Ардагерлерге құрмет көрсетілді
Ардагерлерге құрмет көрсетілді
Ардагерлерге құрмет көрсету – ұрпақ парызы. Бұл міндетті орындаудан «Nur Otan» партиясы да ешқашан тартынған емес. Партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы сөзімізге дәлел. Ал күні кеше Маңғыстау облысының әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ералы Тоғжанов соғыс және тыл ардагерлерінің шаңырағында болып, мерекемен құттықтады.
Батыс-Қазақстан облысының тумасы, бүгінде Маңғыстау өңірінде тұрып жатқан Қамқа Үмбеталина әскер қатарына 1942 жылы шақыртылған. Қазір 96 жаста. Ол ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде № 9 әуе әскерінің бірінші Қиыр Шығыс майданында ұшқыш болған. Елге оралған соң көп жылдар мұнай саласында еңбек етіп, абыройлы зейнетке шыққан.
Сондай-ақ, сұрапыл соғыс жылдары тылда еңбек еткен жандар ұмыт қалған емес. Оларға артылған жүк жеңіл болмады. Табын Оржанов – тыл ардагері. Болашақ ұрпаққа бейбіт ғұмыр сыйлаған Қамқа Үмбеталина мен Табын Оржановпен емен-жарқын әңгімелескен облыс басшысы өзінің жылы лебізін білдіруді ұмытпады. «Өскелең ұрпақ жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің ауызбірлігі мен ерлігі, ерекше табандылығы мен Отанға деген ыстық сезімінің арқасында Жеңіске қол жеткізгенімізді білуі тиіс», – деді әкім Ералы Тоғжанов.
Өз кезегінде, ардагерлер де естеліктерімен бөлісіп, ізгі тілектерін жеткізді.