолиант» баспасында факультетіміздің «Баспасөз және баспа ісі» кафедрасының филиалы ашылған. Таяу болашақта «Теле-радио және қоғаммен байланыс» кафедрасының филиалын «Қазмедиа орталығы» АҚ мен «Хабар» агенттігінің базасында ашу бағытында ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Осының бәрі айналып келгенде тәжірибелік сабақтардың өндіріс орындарында өткізіліп, білім алушыларымыздың тәжірибе жинақтауларына жағдай туғызылғанының нақты дәлелі.
Біздің ең негізгі нәтижеміз – түлектеріміздің мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуы. Онда да табысты жұмысқа орналасуы маңызды. Елімізде жоғары оқу орындары түлектерінің жұмысқа орналасу мәселесі өте күрделі екені жасырын емес. Біздің саламызға қарата айтсақ, бұқаралық ақпарат құралдары редакциялары тәжірибелі мамандарды жұмысқа алғысы келеді. Ал оқуды жаңа бітірген жас маманда тәжірибе жоқ деп есептейді де, оларды қызметке алуға құлшыныс танытпайды. Осы себептен де біз әр курстың соңында шәкірттеріміздің өндірістік тәжірибеден өтулеріне аса мән береміз. Әр жылы жолдама берерде біз оларға: «өздеріңіздің болашақ жұмыс орындарыңыздың талап-тілегін біліп қайтумен бірге, тәжірибе барысында өздеріңіздің білімдеріңізді танытып, оқуыңызды аяқтағанда жұмысқа шақыратындай біліктілік көрсетіп қайтыңыздар» деген кеңесімізді айтудан жалықпаймыз.
Түлектеріміздің жұмысқа орналасуына мүдделі болғандықтан, сабақтан тыс уақытта олардың ақпарат құралдарында жұмыс істеуін де қолдаймыз. Бірақ ол сабақтарына кедергі келтірмеуін талап етеміз. Мына нәрсеге әрдайым баса көңіл қоюларын ескертіп отырамын. Өндіріс орындары студенттерді негізінен арзан жұмысшы күші ретінде пайдаланғысы келетінін несіне жасырайық. Көп жағдайда студенттерді сол мақсатта жұмысқа алады. Сондықтан мен оқу кезінде жұмысқа тұрғысы келетін шәкірттеріме: «Сіз қазір арзан жұмысшы күшісіз, ал оқуды аяқтағанда қымбат қызметкерге айналуыңыз маңызды. Ол үшін білім мен біліктілігіңізді артыруыңыз керек. Егер осы екеуі болмаса, оқу бітіргеннен кейін де арзан жұмыс күші болып қала бересіз. Ол бізді де, сізді де, ата-анаңызды да қанағаттандырмайды. Осыны әрдайым жадыңыздан шығармаңыз», – деп кеңес беремін. Шәкірттеріміз осыны ұмытпай, үздіксіз ізденіс жолында жүрсе, биік белестерді бағындыратынына еш күмәніміз жоқ.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Әсел ӘНУАРБЕК