Жаңалықтар

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ: КАНДИДАТТАР БӘСЕКЕСІ ҚЫЗА ТҮСТІ

ашық дереккөзі

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ: КАНДИДАТТАР БӘСЕКЕСІ ҚЫЗА ТҮСТІ

Елімізде кезектен тыс президент сайлауының өтуіне бір айдан аз уақыт қалды. Өткен аптаның сенбісінен үміткерлер сайлау алды үгіт-насихат шараларын бастап кетті. Ел тарихында алтыншы рет өткелі жатқан президент сайлауына жеті үміткер тіркелді. «Nur Otan» партиясы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды түрде бастады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабы құрылып, оған 190 мыңға жуық адам енді. Кандидаттың сенімді өкілі ретінде 19,5 мың адам тіркелді. Олардың құрамында табысты кәсіпкерлер, отандық эстрада және кино жұлдыздары, шығармашылық интеллигенция өкілдері, елімізге белгілі спортшылар мен мемлекет және қоғам қайраткерлері бар. Алдағы сайлау науқанының жаңалығы ретінде алғаш рет қоғамдық штабтың «TEAMQAZAQSTAN» жастар қанатының құрылғандығын айтуға болады. Бүгінде еліміз бойынша 227 қоғамдық штаб құрылды. Оның 17-сі – облыстық, 37-сі – қалалық және 173-і аудандық деңгейде жұмыс істеуде. ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ресми сайтында сайлауалды тұғырнамасын жария етті. Сабақтастық, Әділдік, Өрлеу атты үш бағыттан тұратын бағдарламада елдің ішкі және сыртқы саясатына, сондай-ақ, экономика және әлеуметтік саласына қатысты мәселелер толық қамтылған. Алғашқылардың бірі болып үгіт-насихат жоспарымен «Ауыл» партиясы бөлісті. Штаб басшысы Әли Бектаев арнайы баспасөз мәслихатында: «Республикалық қоғамдық штабтан бөлек, 17 аймақта 17 өңірлік штаб құрылған. Әрбір қала мен ауданда біздің өкілдеріміз жұмыс істейтін болады», – деді. Президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбеков өзінің сайлауалды тұғырнамасында: «Ауыл жастары арасындағы жұмыссыздықты ақпараттық-консультациялық қолдау көрсету және ауыл жастарын әлеуметтік тұрғын үй құрылысының ауқымын ұлғайту жолымен тұрғын үймен қамтамасыз етуді ұсынамын. Ауыл жастары қалаға кетпеуі үшін бар жағдай жасалуы тиіс», – деді. Одан бөлек агроөндірістік кешенді қарқынды дамытуға, экономиканың өзге де бағыттарының өсуіне назар аударды. Сондай-ақ, сайлау тұғырнамасында әлеуметтік саясат мәселесі де қамтылған. «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысынан кандидат болған Әміржан Қосановтың сайлауалды тұғырнамасы: «Саяси бостандықтар», «Ұлттық болмыс», «Сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі тәуелсіздік», «Жемқорлыққа жол жоқ», «Өркениетті әрі халықшыл экономика», «Бақуатты аймақтар – бақуатты мемлекет» атты 6 бөлімнен тұрады. Аталған құжатта кандидат халық ықыласына бөленіп, президенттікке сайланса ел дамуының тың тетіктері мен мемлекетте болатын жағымды өзгерістер көрсетілген. Ал Сәдібек Түгел сайлауалды бағдарламасын таныстыруды елорданың кіреберісіндегі Құлагер ескерткішінің жанында жиналған Нұр-Сұлтан қаласы мен Шортанды ауданының құрметті ақсақалдарымен кездесуден бастады. Ата жолымен үлкендерден бата алып, сайлау науқанына қызу кірісті. Биылғы жастар жылында жас буынның бос уақытын қалай өткізетіндігін көзімен көріп, оларға адамгершілік пен ізгілік жайлы, отансүйгіштік, елдік мәселесі тұрғысында сөз қозғағысы келген Сәдібек Түгел Елордада түнгі клубтарда өткізілген қоғамдық рейдке қатысты. ҚР кезектен тыс Президент сайлауына Қазақстан Коммунистік Халық партиясы атынан ұсынылған кандидат Жамбыл Ахметбековтің сайлауалды тұғырнамасы басты 5 бағыттан тұрады. Олар: «Батыстың ықпалы мен жалған құндылықтарынан бас тарту», «Барлық қашқын олигархтарды сотқа тарту», «Кедейлікпен күрес», «Көрші елдермен экономикалық интеграция», «Әділетті салық салуды енгізу». Олар елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыты мен ішкі және сыртқы саясатқа қатысты мәселелерді қамтиды. «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан ұсынылған Дания Еспаеваның сайлауалды тұғырнамасы: «Тұрақты даму негізі бәсекелестік және жаппай кәсіпкерлікпен айналысу», «Ұлттық тәуелсіздік», «Жемқорлықпен күрес және офшорсыздандыру» атты негізгі үш бағыттан тұрады. Онда еліміздің ішкі және сыртқы саясаты мен әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарына қатысты кандидаттың көзқарасы бейнеленген. Д.Еспаева кәсіпкерлікті жаппай дамытуға ден қойған. Ол өзінің сайлауалды үгіт науқанын еліміздегі ірі наубайханалардың бірі Алматыдағы «Ақсай-нан» ЖШС-нен бастады. Аманкелді Таспихов жосықсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруға, қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға, жұмысшылардың еңбек құқын қамтамасыз етуге, лайықты еңбекақының төленуіне, еңбек миграциясын реттеуге күш салғалы отыр. ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары қызу жүріп жатқанын айтады. «Президент диалог процесін дамыту бойынша әртүрлі бастамаларды көтеріп отыр. Бұл – ауқымды жұмыстардың тек басы деуге болады. Оның жаңа форматтары да көп болмақ. Сол себепті, саяси процесс өте белсенді түрде жүруде», – дейді Ерлан Қарин. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев кандидаттар арасында тікелей эфирде теледебат болатынын айтты. Кандидаттарға дауыс беру 9 маусым күні 20:00 аяқталып, Онан кейінгі 12 сағат ішінде сайлау қорытындысы белгілі болады.

«Түркістан-ақпарат»